Шорт-тректен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір күміс, үш қола медаль алды

АСТАНА. KAZINFORM — Канаданың Калгари қаласында шорт-тректен жастар арасындағы әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін сәтті аяқталды.

Шорт-тректен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір күміс, үш қола медаль алды
Фото: Sports.kz

Батысқазақстандық шорттрекші Алина Әжіғалиева 1 мың метр қашықтықта өнер көрсетіп, қола медальді ел қоржынына салды.

Шорт-тректен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір күміс, үш қола медаль алды
Фото: Derek Loung - International Skating Union

Өзінің айтуынша, алдыңғы екі орын кореялық спортшыларға бұйырды. 

Алина Әжіғалиева өткен жылы Польшаның Гданьск қаласында қазақстандық қыздар арасынан алғаш рет жастар арасында әлем чемпионатында 1 500 метр қашықтықта күміс медальді олжалаған еді. 

— Әлемдік додада екінші рет жүлде алғаныма қуаныштымын. Жастар арасында әлем біріншілігі осымен аяқталды. 1 500 метр қашықтықта және эстафеталық жарыста да бақ сынадық. Енді 14-16 наурызда Қытай астанасы Бейжіңде ересектер арасында өтетін әлем чемпионатына қатысамын, — деді Kazinform тілшісіне халықаралық дәрежедегі спорт шебері А.Әжіғалиева.

Шорт-тректен БҚО құрамасының аға бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Максим Лозовойдың нақтылауынша, Калгаридегі әлем чемпионатында 40-тан астам елден 250-ден астам спортшы бақ сынады. 

А.Әжіғалиева жекелей қашықтықтан басқа эстафеталық сында да жүлдеге ілікті.
Қазақстан құрамасы 2 мың метрлік микстен қола жүлдені еншіледі. Ел намысын А.Әжіғалиевадан басқа Анастасия Галейчина (Қостанай), Зейнеп Құмарқан (ШҚО), Богдан Вехов, Дінмұхамедалдияр Тәжібай, Нұрлан Қайырбеков (бәрі де Астана) қорғады.
Қыздар командасы (А.Әжіғалиева, А.Галейчина, З.Құмарқан және қостанайлық Палина Амельчук) 3 мың метрлік эстафетада күміс жүлдегер атанды.

Сондай-ақ жігіттер құрамасы 3 мың метрлік эстафетада 3-орынға көтерілді. Мұнда Б.Вехов, Д. Тәжібай, Н.Қайырбековке қоса батысқазақстандық Мақсат Уәлиулла айдынға шықты.

Жастар арасындағы дүниежүзілік додаға Батыс Қазақстан облысынан Алина Әжіғалиева мен Мақсат Уәлиулла қатысып, үш қола, бір күміске қол созды. Батысқазақстандық спортшыларды Ерхат Құбашев, Данабек Хайыров және Максим Лозовой дайындады.

Айта кетелік, Алина Әжіғалиева 2005 жылы 8 қазанда Орал қаласында дүниеге келген. 
2023 жылы АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында қысқы универсиадада Қазақстан құрамасы сапында аралас эстафетада күміс жүлдеге қол жеткізді.

2024 жылы 6-8 желтоқсанда Бейжің қаласында өткен Әлемдік турда Қазақстан тарихында алғаш рет әйелдер құрамасы 3 мың метрлік эстафетада үшінші орынға ие болды. Қола медальдар алғандар арасында А.Әжіғалиева да бар.

Биыл қаңтарда Италияның Турин қаласында қысқы универсиадада құрамында А.Әжіғалиева бар Қазақстан құрамасы 2 мың метрлік қашықтықта аралас сында үздік үштіктен көрінді.

Алина Әжіғалиева Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің үшінші курсында оқиды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын шорт-трек шеберлері жаңа жетістіктерге жете ала ма, соны жазған болатынбыз.

Шорт-тректен Қазақстан құрамасы Әлемдік турда үздік үштікке ілікті.

Қысқы универсиадада Қазақстан құрамасы шорт-тректен қола жүлдені жеңіп алды.

 

Соңғы жаңалықтар