Атыраудағы бүтін бір отбасының өлімі: Сарсемалиевке тағылған айып қатаңдатылды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда әйелінің ата-анасы мен бауырларын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сарсемалиевке қатысты сотта мемлекеттік айыптаушы айыптау актісіне өзгеріс енгізді.

Фото: Видеодан скрин

Сот отырысында прокурор Сұлтан Сарсемалиевке бұған дейін тағылған айыптарға қосымша жаңа баптар енгізілгенін мәлімдеді. Атап айтқанда, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша ақпараттық жүйені немесе интернет желісін пайдалану арқылы жасалған алаяқтық дерегі қосылды. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, айыпталушы қаза болғандардың банк қосымшаларын пайдаланып, олардың қаражаты мен зейнетақысын иемденген.

Сондай-ақ Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның өліміне қатысты айыпқа ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 10-тармағы (Басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерiмен ұштасқан адам өлтіру) енгізілді.

Фото: Видеодан скрин

Ал Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіру эпизоды бойынша айып ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 3 тармағымен (дәрменсіз күйдегі адамды қасақана өлтіру) және 10-тармағымен (Басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерiмен ұштасқан адам өлтіру) толықтырылды. Бұған дейін тағылған 5 және 13-тармақ өзгеріссіз қалды.

Бұған дейін Сұлтан Сарсемалиев қайынағасы Наурызды Мұқанғалиевті өзін қорғау мақсатында өлтіргенін айтқан болатын. Алайда мемлекеттік айыптаушы бұл эпизод бойынша ұстанымын өзгертпей, қылмыс қасақана жасалған деген айыпты сол күйінде қалдырды.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы мал сатуға қатысты бұрынғы алаяқтық айыбының да өзгертілгенін хабарлады.

— Сонымен қатар бұрын күдіктіге мал сату айыбы «алаяқтық» болған, оны қазір мемлекеттік айыптаушы «мал ұрлығына» ауыстырып отыр. Жаңа айыптау бойынша жазаңызды жеңілдететін мән-жайларды мемлекеттік айыптаушы алып тастаған, — деп түсіндірді судья Зарема Хамидуллина.

Фото: Видеодан скрин

Отырыс кезінде мемлекеттік айыптаушы оқиғаның мән-жайын баяндап, Сұлтан Сарсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның 2022 жылы заңды түрде ажырасуына айыпталушының опасыздық жасауы себеп болғанын айтты. Жәбірленуші тараптың адвокаты бұл деректің сол жылы аудандық соттың шешімімен расталғанын жеткізді.

— Махамбет аудандық сотының 2022 жылғы шешімін және оны іс материалдарына тіркеуді сұрадық. Сол кезде Ақбаянның ақыл-есі дұрыс болғаны, некені бұзуға өз еркімен арыз бергені жазылған. Сондай-ақ сот шешімінде Сарсемалиевтің отбасына опасыздық жасағанын өзі мойындап, отбасына берік болмағаны көрсетілген, — деп пікір білдірді жәбірленуші тараптың адвокаты Шынар Нұрмұратқызы.

Сот жаңа айыптау актісімен танысу үшін тараптарға уақыт берді. Келесі сот отырысы 7 шілдеге белгіленді. Сол күні тараптардың жарыссөзі басталады.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткені хабарланды. 6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.

Тергеу барысында Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған. Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Ал Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды. 

Өткен жолы Сұлтан Сарсемалиев өз телефонында сақталған аудиожазбаны дәлел ретінде ұсынып, оны марқұм Наурыз Мұқанғалиев тарапынан айтылған қоқан-лоққымен байланыстырған еді. Сонымен қатар, айыпталушы сотта қайынағасын қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді.

Жәбірленуші тарап күдіктіден 70 млн теңге моральдық өтемақы талап етті. 

Сот процесі кезінде іс бойынша жиналған заттай дәлелдер көрсетілді. Олардың қатарында марқұмдардың жеке құжаттары, банк карталары, байланыс құралдары және қылмысқа қатысты басқа да айғақтар бар. 

Сондай-ақ Сұлтан Сарсемалиевтің тергеу кезіндегі видеосы көрсетілді. Онда ол қылмысты жасыруға шешім қабылдағанын және қайынапасының жағдайына алаңдамағанын айтқан.

Ақбаян Мұқанғалиеваның да тергеу кезінде не айтқаны белгілі болды. Марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.

Айта кетейік, күдікті ата-енесін өлтіргеннен кейін енесінің алтындарын ломбардқа өткізген.

Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты

Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені белгілі болды.