Сотталушы ауырып қалды: Хостелдегі өртке қатысты сот отырысы кейінге шегерілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 13 адам өлім құшқан хостелдегі өртке қатысты сот отырысы келесі аптаға қалдырылды.

суд
Фото: Freepik

— Сотталушы ауырып қалды. Сол себепті, хостелдегі өртке қатысты сот отырысы 12 маусым таңғы сағат 10:00-ге шегерілді. Жарыссөз әлі басталған жоқ,— деп хабарлады Алмалы аудандық сотынан.

Бұған дейін айыпталушы ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедьяровқа қатысты бұлтартпау шарасы жеңілдетілген түріне өзгертілген болатын. Яғни, сотталушы үйқамаққа ауыстырылды.

Айта кетейік, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша екі адамға айып тағылып отыр. Олар – Әділбек Мұхамедьяров пен Александр Пекельник.

Осыған дейін прокурор Нұразхан Мырзалы айыптау актісін оқыған болатын.

Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын.

Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды.

Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары.

Кейінірек өртенген хостелдің иелері белгілі болды.

Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған.

2023 жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды.

 

Соңғы жаңалықтар