«Qarmet» АҚ-дағы жаңа инвестор міндеттерін орындап жатыр ма

АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Qarmet» АҚ-дағы жаңа инвестор өзіне алған барлық міндеттемені қаншалық орындап жатқанына түсінік берді.

В Qarmet впервые установлен конвертер высшей пробы
Фото: Qarmet

«Былтырдың соңында Қарағанды металлургия зауытында басшылық ауысқаны белгілі. Жаңа инвестор („Qarmet“ АҚ) жыл басында өзіне белгілі бір міндеттемелер алды, соның ішінде комбинатты жаңғырту әрі дамыту, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету және экологиялық тұрақтандыру мәселелері ескерілген. Қазіргі кезде жаңа инвестор бүкіл металлургиялық комбинатты оңалту және жаңғырту бойынша ауқымды жұмысты атқарып жатыр. Компания басшылығы 2024-2028 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасын әзірледі. Стратегиялық бағдарламаның негізгі мақсаттарына еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік дивизиондардың жұмысын тұрақтандыру, қуаттылықты арттыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, болат пен көмір өндірісінің көлемін тиісінше алдағы бес жылда 5 млн және 9 млн тоннаға дейін ұлғайту, сондай-ақ өнім сапасын жақсарту кірді», — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомствоның ақпаратына қарағанда, еңбек қауіпсіздігі «Qarmet» АҚ үшін басым бағыт болып қала береді. 2024 жылы қауіпті өндірістік объектілерді зерттеу, тренингтер мен оқу-жаттығуларын өткізу бойынша іс-шаралар жоспарланып, 15 000-нан астам қызметкер даярлықтан өтті. 

«Экологиялық тұрақтандыру саласындағы маңызды қадам — „Qarmet“ АҚ-ның өндірістік процестерде табиғи газды пайдалануға көшуі, бұл өз кезегінде көмірқышқыл газы мен басқа да ластаушы заттардың шығарындыларын едәуір қысқартуға, сондай-ақ ЖЭО-2 және ЖЭО-ПВС-да жаңа қазандықтарды ауыстыру мен салуға, кокс-химия өндірісінде Кокс батареяларын жөндеуге және салуға мүмкіндік береді. Жалпы, „Qarmet“ АҚ міндеттемелерінің орындалуы ерекше бақылауда тұр», — деп аталып өткен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәліметінде. 

Естеріңізге сала кетейік, былтыр 28 қазан күні сағат 02:33–те «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. 

Желтоқсан айында «АрселорМиттал Теміртау» ресми түрде QARMET болып өзгерді. 

Сол кезде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жаңа инвестор қандай міндеттемелерді өз жауапкершілігіне алғанын айтты.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биыл Қазақстан халқына Жолдауында «Qarmet» металлургия комбинатындағы ахуал едәуір тұрақталғанын айтты. 

Соңғы жаңалықтар