Суданда әскерді қолдауға арналған жаппай митингілер өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Суданда мыңдаған адам бірнеше қалада жиналып, ел әскеріне қолдау білдірді. Бұл туралы Анадолу агенттігі жазды.

Судан
Фото: Анадолу

Әскери қақтығыстар жалғасып жатқан Суданда кейбір мемлекеттік мекемелердің үндеуімен тұрғындар көшеге шығып, армияны қолдайтындарын көрсетті.

Митингілер Порт-Судан, Атбара, Хартум, Гадариф, Дунгула, Демазин, эд-Деббе, Вад-Медени, Вади-Халфа, Синкат, Синнар, Метемме, Мереви және Кассала қалаларында өтті. Шеруге қатысушылар Суданның мемлекеттік ту қолға ұстап шықты.

Наразылық білдірушілер «Біртұтас әскер – біртұтас халық», «Біз бәріміз – әскеріміз», «Барлық күш Фаширге» деп ұрандатты.

Әскерді қолдай отырып, демонстранттар Жедел әрекет ету күштерін (СБР) «террористік ұйым» деп тануға шақырды.

Суданның Егемендік кеңесінің төрағасы әрі армия қолбасшысы, генерал-полковник Абдул-Фаттах әл-Бурхан митингілерге байланысты X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялады.

«Біз Суданның даңқты халқына алғыс айтамыз. Сіздер әрдайым қолдаудың, тіректің және күштің, қарсыласу мен жанқиярлықтың қайнар көзі болып келдіңіздер. Өз сөзіне және уәдесіне адал қарулы күштеріңіз әрдайым тірек, үміт пен адалдықтың символы болып қала береді», деді ол.

Суданның ресми SUNA агенттігінің хабарлауынша, премьер-министр Камиль Идрис те Судан халқының қарулы күштерді берік қолдайтынын және елдің ішкі істеріне сырттан араласуды айыптайтынын атап өтіп, бұл ұстанымды бүкіл әлемге жеткізгенін мәлімдеді.

Ал мәдениет, ақпарат және туризм министрі Халид әл-Яйсир X әлеуметтік желісіндегі жазбасында елдің түкпір-түкпірінен келген халықтың үндеуі айқын екенін атап өтті.

Айта кетейік, Трамп Судандағы соғысты тоқтататынын мәлімдеген еді. 

Ал БҰҰ Судандағы зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар