Жаңажол газ өңдеу зауытында күйік шалған жұмысшылар облыс орталығына жеткізілді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Жаңажол» кен орнындағы өрт кезінде күйік шалған жұмысшылардың бәрі облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күйік шалған жұмысшылардың жағдайы тұрақты ауыр. Олар есін біледі. Бәрі де жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Күйік деңгейі – І және ІІ. Санавиция және реанимобильмен қалаға жеткізілді. Астанамен байланысып, кеңес өткізіледі», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы Жаңажол кен орнында зауыттан шыққан өрттен 4 жұмысшы күйіп қалды. Өрт 14 сағатта сөндірілді. Оған Темір, Мұғалжар аудандарымен қатар Ақтөбе қаласынан өрт сөндірушілер барды. Сондай-ақ, қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Ал, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның ресми сайтында әкімшіліктің мәліметі жарияланды.

«Жоспардан тыс жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде құбырдан газ шығып, оның арты өртке ұласқан. Ол кезде диаметрі 219 мм болатын газ өткізу құбыры жөнделді. Құбыр резервте тұрды, яғни жұмыс істеп тұрған негізгі құрылғыдан ажыратылған еді. Өрт қауіпсіздігі ережесіне сәйкес оқиға орнына «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС-нің өрт сөндірушілері шақырылды. Өрт 2 мамыр күні сағат 6:20-да толық сөндірілді. Өкініштісі – дайындау цехының жұмысшыларын күйік шалды. Акционерлік қоғам зардап шеккен әр жұмысшыға 1 млн теңге материалдық шығын төлейді. Ал, өрттің шығу себебі мемлекеттік комиссия тексеруінен соң анықталады. Жаңажол мұнай-газ кешенінде магистральды газ құбырына арналған тауарлы газды жеткізу шұғыл түрде қалпына келтірілді. Сонымен бірге, сұйтылған газ өндіру және жеткізу жұмысы реттелді», - деп жазылған хабарламада.


Соңғы жаңалықтар