Қазақстан Азиаданың алтыншы жарыс күнінде бес қола медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM – 25 қыркүйекте Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының алтыншы жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бес қола медаль иеленді, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиада комитеті.

Фото: ҚР ҰОК

Жүлделердің бірін жеңіл атлет Алина Чистякова жеңіп алды. Ол жетісайыстың жеті сайысы бойынша 5568 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Жапониялық Юри Танака чемпион атанса, оның отандасы Нанака Кадзики күміс жүлдеге ие болды.

Жеңіл атлетикадан тағы бір қола жүлдені Полина Иванова иеленді. Сырықпен секіру финалында қазақстандық спортшы 4,15 метр биіктікті бағындырып, үндістандық Бараника Элангованмен бірге үшінші орынды бөлісті. Анна Черкашина 4 метр нәтижемен жетінші орын алды.

– Алтыншы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы бес қола медаль жеңіп алды. Осылайша алты күннің қорытындысы бойынша ұлттық құраманың жүлде саны 30-ға жетті, – деп мәлімдеді Ұлттық Олимпиада комитеті.

Нысана көздеуден Ислам Сәтпаев жүлдегер атанды. Ол 50 метр қашықтықтан үш қалыпта мылтықпен ату сайысының финалына шығып, 348,3 ұпаймен қола медаль иеленді. Іріктеу кезеңінде Сәтпаев 584 ұпай жинаған. Константин Малиновский 13-орын, Никита Шахторин 20-орын алды. Командалық есепте Қазақстан бесінші болды.

Семсерлесуден Қазақстан әйелдер құрамасы да қола жүлдеге қол жеткізді. Шпагамен семсерлесудің ширек финалында София Николайчук, Ирина Бакалдина, Дарья Самоделкина және Владислава Андреева Гонконг құрамасын 45:35 есебімен жеңді. Жартылай финалда Қазақстан Қытайдан 21:45 есебімен жеңіліп, командалық жарысты үшінші орынмен аяқтады.

Байдарка мен каноэде есуден де Қазақстан қоржынына қола медаль түсті. Ольга Шмелева, Стэлла Суханова, Татьяна Токарницкая және Эвелина Костенко 500 метрге байдарка-төрттік жарысында үшінші орын алды. Қазақстандық экипаждың нәтижесі – 1:37.005. Қытай құрамасы жеңімпаз атанса, Өзбекстан екінші орынға ие болды.

Алты жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 30 медаль бар. Оның сегізі – алтын, сегізі – күміс, 14-і – қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан төртінші орында тұр.