Жолдар, жасыл желек, қоқыс — «Таза қала» жобасы Семейдің тазалығын тексерді
АСТАНА. KAZINFORM — «Таза қала» тележобасы қазыналы қарт Семей қаласында. Ертістің екі бетін жағалай орналасқан киелі мекеннің бүгінгі келбеті қандай, тазалық пен мәдениеті қай деңгейде — біздің назарда.

Бағдарлама барысында жүргізушілер екіге бөлініп, қаланың таза және тазалықты қажет ететін тұстарын іздейді. Деректердің бәрін жинап, сарапшылар қолына тапсырады. Мамандар шешімді бес критерийге сүйене отырып шығарады және 10 балдық жүйемен бағалайды.

Жаңа облыс орталығы
Осыдан екі жыл бұрын 8 маусымда Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Семей өңірі еншісін алып, Абай облысы болып құрылды. Осы уақыттан бастап Семей қаласы жаңа даму жолына түсті. Шаһарда жаңа аудандар құрылып, мәдени-спорттық нысандар көз ілеспес қарқынмен бой көтере бастады.
Жаңадан желекжол, саябақ, ойын алаңдары көпшілік игілігіне берілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында елеулі жұмыстар атқарылып, әрбір шараға 10 мыңға жуық қала тұрғыны белсенді атсалысқан. Аулаларды және қала көшелерін абаттандыру жұмыстары да басталып кеткен.
Әйтсе де, ғасырлар тоғысқан бұл қалада қордаланған мәселе де жетерлік. Семей полигонын жабуға бірден-бір атсалысқан қоғам қайраткері Кешірім Бозтаевқа қаланың дәл ортасынан көше берілген.
Алайда бағдарлама жүргізушілері бұл көшеде қарапайым жаяу жүргіншілер жолы жоқ екенін көрсетті. Кадрдан тат басқан жылу құбыры мен ретсіз өскен арам шөпті де көруге болады.

Семейдің басты мақтаныштарының бірі — танымал аспалы көпір. Мұнда да шұрық-тесік жол сапасы көңілді көншітпейді. Әйтсе де, жақында Ертістің сол жағалауындағы көпір астында жаңа заманауи қоғамдық кеңістік қолданысқа берілді.
Жасыл желек жайқалған саябақ, балалар ойнайтын алаң, футболмен, баскетболға арналған орта және түрлі муралдар салынған.

Бейбітшілік аралындағы қауіпті бағаналар

Семей аумағында ядролық сынақ полигоны орналасқаны, одан көптеген тұрғынның дардың зардап шеккені белгілі. Қаладағы «Түйемойнақ» немесе «Полковничий» атымен танылған, Ертіс өзені айнала қоршаған ну орман жер қазір «Бейбітшілік аралы» деп аталады.
Мұнда ядролық полигон құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі бар. Таң атысымен мұнда тұрғындар жаттығу жасап, дене шынықтырады.
Монумент маңы қоқыстан таза, гүлзарлар мен желекжолдар салынып, айналасы абаттандырылған. Дегенмен саябақ іші ретсіз өскен арам шөпке толы. Жүргіншілер жолының маңайы ғана қырқылған. Арғы жаққа назар салсаң адам бойымен теңесетін көкке көз түседі.
Қоқыс үйінділері де байқалады. Әсіресе Ертіс жағасында тағам қалдықтары шашылып жатыр.
Сонымен бірге, қоғам белсендісі Роллан Машпиев Бейбітшілік аралындағы жарық бағаналарының қауіпті екенін, құлауы мүмкін екенін айтуда. Өйткені бұл бағаналардың жер астында кемі 1 метр тіреуі болуы қажет, оның орнына 26 см ғана қазық қағылған көрінеді.
«Өлімнен де күшті» монументі жанындағы этноауылда түрлі мәдени іс-шаралар өткізуге болады. Бірақ қоғам белсендісінің сөзінше ауқымды шараларды мұнда ұйымдастыру өте қауіпті.

