Атырау облыстық прокуратурасының бөлім прокуроры Мирас Бауыржановтың айтуынша, бұл қылмыс үлкен жоспарға негізделген.
— Сотталушы Сарсемалиевтің әрекетінің салдарынан бір шаңырақтың шырағы мәңгілікке сөнді. Іс барысында барлық дәлелдер зерттелді. Материалдар жан жақты қаралды. Сотталушы жәбірленушілер үшін бөтен адам емес, күйеу баласы болды, -деп сөзін бастады мемлекеттік айыптаушы.
Кейін ол әр қылмысқа жеке жеке тоқталып, айыптардың қандай жағдайға байланысты тағылғанын айтты.
— Айыпталушы Сұлтан Сарсемалиев бұрынғы әйелінің әке-шешесі мен бауырларын өлтіріп, марқұмдардың карталары мен телефондарын пайдаланып, алаяқтық жасаған. Жәбірленушілердің зейнетақысын иемдену үшін шот ашқан. Оның іс-әрекеті аса ауыр қылмысқа жатады. Қылмыстық кодекстің 53,54 бабы бойынша оның жазасын жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Сотталушы алғашқы қылмысын жасағаннан кейін іс-әрекетін тоқтатпаған. Бұл саналы жүзеге асырылған қылмыстық жоспар, -деді мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов.
Өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісіне өзгеріс енгізді. Айыпталушыға интернет арқылы алаяқтық және мал ұрлығы бойынша жаңа айыптар тағылып, адам өлтіру баптарының құқықтық саралануы толықтырылды.
Бұған дейін Сұлтан Сарсемалиев қайынағасы Наурызды Мұқанғалиевті өзін қорғау мақсатында өлтіргенін айтқан болатын. Алайда мемлекеттік айыптаушы бұл эпизод бойынша ұстанымын өзгертпей, қылмыс қасақана жасалған деген айыпты сол күйінде қалдырды.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы мал сатуға қатысты бұрынғы алаяқтық айыбының да өзгертілгенін хабарлады.
Өткен жолы Сұлтан Сарсемалиев өз телефонында сақталған аудиожазбаны дәлел ретінде ұсынып, оны марқұм Наурыз Мұқанғалиев тарапынан айтылған қоқан-лоққымен байланыстырған еді.
Жәбірленуші тарап күдіктіден 70 млн теңге моральдық өтемақы талап етті.
Сот процесі кезінде іс бойынша жиналған заттай дәлелдер көрсетілді. Олардың қатарында марқұмдардың жеке құжаттары, банк карталары, байланыс құралдары және қылмысқа қатысты басқа да айғақтар бар.
Сондай-ақ Сұлтан Сарсемалиевтің тергеу кезіндегі видеосы көрсетілді. Онда ол қылмысты жасыруға шешім қабылдағанын және қайынапасының жағдайына алаңдамағанын айтқан.
Ақбаян Мұқанғалиеваның да тергеу кезінде не айтқаны белгілі болды.
Айта кетейік, күдікті ата-енесін өлтіргеннен кейін енесінің алтындарын ломбардқа өткізген.
Күдікті 2024 жылы кәсіпкерлік нысандардың біріне жалдамалы жұмысшы болып, жер қазып, қоқыс шығарған. Сұлтан мен жұмыс берген кәсіпкер бір ықшамауданда тұрған. Ара тұра бір-бірін көргеннен кейін аға-іні болып араласқан. Куә сол кезде Сұлтан Сарсемалиевтің қара жұмысқа икемді, қолы машықтанған, жерді жалғыз өзі қазатын қайратты екенін айтқан.
Айыпталушы Сұлтан Сарсемалиев сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді.
Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты.
Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес (екі және одан да көп адамды өлтіру), сондай-ақ мал сату, карталарды жымқыру деректері бойынша осы кодекстің 188 және 190 баптары аясында қылмыстық іс қозғалған еді.
Тергеу барысында Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған.
Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Ал. Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды.
Марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.
Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені белгілі болды.
Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.