«Таза қала» ең ірі мегаполисте: экологиялық сананы қалай көтеру керек
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Президент Телерадиокешенінің «Таза қала» жобасы өз көрерменіне алып шаһар – Алматыдан шығарылым ұсынады. Қазақстанның ең үлкен мегаполисі – Алатау баурайындағы әсем қала тұрғындарының экологиялық белсенділігімен көзге түсті. Қала туралы жеткілікті мағлұмат жинау үшін жүргізушілер екіге бөлініп, қаланы аралайды және жиналған ақпаратты сарапшыларға тапсырады.

Ескі аулалар қалай түрленді
Қазақстанның ең үлкен мегаполисі, мәдени астанасы, білім және ғылым орталығы – Алматы. Іле Алатауының баурайында, теңіз деңгейінен мыңдаған метр биіктікте орныққан қала көркімен көз тартады. Мұнда да өзге қалалар секілді ескі үйлерді қайта жаңғырту мәселесі өзекті. Алмалы ауданы Абай көшесінің бойындағы үйлердің тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы өткен ғасырдың 70-жылдары салынған ауласын жаңартқан. Тұрғындардың айтуынша, көршілер өздері ұйымдасып, бағдарламаға қатысуға өтініш жіберген. Демалыс орнының сән үлгісін де өздері таңдаған. Жағдайды жақсарту – әкімдікке, ал меншікке жауапкершілікпен қарау – тұрғындарға міндет. Осылайша тұрғындар қалалық «Үлгілі аула» номинациясын жеңіп алған.

Қаладағы жаңа аудандардың бірі саналатын Наурызбай ауданы да «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы абаттандырылған. 200 мыңнан астам тұрғыны бар бұл ауданда биылдың өзінде 2,5 млрд теңгеге 40 жоба іске асырылмақ. Мұның қатарында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, аудан эстетикасын қалыпқа келтіру жұмыстары да бар.

«Қалқаман» ықшам ауданындағы бұл орын өткен жылы қараусыз аумақ болып, ретсіз қоқыс пен кезбелердің мекеніне айналған еді. Енді міне, халық серуендейтін желекжолдар салынды.

Ал Алатау ауданында көп жылдан бері тазаланбаған Қарасу көлі тазартылып жатыр. Мұнда жергілікті тұрғындар көп жылдан бері демалып, балық аулайтын. Алайда уақыт өте көл тазаланбай, лайлана бастады, қалдықтар көбейіп, күйі кетті. Қала әкімдігі өткен жылы көлді тазалау жұмыстары басталғанын, бұл жұмыстар күзге дейін аяқталатынын айтады.
Бағдарламаға арнайы сұхбат берген қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Президент бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» науқанында қандай іс-шаралар жасалғанын айтып берді.

«Президенттің бастамасы «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанымен сәуір айында басталды. Оның ең алғашқы кезеңінде қыстан кейін қаланы тазалау, абаттандыру, бұзылған жерлерін реттеуден басталды. Одан кейін әртүрлі экологиялық акциялар өткізілді. Қала үлкен болғандықтан, түрлі мәселелер де бар.

Көлік жүретін жолдың сапасы, қоқыс жәшіктерінің шамадан тыс толуы секілді үлкен қаланың кішкентай мәселелері де жетерлік. Қаладағы ұзын-сонар кептеліс аңызға айналды деуге болады. Қоқысты, пластикті бөлек жинайтын контейнерлер орнатылған. Алайда бағдарлама жүргізушілері барлық қоқыстың бір көлікке тиеліп әкетілетінін көрді. Полигонға барғанда бұл қоқыс қайта сұрыпталады.

Экологиялық сауат ашатын орталықтар
Өзге қалалармен салыстырғанда Алматыда қоқысты кәдеге жарату жолдары өте көп. Мұнда экостанциялардың біріне пластик өткізіп, бонус алатын мүмкіндік бар. Оған қоса, медициналық қалдықтарды қабылдау да жолға қойылған. Тұрғындар Г санатындағы қолданылған фармацевтикалық препараттарды ауруханаға тапсыра алады.

Сондай-ақ, тұрғындардың экологиялық сауатын ашып, қайта өңдеу жөнінде түрлі дәріс өткізетін алғашқы экохаб та осында ашылған. Алматылықтар мұнда пластик, алюминий, шыны және табиғатқа зиянды ескі шамдарды өткізе алады. Шеберлік сабағына қатысқысы келетіндер де күннен-күнге артып келеді. Орталық қызметкерлері қайта өңделген шикізаттан құмыра, стакан, сағат, кәдесый секілді бұйымдарды жасауды үйретеді. Мәселен бір орындықты жасау үшін велосипедпен 17 мың пластик қақпақты ұсақтау керек.
«Мұндағы мәселе саналы тұтынуда. Адам бір бұйым жасау үшін еңбектенеді, тер төгеді, оңайлықпен келмейтінін түсінеді. Осылайша экологиялық сана көтеріледі. Ең кішкентай көмекшілеріміз – калифорниялық жауынқұрттар. Олар тағам қалдықтарын тыңайтқышқа айналдырады, оны ағаштарға себеміз», - дейді жоба менеджері Ерасыл Әшімбай.

