Түркістан әуежайын су басқаны жайлы ақпарат жалған - әкімдік

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Желіде Түркістан қаласындағы әуежайды су басқаны туралы ақпарат тарады. Мұны Түркістан әкімдігінің баспасөз қызметі теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Әлеуметтік желіде «тасқын су Түркістан қаласындағы әуежайды да алып кетті» деген ақпарат пен видео жүр.

Осыған байланысты қала әкімдігі баспасөз қызметінің мамандары қаладан шыққан жолдан бастап, әуежайға дейінгі аралықты видеоға түсіріп желіге жүктеді.

Ол видеодан ұшақ айлағы маңына су жиналмағанын көруге болады. Тіпті, жолдың өзі де тап таза.

Түркістан халықаралық әуежайы қалыпты жұмыс істеп тұр.

Еске сала кетейік, өңірдегі Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауын-шашыннан көшелер мен аулаларды су басқанын хабарлаған едік.

Тасқын су Сауран ауданындағы елді мекендерге қауіп төндірді. Су тасқынына байланысты Сауранда мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті және 7 балабақша жұмысын тоқтатты.

Өңірде көлігімен тасқын су ортасында қалып қойған тұрғындар құтқарылды.

4 елді мекенде су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр, тұрғындар үшін «жедел желі» іске қосылды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов Кентау қаласы мен Сауран ауданында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялауды ұсынды.

Юрий Ильин кеше Түркістан облысында төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін хабарлады.

Соңғы жаңалықтар