Желіккен жүргізушілер: полиция 372 дрифт фактісін анықтады
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігінің жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында рейдтік іс-шараларды жүйелі түрде жүргізуінің арқасында жыл басынан бері жолда дрифт жасаған 372 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері өткізілген рейдтік іс-шаралар барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 226 мыңнан астам фактісі анықталды.
Атап айтқанда, көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарудың 5 мыңнан астам фактісінің жолы кесілді, 4 мыңнан астам қарсы қозғалыс жолағына шығу дерегі анықталды. 46 мыңнан астам көлік арнайы тұраққа қойылды.
Қауіпті көлік жүргізу және қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне ерекше назар аударылады. Дрифт жасағаны үшін 372 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, Астанада дрифт жасаған жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Алматыда қала жолында дрифт жасаған жүргізуші 5 тәулікке қамалып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Мұндай әрбір фактіге құқықтық баға беріледі. Бірнеше құқық бұзушылық анықталған жағдайда жауапкершілік белгіленген барлық құқық бұзушылық құрамы бойынша туындайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде жол ережесін жиі бұзатындарға балдық жүйе енгізілуі мүмкін екенін жаздық.
Ал одан бұрын Үкімет басшыс жол ережелерін қасақана бұзғандарға айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажеттігін мәлімдеген.