Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада еліміздің Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратында, министрліктерде, жергілікті атқарушы органдарда және шетелдердегі елшіліктерде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Kazinform агенттігі 7-13 қыркүйек аралығындағы жаңа кадрлық тағайындауларға шолу ұсынады.

Фото: gov.kz

8 қыркүйек күні ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі тағайындалды.

Тиісті Жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Эльдар Сейдахметұлы Толғанбаев Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі лауазымына тағайындалсын, — делінген құжатта.

Эльдар Толғанбаев 1981 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, Д. А. Қонаев атындағы университетті тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы мәслихат аппаратының бас маманы болып бастаған.

2005-2006 жылдары — Алматы облысы Алакөл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің маманы.

2006-2008 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрылымында қызмет еткен.

2008-2012 жылдары — бас кеңесші; ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Ақпараттық-талдау орталығының жедел ақпарат секторының меңгерушісі.

2012-2016 жылдары — ҚР Президентінің жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директорының орынбасары.

2016-2019 жылдары — ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының кеңесшісі.

2019 жылы жеке құрылымында жұмыс істеді.

2019-2020 жылдары — «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

2020-2022 жылдары — «Almaty телерадиокомпаниясы» АҚ бас директорының бірінші орынбасары.

2022-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.

2023 жылы ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.

2023-2024 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

2024 жылғы ақпаннан қазірге дейін Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары болып еңбек етті.

Сонымен қатар, дәл осы күні ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың бұйрығымен Фариза Сансызбайқызы Дүйсенбаева Заң департаментінің, ал Жанат Карекенұлы Игисинов Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры болып тағайындалды.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Фариза Дүйсенбаева Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, Челябинск мемлекеттік университетінің магистратурасын осы мамандық бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2014 жылы сот жүйесінде бастаған. 2018-2023 жылдары қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі мен цифрлық даму салаларындағы мемлекеттік органдардың заң департаменттерінде жұмыс істеген. 2023 жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментінде басқарма басшысы, кейін департамент директорының орынбасары болды. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 12 жылдан асады.

Фото: Оқу-ағарту министрі

Ал Жанат Игисинов Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінде, Қарағандыдағы «Болашақ» институтында және Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде кәсіптік оқыту, құқықтану және экономика мамандықтары бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2002 жылы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде бастаған. 2008 жылға дейін мәдениет және ақпарат саласындағы орталық мемлекеттік органдарда қызмет атқарған. 2008 жылдан бері білім беру саласында үздіксіз еңбек етіп келеді. Білім және ғылым министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінде бас сарапшы, басқарма басшысы болды, ал 2023-2026 жылдары Бақылау және өтініштермен жұмыс департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 24 жылдан асады.

Тағайындаулар кәсіби тәжірибе, біліктілік пен қызметтік өсу ескеріліп, меритократия қағидатына сәйкес жүзеге асырылды.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа басшыларды қызметке тағайындалуымен құттықтап, тиісті бағыттардағы жұмысты жүйелі ұйымдастыруды және қойылған міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

9 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымына Айдар Садырбаев тағайындалды.

Фото: ШҚО әкімдігі

Айдар Серікқазыұлы 1986 жылы 25 қыркүйекте бұрынғы Семей облысы Жаңасемей ауданы Новопокровка ауылында дүниеге келген.

2009 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Тарих» мамандығы бойынша тамамдап, еңбек жолын 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданына қарасты Переменовка ауылының орта мектебінде мұғалім болып бастаған.

Әр жылдары Бородулиха ауданы мен Семей қаласының ішкі саясат бөлімдерінде нұсқаушы, жетекші және бас маман, басшының орынбасары, басшы, Семей қаласы әкімінің орынбасары, «AMANAT» партиясының облыстық филиал төрағасы, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында ішкі саясат басқармаларының басшысы қызметтерін атқарды.

Ал 10 қыркүйекте Президент әкімшілігі және Жалағаш аудандық мәслихатының келісімдері негізінде облыс әкімінің өкімімен Жалағаш ауданының әкімі лауазымына Ерлан Төралиев тағайындалды.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Ерлан Кәрімбекұлы 1977 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін өнеркәсіп және азаматтық құрылыс, экономика және менеджмент мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын «Фармация» акционерлік қоғамында менеджер болып бастап, кейін мемлекеттік органдар мен жеке секторда түрлі жауапты қызметтер атқарған.

2004-2013 жылдары облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы және облыс әкімінің кеңесшісі болды.

2013-2020 жылдары жеке құрылыс компаниясының директоры, «Мемсараптама» РМК бас директорының бірінші орынбасары, сондай-ақ «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып еңбек етті.

2022 жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

11 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстанның Малайзия мен Грузиядағы елшілерін тағайындады.

Мемлекет басшысының жарлықтарымен:

Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалин Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды;

Талғат Мұбарақұлы Адуов Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.

Фото: qaj.kz

Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Болат Болатұлы Сүгірбаев Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Бруней-Даруссаламдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.