Алматыда экологиялық философия тақырыбында кітап жазған авторлар да бар. Олардың бірі – Әйгерім Аюбек «Ақылбас» атты балаларға арналған кітап топтамасын әзірлеген.

«Біздің болашақ ұрпақта қалада да, ауылда да қоқысты дұрыс өңдеуге, дұрыс сұрыптауға, табиғатты аялауға үйренетін экологиялық мәдениет қалыптасады деген үмітпен осындай кітап шығардық. Тіпті 11 кітаптан тұратын қорап әзірледік, оның ішінде балаларды қызықтыратын ойындар, қоқыс тастаған кінәліні іздеу секілді логикалық жұмбақтар бар», - дейді жазушы.

Бір пакет қоқысқа – тегін кофе
Алматыны айтқанда, оның айналасындағы таулар, өзендер мен жасыл алқаптарды еске алмау мүмкін емес. «Алма Арасандағы» кофебизнес иесі Махаддин мырза да табиғат тазалығына бей-жай қарамайды – шатқалдан бір пакет қоқыс жинап әкелген белсендіге тегін кофе береді. Оны белгілі кинопродюсер Нұрлан Қоянбаев Инстаграм желісінде көрсеткен еді. Табиғатты аялап, өзгелерді де осыған үндеп жүрген кәсіпкердің жұмысын таныстыру үшін бағдарлама жүргізушісі Ә. Кәрбозов пен Н. Қоянбаев қолға пакет алып, демалыс орнының айналасын аралап шықты. Жер шарын аралап кино түсірген продюсер Қазақстандағы тазалық деңгейі жөнінде пікірін білдірді.

«Елімізде қоқыс мәселесі тым нашар деп айтуға болмайды, салыстырмалы түрде біздің ел таза. Әрине әрбір халықтың өз «еркелері» болады. Оннан бір адам білмеушілікпен далаға қоқыс лақтырса, оны теріп-жинайтын белсенді тұрғындарымыз да көп. Соңғы кезде қоқыс жинау сәнге айналып жатыр. Оның бір себебі – Президент жариялаған «Таза Қазақстан» акциясы екені сөзсіз. Тазалық тақырыбын Президенттің өзі қолдап жатыр, яғни бұл өте маңызды. Патриотизм осыдан басталады», - дейді Н. Қоянбаев.
Алматы – әлем көшінен қалмай дамып келе жатқан заманауи мекен. Мұнда жасыл өмір салтын ұстанатындар да жетерлік. Танымал блогер Бейбіт Әлібеков алғашқылардың бірі болып, электрокар сатып алған еді.

«Мұны халықтың көпшілігі хайп ретінде қабылдады деп ойлаймын. Дегенмен, бірінші кезекте бұл қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін жасалғанын айту керек. Алматыны тазартуға расымен мүмкіндігіміз бар. Көлікпен жүріп, қаланың небір тұсын көреміз. Заманауи көліктерде ауаның ластануын анықтайтын РМ2.5 бөлшектерін көрсететін мүмкіндік бар. Мәселен, Алатау ауданында ЖЭС-2 орналасқан. Әсіресе қыс мезгілінде Алатау ауданында барғанда «Өмірге қауіпті» деген ескерту шығады», - дейді блогер.
Қалалар рейтингі
Бағдарлама жүргізушілері мегаполис туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Бұл шығарылымды урбанист Тұрсын Жиенбаева, эколог Бақтияр Шыныбай мен Жасыл экономиканы қолдау және G-Global дамыту коалициясының бас менеджері Асыл Оқапова тамашалады. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.
«Салыстырмалы түрде Алматы қаласын басқалардан жоғары бағаладым. Себебі, Алматы – жасыл желекке оранған, таза қала деуге болады. Онда барлық тұрғынға, туристерге жағдай жасалған, әлі де жасалып жатыр. Бірақ қоқыс жәшіктері ыңғайлы орналасқанымен, оның қасына қалдық үйіп кететіндер бары өкінішті», - дейді урбанист Тұрсын Жиенбаева.

Жасыл экономиканы қолдау және G-Global дамыту коалициясының бас менеджері Асыл Оқапова алматылықтардың экологиялық санасының өте жоғары екенін ерекше бағалады.
«Алматыға экология жағынан көп көңіл бөлінетіні көрініп тұр. Қалада қалдықтарды бөліп жинау, қайта өңдеу саласы дамып келе жатқанын атап өтуге болады. Жалпы айтқанда, Алматы қаласының жағдайы басқа қалалармен салыстырғанда жақсы деген ойдамын», - деді эколог Бақтияр Шыныбай.
Жалпы есепте Алматы қаласы 25 ұпай жинады және қалалар рейтингінде бірден көш бастады. Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент (18 ұпай), Түркістан (18), Тараз (15), Қызылорда (20), Өскемен (11), Семей (14) және Павлодар (17) қалаларының тазалығы жөнінде фоторепортаж сериясы жарияланған еді.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.