Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад қалай өтті — фоторепортаж
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтіп, Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі күш айбыны көрсетілді.

Парадқа ел өңірлерінен келген соғыс ардагерлері келді, тыл еңбеккерлері, сондай-ақ елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам, сондай-ақ дипломатиялық корпустың өкілдері де келді. Одан бөлек, Мұхтар Алтынбаев, Сәт Тоқпақбаев, Бақытжан Ертаев, қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов құрметті қонақ болды.

Қазір ел аумағында 105 соғыс ардагері бар. Олар 80 жылдан бері бейбітшіліктің қадір-қасиетін қазіргі ұрпаққа айтып, түсіндіріп келеді. Осы орайда бүгінгі әскери парадқа 6 соғыс ардагері арнайы келіп, қатысты. Атап айтқанда, Астана қаласынан Рзағұл Байкешев, Алматы қаласынан Владимир Белозеров, Қосшы қаласынан Нұрқасым Әжітаев, Қостанай қаласынан Қасымхан Алдабергенов, Өскемен қаласынан Құрмат Рахимов, Қарағанды қаласынан Григорий Степенко келді. 1941-1945 жылдардағы алапат соғысқа 1,2 млн-нан аса отандасымыз қатысты. Республиканың әрбір төртінші тұрғына әскер қатарына шақырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парад кезінде Қазақстан үшін ең басты мақсат ұлт мүддесін қорғау екенін қадап айтты.
— Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды. Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат — ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр. Қазақ халқы — бейбіт халық. «Жаным — арымның садағасы» деген өр намысты, айбарлы ел, — деді Президент.

Бүгінгі әскери шеру мазмұндық тұрғыдан екі бөліктен тұрды, яғни тарихи және заманауи бағыттарды қамтыды. Тарихи бөлігінде Жеңістің 80 жылдығында аға буын батырларымыздың ерлігіне құрмет көрсетілді. Ал заманауи бөлігінде Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі күш айбыны таныстырылды.

Әскери парадты ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-мойор Мереке Көшекбаев басқарды. Оның пайымынша, әскери парад бойынша алға қойған мақсат орындалды.

— Осы күнге дейін тиянақты оқу-жаттығу болғанын білесіздер. Жеке өзім өте жақсы деп бағалаймын… Барлығы жоспардағыдай жүзеге асты. Алға қойған мақсат орындалды деп есептеймін. Сонымен қатар, халық та өзінің бағасын бере жатар. Атап айтқанда, әскери тәртіп пен жоспар бойынша бәрі ойдағыдай өтті, — деді М. Көшекбаев.

Айта кетейік, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру кезінде беделді офицерлер парад топтарын бастап шықты. Шерудегі кезекті қатарда Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқарма офицерлері салтанатты шерумен өтті. Парадтық топты Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, II — дәрежелі «Даңқ» орденінің және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері генерал-майор Қуанышбек Үштаев бастады.



Сонымен қатар, көрермендер алдында Отанымыздың әуе шебін қорғаушылар сап түзеді. Қазіргі кезде Әуе қорғанысы күштері кез келген қиындық деңгейіндегі міндеттерді шешуге қабілетті және практикалық сабақтар мен тактикалық жаттығуларда өзінің жоғары шеберлігін растайтын Қарулы күштердің ең мобильді және техникалық жабдықталған түрі саналады. Парадтық топты Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері генерал-майор Қайрат Даутов бастап келді.





Мұнымен қоса, шеру барысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің парадтық есептобы сап түзеп өтті. Пада легін Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, II дәрежелі «Айбын» және «Даңқ» ордендерінің иегері генерал-майор Серік Борамбаев бастады.

Шеруді Арнайы операциялар күштерінің парадтық қатары жалғастырды. Бұл құрылым төтенше жағдайлардағы күрделі тапсырмаларды орындау үшін құрылған. Әрбір жауынгер кез келген тапсырманы тез, ірі уақтылы орындауға дайын. Салтанатты есептопты Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері полковник Айдос Мырзахметов бастап келді.
Салтанатты шеру кезінде алаңға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің парадтық тобы шықты. Олардың әрқайсысы ең қатал дайындықтан өткен және кез келген төтенше жағдайда әрекет етуге дайын. Топты Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, II дәрежелі «Айбын» және «Даңқ» ордендерінің иегері, генерал-майор Алмаз Жұмакеев бастады.

Елордада Жеңістің 80 жылдығына орай өткен әскери парадқа бітімгерлер тобы да қатысты.

Парадтық топты Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы І және II дәрежелі «Айбын» ордендерінің иегері подполковник Жігер Аипов бастады.
Атап айтқанда, әскери шеруде жауынгер арулар да жүріп өтті.


Бүгінде әскердегі арулар психолог, медицина қызметкері, мерген, байланысшы, теңізші және басқа да мамандықтарды жетік меңгерген. Қарулы Күштер әскерлерінің барлық түрі мен құрамында әскери қызмет өткереді.
Астанадағы әскери парад аса маңызды әскери оқу орындарының әлеуетін көрсететін топтардың шеруімен жалғасты.

Шеру алаңында Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы І жеке бригадасының салтанатты есептобы сап түзеп барады. Бұл бригада полиция қызметкерлерімен бірге Астана мен оның іргесіндегі ауыл көшелерінде тыныштықты күзетеді. Ірі халықаралық, қоғамдық-саяси және спорттық іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін осылар.

