Үй де, ақша да жоқ: Ақтөбелік депутаттар әйелдерінің құжатын пайдаланып алаяқтық жасады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Депутаттарға алаяқтық, жалған құжат жасау және қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастыру ісі бойынша айып тағылды. Сотта прокурор 672 млн теңгенің қалай заңсыз жұмсалғанын тізбектеп берді. 

Үй де, ақша да жоқ: Ақтөбелік депутаттар әйелдерінің құжатын пайдаланып алаяқтық жасады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

№ 2 Ақтөбе қалалық сотында Мұғалжар аудандық мәслихатының төрағасы, депутаты және Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушыға қатысты іс қаралды. Судья сотталушылардың аты-жөнін атап көрсетпеуді міндеттеді. Оларға Қылмыстық кодекстің «Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылар», «Алаяқтық», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру», «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» баптары бойынша айып тағылды. Прокурор Темірлан Ибрагимнің айтуынша, 2019 жылы ашылған «Мұғалжар Отан» ЖШС-не үш адам иелік етеді. Құрылтайшылардың бірі әрі депутат 2021 жылы өзге әріптестерінің үлесін өзі иемдену үшін жалған хаттама толтырып, құжат жасап, ресми тіркеп алады. Ол «Отан» қоғамдық қорына 81,6 млн теңге, «Мұғалжар Отан» ЖШС-не 16 млн тг материалдық шығын келтірген. Қазір оған осы ісі үшін Қылмыстық кодекстің «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бабы бойынша айып тағылды. Сонымен бірге депутат Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша сот алдында жауап береді. Ол Мұғалжар аудандық мәслихат төрағасымен, Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушымен бірге алаяқтық жасады. Мәслихат төрағасы 2020 жылы «Базис» ЖШС-не 5 қабатты ғимаратты 8 млн теңгеге сатып алады. Жалпы ауданы — 4 431 шаршы метр. Ғимарат атауы — жатақхана. Бір жылдан соң аудандағы аз қамтылған, мұқтаж отбасыларды баспанамен қамту бағдарламасы аясында үй алуға бюджеттен қаржы бөлінетінін біліп, алаяқтық ісін іске асыруды ойлаған. Сөйтіп Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданына алғашқы кезде 11 пәтер үшін 105 млн теңге бөлінеді деп шешім қабылданады. Бірақ сол кездегі облыс әкімі Ералы Тоғжановтың шешімімен тағы 59 пәтерді қосып, барлығы 70 пәтер алу жоспарланады.

— Мұғалжар аудандық мәслихат төрағасы мен депутат арасында достық, іскерлік қарым-қатынас орнайды. Кейін мәслихат төрағасы үшінші бір сенімді тұлғаны табуды тапсырады. Ал мәслихат депутаты ең сенімдісі әйелі деп танып, келіседі. 11 пәтерге тағы 59 пәтер қосып, барлығы 70 пәтер алуға қаржы бөлуге шешім шығады. Ол үшін Ақтөбе қаласы мен бірнеше ауданда пәтер алу саны қысқарады. Сөйтіп депутат Ж. әйелінің атына құжаттарды рәсімдеп, конкурсқа қатысуды жоспарлайды. Жатақханаға заңсыз жолмен монтаждау жұмысын жүргізіп, 70 пәтер етіп бөледі. 2023 жылы «Жаңа отау» ЖШС-не барып, бағалау жүргізіледі. Құжат бойынша нысан бағасы — 832,8 млн теңге. 2023 жылы Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланады. Жатақхана техникалық талапқа сай келмесе де, яғни газ бен ыстық су құбыры тартылмаса да конкурсқа қатысып, жеңімпаз деп танылады. Құжат бойынша мәслихат депутаты Ж-нің әйелі жеңімпаз деп танылып, қаржы соның банктегі есепшотына аударылады, — деді прокурор Темірлан Ибрагим.

Үй де, ақша да жоқ: Ақтөбелік депутаттар әйелдерінің құжатын пайдаланып алаяқтық жасады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оның айтуынша, Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы 70 пәтерге 672 млн теңгені аударып жібереді. Ақша депутаттың әйелінің есепшотына түскен соң оның 630 млн теңгесі Мұғалжар аудандық мәслихат төрағасының әйелінің есепшотына аударылады. Қалған 42 млн теңгені депутат өзінде қалдырып, өзі жұмсайды. Ал мәслихат төрағасы әйелінің атындағы ақшаны депозитке салып, 67 млн теңге пайда тапты. Тергеу жұмыстары басталған кезде ақшаны заңдастырмақ ниетпен бірнеше жылжымайтын мүлік сатып алды.

— Мұғалжар аудандық сотының қаулысымен 2023 жылғы келісімшарт заңсыз деп танылып, депутаттың әйеліне 672 млн теңгені қайтару туралы шешім қабылданды. Оған ғимараттың ішін қайта бөлу құжатының болмауы себеп болды. Актті уақытылы алмаған. Бүгінге дейін бес қабатты ғимараттың құжаты жатақхана деп тіркеулі тұр. Үй ішіндегі қабырғаларды бұзу, қайта жаңғырту кезінде техникалық талаптар сақталмады. Газ және ыстық су тартылмаған. Аудандық мәслихат төрағасы мен бөлім басшысының міндетін атқарушы мұның бәрін біліп, өз қызметтерін асыра пайдаланды. Сонымен бірге мәслихат төрағасы Қ. қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастыру үшін Қандыағаш қаласынан бірнеше нысан сатып алды. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-нан 279 шаршы метр болатын нысанды 11,7 млн теңгеге, Қандыағаш қаласындағы пәтерді 9,8 млн теңгеге сатып алады. Сонымен бірге «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның тағы бір хабарламасын көріп, ауданы 2 503 шаршы метр болатын нысанды 123,5 млн теңгеге алады. Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс жасады. Қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырды, — деді сотта прокурор.

Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсанында Мұғалжар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мен жеке тұлға Ақсезім Әбдікәрім арасында 70 пәтерді сатып алу келісімшарты жасалды. Келісімге сәйкес 70 пәтерге (бір бөлмелі — 20 пәтер, екі бөлмелі — 25 пәтер, үш бөлмелі — 25 пәтер) жылу жүргізілуі, қабырғаларының барлығы боялған таза түрінде болуы, еденіне линолеум жайылуы, ас бөлмесінде газ плитасы орнатылуы, жуынатын бөлмеде ванна (металл, эмальдалған болат) немесе душ кабинасы, бөлме аралық және кіре беріс темір есіктер болуы тиіс. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне былтыр Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов айтып берді. Осы оқиғадан кейін Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов қатаң сөгіс алғаны белгілі. Әрі қарай істі Антикор тексерді

Соңғы жаңалықтар