Жылумен қамту: Қарағанды облысында 31,5 млрд теңгенің 14 жобасы қолға алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды, Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 14 жоба іске асырылуда. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.
«Қарағанды облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қарағанды, Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында 31,5 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылуда. 17 шақырым магистральдық жылу желілері ретке келтірілді. Бұл желілердің тозуын 64,4%-ға дейін төмендетеді», - деді өңір басшысы.
Облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында соңғы 30 жылдағы ең ірі жобалардың бірі қолға алынуда. Бұл Қарағанды қаласындағы үшінші жылу беру нүктесінің құрылысы.
«Қазан айында жылу магистралі іске қосылды. Жоспар бойынша жеті жыл ішінде үшінші жылу орталығы 1,2 млн шаршы метр тұрғын үйді жылумен қамтамасыз ете алады. Яғни, 20 мыңнан астам пәтерді қамтиды», - деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен қатар әкім шалғайдағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін атады.
«Биыл 14 ауыл сапалы сумен қамтылды. Қазір ауыз су құбыры бір жарым мың тұрғынның үйіне тартылды. 26 ауылда шағын блок-модульдер орнатылуда. Бұл ілкі шаралар облыс халқының 97,6%-ын сапалы сумен қамтуға жол ашты», - деді облыс басшысы.
Сондай-ақ жеке секторды газдандыру жұмыстары жалғасуда. Газ желілері 7621 үйге тартылды. Оның 3573-і табиғи газға қосылған.
Айта кетейік, Қарағанды облысында жыл соңына дейін 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынады.
Өңір экономикасына жыл басынан бері 680 млрд теңге инвестиция құйылды.
Одан бөлек, Қарағанды облысы елдің жұмысшы мамандықтар дайындау орталығына айналмақ.
Сондай-ақ Қарағанды облысында 1 мың шақырымнан астам жол жөнделгені хабарланды.
Бұған дейін облыс әкімі Саранда жаңадан салынған жылу қазандығы неге толық жұмыс істемей тұрғанын түсіндірген еді.