«Мұндағы арам шөптердің орнына газон егілуі керек. Оған өздігінен суаратын автоматты жүйе жасалады. Ал жарық бағаналары құлауға шақ қалған, кабельдері жердің үстіне жатыр. Автоматты жүйе мұның бәріне су жіберсе, не болатынын елестетіп көріңіз. Барлық шамның жағдайы осындай. Тіпті тәуелсіз сарапшыларды шақырғанымызда, бұл жарықты қосуға болмайды деп нұсқаулық берген», — дейді белсенді.
Кеңес одағына танылған «Ертегілер үйі»
Семейде өткен ғасырда салынған «Ертегілер үйі» әлі күнге дейін туристерді қабылдайды. Үйдің тарихы өткен ғасырдың 80-жылдары басталған. Ағаштан түйін түйген Александр Глазков зейнетке шыққан соң үйінде ертегі кейіпкерлерінің бейнесін жасай бастайды.
Ағаштан ою ойып, әрлеп, сырлайды. Кейін үйдің суреті «Огонек» журналына шығып, барша Кеңес одағына танымал болады. Қазір де дәл сол кейпі қала тұрғындары мен қонақтарының назарын аудартады.

Қазір Александр Глазковтың жақын туысы Нина Слепцова үйді күтіп-баптаумен айналысады және отбасымен осы үйде тұрады.
«Қоршау ашық болғандықтан өткен-кеткеннің бәрі қарайды. Үйренісуге өте көп уақыт қажет болды. Біз әрқашан жұртшылықтың көз алдындамыз. Бұл бір қойылым сияқты. Біртіндеп бой үйреттік», — дейді Н. Слепцова.
Сонымен бірге, шаһардың көрікті жерлерін белгілі ақын, Семей тумасы Мерей Қарт көрсетті. Ақын қазір Абай атындағы кітапхананың директоры.

Мұнда 5 мыңнан асатын сирек кітап қоры бар. Оның ішінде бір ғасыр бұрын Жұмахан Күдерин жазған «Өсімдіктану» кітабы да бар.

Мұны Қазақстандағы жаратылыстанудың, экологияның бастауы деуге болады. Ал табиғатты қорғау оны зерттеуден басталады.
Ақын өзінің сүйікті орындарының бірі ретінде Семейдің аспалы көпірін атады. Мұндай көпір әлемнің санаулы қаласында ғана кездеседі. Соңғы жылдары екі жақ шеті абаттандырылып, Арбат секілді халық демалатын орындар көптеп ашылып келеді.
Дегенмен аспалы көпір астынан құлып салынған қоқыс контейнерлерін көрдік. Әрбір бизнес өкілі өзіне тиесілі контейнер ұстайды және оған өзгелердің қоқыс салуына рұқсат бермейді. Бұл қала халқының экологиялық мәдениетіне әсерін тигізбей қоймайды.

Құбыр жөнделсе, қоқыс шығарылмайды

Семейдің 66-шағынауданында екі аптадан бері жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Соның салдарынан тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстары да тоқтаған. Өйткені қазылған жолдардан коммуналық қызмет көлігі өте алмайды. Жөндеудің қашан аяқталары, иісі қолқаны қабатын қоқыстың қашан әкетілері белгісіз.
Шағынаудандағы бес үйдің тұрғындары қалдықтарын қайда апарарын білмей дал. Мұнда 300-ге жуық шаңырақ бар. Маңайындағы жеке үйлерді де қосыңыз. Осы аулада тұрғындар тынығады, балалар ойнайды, қоқысқа үймелеген панасыз ит-мысықтар да көбейген.
Өткен ғасырдың 60-жылдары бой көтерген үйлер осы уақытқа дейін жөндеу көрмеген. Жылу жүйесін жаңартамыз дегенде тұрғындар сенер-сенбесін білмей таңырқап қапты. «Таза қала» түсірілім тобы ауладан алыстап кеткенде тазалықшылар аумақты тып-типыл жинап алған көрінеді. Құрылыс басталмай тұрып, қоқыс шығару жолын қарастыру қажет-ақ.

Қаланың тағы бір проблемалы бөлігі — Шымкент ауданы. Қоғам белсенділері мұнда абаттандыруға қатысты мәселе көп екенін айтуда. Балалар алаңы, ауладағы көше, жарықтандыру — бәрі қирап жатыр. Тұрғындар ашық қалған құдықты өздері жауып әлек.
«Бізге қоқыс жәшіктері мен жарықшамдар қойып береміз деп уәде берген. Бірақ ешқандай жұмысты көрмедік. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының басшысына бардым. Қоқыс жәшіктерін алып өзіңіз қондырыңыз. Қолымнан келетіні осы деп жауап берді. Ақшаны сіз аласыз, ал қоқыс жәшіктерін біз орнатамыз ба деп сұрадым. Есесіне, қоқыс жәшіктерін аласыз деп жауап берді», — дейді ПИК басшысы Наталья Бакланова.
Әкім уәдесі
Облыс орталығы атанған Семейде ескі үйлер де, жаңа құрылыс орындары да жетерлік. Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов жаңа құрылыс қарқын алған Қарағайлы ауданында бағдарлама тілшілеріне арнайы сұхбат берді. Бұл үйлер биылғы қыркүйек айында қолданысқа беріледі.

