Түркістан облысында жаңбыр тоқтағанымен су тасқыны басылған жоқ - ТЖМ
Жиында жағдайдың күрделенуіне жол бермеу және оның салдарымен жедел күресу тапсырылды.
Бірлескен күшпен Майдантал ауылын су басуға жол берілмеді. Құтқарушылар мен ЖАО тәулік бойы жұмысты жалғастырып жатыр.
200-ден астам адам және 800-ге жуық ірі қара мал эвакуацияланды.
Инертті материалдары бар 13 мыңнан астам қап төселді.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Түркістан облысында жаңбыр тоқтады. Алайда су ағыны жалғасып жатыр.
Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді.
Жағдай ерекше бақылауда. Республикалық және облыстық жедел штабтар, «жедел желі» жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, 2 ақпанда Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауын-шашыннан көшелер мен аулаларды су басып жатқанын хабарлаған едік.
Өңірде көлігімен тасқын су ортасында қалып қойған тұрғындар құтқарылды. Түркістан облысының әкімі тасқын су кірген елді мекен тұрғындарымен кездесті.
Біз сондай-ақ Кентау қаласы мен Сауран ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін жаздық.
4 елді мекенде су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр, тұрғындар үшін «жедел желі» іске қосылды.
Қазгидромет синоптиктері Түркістан облысында бүгін де жауын жауып, өзендерде су деңгейі көтерілетінін ескертті.
Фото: t.me/qr_tjm