Рекорд: Астанада бір мезетте 25 келіннің беташары өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада бір мезетте 25 келіннің беташар рәсімі өтті. Салтанат сарайында өткен тарихи оқиға КИнЭС рекордтар кітабына енгізілді.

Бастапқыда шараға 50 жұп қатысуы керек болған. Алайда ресми неке куәлігін алып үлгерген 25 жұп қана Салтанат сарайындағы тарихи оқиғаның кейіпкеріне айналды.
– 25 жұп та алдағы уақытта той өткізуді жоспарлап отырған біздің тұтынушыларымыз. Оларға хабарласып, Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енетіндерін, тарихта қалатындарын айтқаннан кейін бәрі оп-оңай келісті. Бұл – барлық әріптестерімізбен бірге ұйымдастырылған шара. Бәріміз КИнЭС рекордтар кітабына қалай енуге болатынын ақылдасып, осы шараны ұйымдастыруды шештік, – дейді Еркебұлан Шайқыстан.
Ал КИнЭС рекордтар кітабының ресми өкілі елімізде бұған дейін мұндай бағытта ешқандай рекордтық оқиға болмағанын айтады.
– Бүгін бізде жаңа рекорд тіркелді. Елордадағы Салтанат сарайында беташар ұйымдастырылып, 25 жұптың некесі қиылды. Біздің рекордтар кітабымызда бұған дейін беташарға қатысты рекордтық жағдайлар тіркелмеген, – дейді Әкежан Шыңғыс.
Тарихи сәттің кейіпкеріне айналған жас жұбайлар болса, неке қию сәтінде ерекше толқығандарын айтады.
– Қазір өте ерекше сезімде тұрмыз. Өйткені бұл – қайталанбас күндердің бірі. Бұл беташар жақсы өтті деген ойдамыз. Мұндай ұсыныс түскен кезде келісу қиындау болды. Соңында ойлана келе, екеуміз қатысатын болып шештік. Ал біздің салтанатты тойымыз тамыз айында өтеді, – дейді Қуаныш Кәдірбек пен Сымбат Нұрзілда.
Айта кетейік, бірер күн бұрын жүзуші Әділбек Мусин Қазақстан рекордын жаңартқан еді.
Ал қазақстандық әскери қызметші АҚШ-та өткен Best worrier байқауына қатысып 800 м қашықтыққа жүгіруден рекорд орнатты.