Н. Нұрсағатов бағдарламада көрсетілген өзекті мәселелер бойынша тиісті нұсқамалар берілгенін айтуда.
«Шымкент ауданы бойынша тиісті мердігер ұйымға нұсқама бердік. Ол орындалады. Биыл 580 ауланың 130-ын жасап бітірдік. Жарықшамдар да бақылауға алынатынын айтқым келеді. Барлығы бірте-бірте орындалады», — дейді әкім.

Сонымен бірге, әкім жаңадан бой көтерген үйлерді көрсетуге асықты. Үй расымен кең, таза. Дегенмен Семей халқының мәселесі тұрғын үймен ғана шешілмейтіні түсінікті. Оны күтіп ұстау — бөлек әңгіме.
«Қалаға орнатылған ортақ дүниелерді кей адамдар бірінші күні-ақ бұзып әкетіп жатады немесе сындырып кетеді. Ондай мәселелер бар. Бірақ қазір технологияның заманы, бейнекамералар орнатылған. Тиісті мамандар мен полицейлер белсенді жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы қаламызда серуендейтін 12 алаң салынса, биыл оған қосымша тағы 8 алаң беріледі», — деді әкім.
Одан бөлек, қаланың тазалық жұмыстары да әкімнің назарында. Өткен жылы 1300 контейнер жеткізілсе, биыл тағы 1000 контейнер қосу жоспарда бар. 280-ге жуық заңсыз қоқыс үйінділері жойылған.
Сарапшылар қанша ұпай берді
«Таза қала» бағдарламасының әрбір шығарылымын сарапшылар көреді және көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, өз бағасын береді.

Бұл шығарылымды AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқару департаментінің директоры Сәбит Қашқынбаев және урбанист Тұрсын Жиенбаева арнайы тамашалады.
«Он балдық шкаланың тура ортасын таңдап, 5 ұпай беремін. Бұл жақсы да емес, жаман да емес. Қоқыс орындарына баса мән бердім, орталық көшелердің өзінде жүргінші жолының болмауы өкінішті. Бірақ дегенмен жұмыс жүріп жатқанын көріп отырмыз», — деді М. Болысбек.
Урбанист Т. Жиенбаева Семей қаласы облыс орталығы атанғалы өте жақсы дамып келе жатқанын атап өтті.

«Соның ішінде инфрақұрылым жақсы дамып жатыр, қала келбеті де жаман емес. Бірақ дұрыстайтын көлік жолдарының саны әлі де көп. Аула кеңістігін, қала жиһаздарын орналастыру жұмыстары әлі де көрінбейді. Мақтайтын тұсы — қоғамдық орындардың саны артқан, қала мәдениеті де жақсы», — деді спикер.
Өз сөзінде эколог-маман Семейде қоқыс жинайтын жәшіктер жетіспейтінін баса айтты.
«Салдарынан қоқыс шашылады, коммуналды қызметтер қоқысты уақытында шығарып үлгермейді, тазалық сақтайтын түсіндіру жұмыстарының жүргізілгені де көрінбейді. Әрине, мұның бәрі халықтың мәдениетіне байланысты. Қоқыс тастайтын заңбұзушыларды айыптайтын жұмыстар да өткізілмеген деп ойлаймын. Ондай ақпарат болмады. Сол үшін Семей қаласына 2 ұпай беремін», — деді С. Қашқынбаев.
Осылайша Семей қаласы жалпы есепте 14 ұпай жинап, 6 қаланың арасында 5-орынға тұрақтады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Президент Телерадиокешені «Таза қала» ауқымды тележобасын қолға алды. Алғашқы түсірілім Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында басталды.
Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда және Өскемен қалаларының тазалығы жөнінде фоторепортаж сериясы жарияланған еді.