Елордадағы әскери парадта Төтенше жағдайлар министрлігінің халықты өрт пен тасқыннан, зілзала мен техногендік апаттан құтқаруға маманданған офицерлері мен сержанттары бой көрсетті.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Қарулы күштерінің барлық түрлерінен 4 000-нан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника мен қару-жарақ, сондай-ақ майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшағы мен тікұшағы жұмылдырылды. Оның ішінде бұған дейінгі парадтарда болмаған зенитті зымыран кешендері, роботтың көмегімен жүретін су жаңа әскери техниканы тамашалау мүмкіндігі болды.






Атап айтқанда, бүгінгі парад кезінде әскери техника үлгілері, сондай-ақ Екінші Дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіс жолында армияның негізгі қаруы болған техника үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Елордадағы әскери парад кезінде алаңнан соғыс кезінде ең көп шығарылған әрі аса танымал болған Т-34 танкі мен танымал БМ-13 («Катюша») реактивті артилеррия машинасы жүріп өтті. «Т-34» танкі — Екінші дүниежүзілік соғысының аңызы. Қарапайым әрі сенімді, ұрысқа кірген алғашқы сәттен бастап ол теңдесі жоқ сапасын көрсетті. Соғыс жылдарында 30 мыңнан астам «Т-34» танкі шығарылды. Бұл жауынгерлік қасиеттері бойынша фашистік Германияның орташа танктерінен асып түсетін танк болды.


Одан соң сол кезеңдегі ЗИС-2 зеңбіректері мен М-30 гаубицалары көрсетілді. Бір кездері ЗИС-2 зеңбірегі танкке қарсы ең қуатты қару ретінде танылды. Соғыс кезінде ол «Тигр» ауыр танктеріне қарсы қолданылды.

Елордадағы әскери парад кезінде еліміздің Қарулы күштері қатарындағы заманауи техника таныстырылды.

«Арлан» көпфункционалды сауытты дөңгелекті машиналары «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» отандық кәсіпорнында жасалған. Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жауынгерлік машина әскери қызметке 2016 жылы қабылданды. Көп қабатты сауыты экипаж бен десанттың атыс қаруы мен минадан қорғайды.

Сонымен қатар, шеруге Т-72 танктері тартылды. Ол — Құрлық әскерлері құрамаларындағы негізгі жауынгерлік техника. Машиналар «Қазақстан Инжиниринг» кәсіпорнында толық жаңғыртудан өткен.

Ал жаяу әскер жауынгерлік машинасы (БМП-2) кез келген жағдайда, соның ішінде шөлді және таулы жерлерде, сондай-ақ жаудың үздіксіз атыс әсерінде қолданылуы мүмкін. Ол су кедергісін жүзіп өте алады. Жауынгерлік машинада 30 миллиметрлік автоматты зеңбірек, танкке қарсы басқарылатын зымырандар мен пулемет орнатылған. Ол құрлықтағы және әуе нысандарына да атыс жүргізе алады.


Мұнымен қоса, парад кезінде БТР-82A жаңа нұсқасы көрсетілді. Бұл техника жақсартылған барлау мүмкіндіктеріне ие. БТР-де 30 миллиметр калибрлі жылдам атылатын автоматты зеңбірек және 7,62 мм калибрлі жұптастырылған пулемет орнатылған.

Алаңға 240 мм өздігінен жүретін 2С4 «Тюльпан» минометі де шығарылды. Бұл қуатты бекіністердің артында тұрған командалық пунктер мен жау техникасын жоюға арналған ең қуатты миномет жүйелерінің бірі.

Сондай-ақ 122 миллиметр калибрлі «Град» дүркіндеп ататын реактивті жүйелерінің жауынгерлік машиналары — Құрлық әскерлеріндегі аңызға айналған артиллериялық жүйе. Бұл жүйе әскерлерге күшті атыс қолдауын қамтамасыз ете отырып, ұрыс қимылдарындағы сенімділігі мен тиімділігімен кеңінен танымал.

Парад кезінде көрермендер С-300ПС зениттік-зымырандық жүйесін тамашалады. Ал «Бук-М2Э» зениттік зымыран кешені әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің ең заманауи кешендерінің бірі саналады.

Әскери шеруде «Terrex 2 — Барыс-А 8×8» мультифункционалды жауынгерлік машинасы да көрсетілді. Ол суда жүру сипаттамалары бойынша әлемдегі ең үздіктердің бірі саналады. Тактикалық-техникалық сипаттамаларын ескере отырып, «Terrex» Әскери-теңіз күштерінің десанттық-шабуылдау батальонын жарақтандырудың негізгі үлгісі ретінде ұсынылады.

«Барыс» брондалған дөңгелекті машиналары қашықтан басқарылатын «Сұңқар» және «Аңсар» жауынгерлік модульдерімен қаруланған. Бұл қазақстандық «WSE» компаниясының мамандары әзірлеген жаңа қару-жарақ кешендері. «Барыс» ауыр калибрлі соққыларға және артиллериялық снарядтардың сынықтарына төтеп бере алатын күшейтілген броньға ие. Сондай-ақ, машина миналардан қосымша қорғаныспен жабдықталған.
Әскери парадта механикаландырылған тізбегінің құрамында «ТАЙМАС 8х8» атауымен тәжірибелік әскери пайдаланудан өткен Қазақстан-Түрік-Қытай өндірісінің 8х8 брондалған дөңгелекті машинасы жүріп өтті.

Шеру соңында әуеден 66 ұшу аппараты қатысты. Kazinform осы әуе техникаларына сипаттаманы арнайы көпшілік назарына ұсынды.