Прокурор Салтанат Нүкенованың ұялы телефонындағы жазба, суреттерді жариялады

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр.

Куандык Бишимбаев
Фото: Онлайн-трансляциядан алынған скрин

Бүгінгі сот процесі марқұм Салтанат Нүкенованың ұялы телефонын зерттеуден басталды.

Прокурор WhatsApp желісіндегі С.Нүкенова мен Қ.Бишімбаевтың хат алмасу мәтінін жариялады. Оның ішінде аудио жазбалар да бар.

Бишімбаев марқұм Салтанаттың ұялы телефонында «Махаббатым» деген атпен сақталған екен.

Жазбалардың біріне тоқталсақ, 2023 жылдың 8 қарашасында Бишімбаев Салтанатқа былай деп жазады:

«Салта, сен маған дезодорантқа тапсырыс бермедің бе? Мен спорт залындамын, енді есіме түсті. Әдеттегідей ұмыттың ба?» - дейді Қ. Бишімбаев.

Оған Салтанат былай жауап береді:

«Тапсырыс бердім, жаным. Қазір әкеледі. Өткен жолы мен курьерге кейінірек тапсырыс бергім келген. Қазір беремін саған. Кешірші, өтінемін. Бүгін мен SMM бойынша тағы біраз жұмыс істедім. Сен әлі жолдасың ба?» - деп С. Нүкенова жауап қатқан.

Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.

1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді. 11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.

27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті. 29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап беріп, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы ұрыс-керістер қалай басталғаны туралы мәліметтер айтты және марқұмның бет-әлпеті көгерген сурет көрсетті.

1 сәуірдегі сот отырысында айыпталушы Қуандық Бишімбаев марқұм С. Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.

Сондай-ақ сот экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіндегі тараптарға әлеуметтік желіде пікір білдіруге тыйым салды.