FlyDubai ұшағының екінші ұшқышы капитанға балтамен шабуыл жасаған – БАӘ

АСТАНА. KAZINFORM – FlyDubai әуе компаниясының Тель-Авивке бағыт алған ұшағында екінші ұшқыш командирге апат кезінде қолдануға арналған балтамен шабуыл жасап, әуе кемесін басып алуға әрекет жасаған. БАӘ Бас прокуратурасы бұл оқиғаны «террорлық шабуыл жасауға әрекет» деп бағалаған. Бұл туралы Euronews жазды.

Фото: flydubai.com

FZ1073 рейсінде 182 адам болған. БАӘ Бас прокуроры Хамад Саиф аш-Шамсидің айтуынша, екінші ұшқыш ұшақты басқаруды өз қолына алуға тырысқан. Қазір оқиғаның себептері, күдіктінің ықтимал байланыстары және басқа да мән-жайлар тексеріліп жатыр.

Associated Press мәліметінше, күдікті – Оман азаматы Хамам аль-Хаммами. Оман билігі бұған дейін оның радикалды көзқарастары болуы мүмкін деген қауіппен ұшуына тыйым салып, Oman Air компаниясында әкімшілік қызметке ауыстырған.

Кейін ол БАӘ-де орналасқан FlyDubai компаниясына жұмысқа қабылданған. Оның жұмысқа орналасу кезінде қаншалықты мұқият тексерілгені әзірге белгісіз.

Израиль мен Оман арасында дипломатиялық қарым-қатынас жоқ. Сондықтан тергеушілердің басты сұрағының бірі – мұндай күдікке іліккен ұшқыштың Тель-Авивке бағыт алған рейстің кабинасына қалай жұмысқа кіргені.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху екінші ұшқыштың «исламистік радикалдануға» ұшырағанын мәлімдеді, алайда оған дәлел келтірмеді.

Ұшақ командирі, Үндістан азаматы Смит Маччхар бейсенбі күні Сауд Арабиясындағы аурухана палатасынан Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге жасаған эмоцияға толы бейнеүндеуінде шабуыл кезінде соңғы күшін жинап, кабина есігін ашқанын айтты. Осыдан кейін жолаушылар мен экипаж мүшелері ішке кіріп, екінші ұшқышты залалсыздандырып, ұшақты басқаруды қалпына келтірген.

БАӘ президентінің кеңесшісі Анвар Гаргаш үндістандық ұшқыш Смит Маччхарды батылдығы мен кәсібилігі үшін жоғары бағалап, оны ықтимал апаттың алдын алған «нағыз қаһарман» деп атады.

Оқиға аймақтағы әуе қатынасы мен туризм саласына да әсер етті. БАӘ Израильге барлық рейстерін тоқтатты, ал Израильдің El Al әуе компаниясы БАӘ-ге рейстерін уақытша тоқтатты. Кейін екі ел жолаушыларды қайтару үшін арнайы репатриациялық рейстер ұйымдастыруға келісті.

Айта кетейік, бұған дейін Дубайдан Тель-Авивке ұшқан рейс апаттық сигнал беріп, Израиль жойғыш ұшақтарды әуеге көтерген еді.

Ұшақ борттағы оқиғадан кейін Сауд Арабиясына қонды. Ал жолаушылар лайнерде не болғанын айтып берді.

Ұшақ бортындағы оқиғадан кейін Flydubai Израиль рейстерін уақытша тоқтатты.