Салтанаттың өлімі: Бишімбаев жедел жәрдемге емес, балгерге хабарласқан
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен сот процесінде Қуандық Бишімбаев айыптаушылардың сұрағына жауап берді.
Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова Бишімбаевтан сол түні неге бірден жедел жәрдем қызметіне хабарласпағанын сұрады. Бұған дейін айыпталушы сасқанынан балгерге хабарласқанын айтқан болатын.
«Жедел жәрдемге хабарласпағаным үлкен қателігім болды. Ұйықтап жатыр деп ойладым», - деді Қ. Бишімбаев.
Бұдан кейін мемлекеттік айыптаушы Нүкенова қорылдап, түрлі дыбыстар шығара бастағанда неге шара қолданбағанын сұрады.
«Мен ұйықтап жатыр деп ойладым. Себебі, Салтанат тәулік бойы ұйықтап, қорылға басатын», - деді айыпталушы.
Десе де, Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді Салтанатқа қорылдап ұйықтау тән емес екенін айтып, айыпталушының сөзін жоққа шығарды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан сот процесі 8 сәуірде сағат 10.00-де жалғасады.
Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.
1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді. 11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.
27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті. 29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап беріп, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы ұрыс-керістер қалай басталғаны туралы мәліметтер айтты және марқұмның бет-әлпеті көгерген сурет көрсетті.
1 сәуірдегі сот отырысында айыпталушы Қуандық Бишімбаев марқұм С. Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.
Сондай-ақ сот экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіндегі тараптарға әлеуметтік желіде пікір білдіруге тыйым салды.