Фото: Gov.kz

Дәл осы күні Мемлекет басшысының өкімдерімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратында бірқатар кадрлық тағайындау болды.

Президент өкімімен Александр Владимирович Суханов Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты Талдау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

Сондай-ақ Расул Қабдоллаұлы Оразғұлов Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты Қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, бұрынғы лауазымынан босатылды.

Фото: inbusiness.kz

Марат Мақсұтұлы Аймашев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Ол да бұрынғы атқарған қызметінен босатылды.

Фото: Akorda

Ал Ерлан Ысқақұлы Байтұқбаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты Хатшылығының меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Сонымен бірге, 11 қыркүйекте Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен, Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихаттың келісімімен Жетісу ауданының әкімі болып Құрасбек Сәдібеков тағайындалды.

Фото: Алматы әкімдігі

Құрасбек Сәдібеков 1989 жылы 28 желтоқсанда Астана қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Саясаттану» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2017 жылы Манчестер университетін (Ұлыбритания) «Халықаралық даму: саясат, басқару және даму стратегиясы» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2011 жылы Шымкент қаласы Абай ауданы әкімі аппаратының бас маманы қызметінен бастаған. 2013-2017 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі комитетінде түрлі қызметтер атқарды. 2014-2017 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және даму департаментінде бас сарапшы болып жұмыс істеді. 2017-2019 жылдары ҚР Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі қызметін атқарған.

2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Ташкент қаласындағы Елшілігінде үшінші хатшы ретінде дипломатиялық қызмет атқарды. 2022 жылы қазаннан 2025 жылы қаңтарға дейін Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

2025 жылы қаңтардан мамырға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау бөлімінде инспектор қызметін атқарды. 2025 жылы мамырдан бастап Жетісу ауданының әкімі болып тағайындалғанға дейін Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Сондай-ақ, аталған күні Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Лаура Ахметнияз ведомствоның Медициналық бақылау комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: ҚР Үкіметі

1971 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген.

Еңбек жолын 1993 жылы Шымкент қаласындағы «Фосфор» МСБ-да учаскелік терапевт болып бастаған.

1997–2000 жылдары — ОҚО Медициналық сақтандыру қорының «Денсаулық» РМКК бас маманы.

2000–2005 жылдары — ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы.

2005–2006 жылдары — Медициналық қызметтердің сапасын бақылау комитеті Ақмола облыстық басқармасының бөлім бастығы.

2006–2008 жылдары — ҚР ДСМ Медициналық қызметтердің сапасын бақылау комитетінің бөлім бастығы.

2008–2009 жылдары — «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның сапа менеджері.

2009–2010 жылдары — ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау Комитеті басқармасының бастығы.

2010–2011 жылдары — Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары.

2011–2013 жылдары — ҚР ДСМ Стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары.

2013–2014 жылдары — ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасы.

2014–2017 жылдары — ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары.

2017–2018 жылдары — ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры.

2018–2019 жылдары — ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары.

2019–2020 жылдары — ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары.

2020–2024 жылдары — ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары.

2024 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ДСМ Стратегия және даму департаментінің директоры қызметін атқарды.

Ал қыркүйекте Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Бауыржан Жүсіпов ведомствоның Фармация комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлайды.

Фото: ҚР Үкіметі

Бауыржан Әлішерұлы 1981 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, Астана медицина университетін бітірген. Қоғамдық денсаулық сақтау магистрі академиялық дәрежесі бар.

Еңбек жолын 2002 жылы Шымкент қаласының Жедел медициналық жәрдем стансасының фельдшері болып бастаған.

2007–2010 жылдары — Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың хирург-дәрігері.

2010–2013 жылдары — Ұлттық медициналық холдингтің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің менеджері.

2013–2017 жылдары Республикалық диагностикалық орталықта басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

2022 жылдан 2025 жылға дейін ҚР Президенті Іс Басқармасында басшылық қызмет атқарды.

2025 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

Дәл осы күні Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланды.

Фото: ҚР ҰОК

Комитеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, сайлау бүгін, 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтіп жатқан ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтті.

Геннадий Головкин 2026-2029 жылдарға арналған Атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлеріне жауапты вице-президент ретінде тағайындалды.

Ал ISSA президенті қызметіне Сауд Арабиясының спорт министрі, елдің Олимпиада және Паралимпиада комитетінің басшысы, ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Фейсал қайта сайланды.

Геннадий Головкиннің ISSA басшылығына сайлануы оның халықаралық спорт саласындағы қызметінің жаңа кезеңіне жол ашты. Ол 2024 жылдың ақпанынан бері Қазақстан ҰОК президенті қызметін атқарып келеді. 2025 жылдың қарашасында Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланған еді. Осылайша, ол Олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияны басқарған тұңғыш қазақстандық атанды.

Айта кетейік, бұған дейін өткен аптадағы кадрлық тағайындаулар туралы жазғанбыз.