Зардап шеккен отбасыларға қажетті көмекті көрсетеміз – «АрселорМиттал Теміртау» атқарушы директоры

«Апаттың орын алғанынан қатты күйзеліп тұрмын. Біз шахталардың қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін жүйелі түрде жұмыс істедік, ал бұл апат біздің барлық күш-жігерімізге үлкен зардап келтірді. Қазір ешбір сөз жақындарынан айырылған отбасыларды жұбата алмайды.
Апаттың орын алғанына және және шахтадан қызметкерлердің барлығын сәтті эвакуациялай алмағанымызға «АрселорМитталТеміртау» атынан зор өкініш білдіремін. Зардап шеккен отбасыларды қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қазір бар ойымыз әріптестеріміздің отбасыларында және біз оларға қажетті барлық көмекті көрсететін боламыз», - деп келтірілген «АрселорМиттал Теміртау» АҚ сайтына компанияның атқарушы директоры Виктор Гафиуловтың сөзі.
Мәлім етілгендей, «АрселорМиттал Теміртау» апаттың себебін толық тергеу үшін мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істеп жатыр. Әзірге барлық фактілер нақты белгісіз.
Айта кетейік, бірер уақыт бұрын өрт шыққан «Қазақстан» шахтасында 5-ші кеншінің денесі табылғаны туралы хабарланды.
Еске салсақ, Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында өрт 17 тамыз күні сағат 10:05-те тұтанды.
Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті.
5 жұмысшының тағдыры белгісіз болды. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 4 адамның денесі табылған еді.
18 тамыздағы жағдай бойынша медицина мекемелерінде өрттен зардап шеккен 11 кенші ем қабылдап жатты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім еткендей, «Қазақстан» шахтасындағы апат үшін жауапты тұлға 7 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.