Бүгінде қала көшелері тазартылып, абаттандыру жұмыстары толық аяқталған. Қала аумағында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің тулары желбіреп, бауырлас халықтардың бірлігі мен ортақ рухани байланысын айшықтап тұр.
Биылғы саммиттің Түркістанда өтуі де кездейсоқ емес. Тарихы терең, түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен рухани тамырын тоғыстырған шаһар бүгінде түркі әлемінің саяси әрі мәдени ықпалдастығын нығайтатын маңызды орталыққа айналып келеді.
Алқалы жиынның басты тақырыбы — «Жасанды интеллект пен цифрлық даму». Саммитке ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің басшылары, халықаралық ұйымдар мен түркі интеграциялық институттарының жетекшілері қатысады деп жоспарланған.
Ірі халықаралық іс-шара қарсаңында қауіпсіздік шаралары да күшейтілген. Қалада полиция, Ұлттық ұлан, прокуратура, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметі, төтенше жағдайлар департаменті, әскери бөлімдер және өзге де құрылым өкілдері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Түркістанға Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан қосымша тәртіп сақшылары тартылған.
Ұлттық ұлан сарбаздары мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері де қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылды. Қаланың алты бағытында арнайы бақылау бекеттері қойылып, көлік құралдары тексеріліп жатыр.
— Түркістан қаласы арқылы республикалық маңызы бар Самара — Шымкент тасжолы өтеді. Ол жолмен транзиттік көліктер қатынайтындықтан арнайы айналма бағыттар қарастырылды. Сондықтан негізгі шектеулер Саттарханов даңғылы мен «Керуен сарай» маңында енгізіледі, — деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтбаев.
Қазір қауіпсіздік құрылымдары соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап, арнайы техниканың дайындығын тексеріп жатыр. Ресми делегацияларды тасымалдайтын қызметтік көліктер де толық әзірленген.
— Саммит өтетін 16 нысанға арнайы жүрдек автокөліктер мен өрт сөндіру техникалары кезекшілікке қойылды. Сонымен қатар бір арнайы авиация борты бөлінді. Қызылорда облысынан қосымша ұшақ тартылады. Жалпы қауіпсіздік осы техникалар арқылы қамтамасыз етіледі, — деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Асқар Сейсенов.
Саммит қарсаңында Түркістанның кіреберісіне алып Тайқазан композициясы орнатылды. Бұл нысан түркі халықтарының бірлігі мен берекесінің символы ретінде бой көтерген. Ерекше сәулеттік шешіммен жасалған композицияны әуеден қарағанда Түркі мемлекеттері ұйымы туының бейнесі көрінеді.
Ерекшелігі сол, жаңа тайқазан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағындағы тарихи тайқазаннан бес есе үлкен.
— Композицияның биіктігі — 10,4 метр, диаметрі — 12 метр. Нысан металлоконструкция негізінде салынып, сыртқы бөлігі шыны талшықпен қапталған, — деді Түркістан қаласы урбанистика орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы Нұрсұлтан Қалмырза.
Сонымен қатар шаһарда ұлттық мәдениетті дәріптеуге және туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа этнотуристік кешен пайдалануға берілді.
Жалпы аумағы 707 шаршы метр болатын кешеннің басты нысаны — диаметрі 31 метр, биіктігі 15,5 метрге жететін алып киіз үй.
Мұнда форумдар, этнофестивальдер, халықаралық көрмелер мен мәдени шаралар өткізу жоспарланған. Кешен аумағында шағын киіз үйлер де орналастырылған.
Түркістандағы қолөнершілер қалашығы да халықаралық жиынға толық дайын. Саммит аясында шетелден келген 17 қолөнершінің туындылары мәртебелі меймандар назарына ұсынылады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Түркістандағы 70-ке жуық қонақүй мен орналастыру орны шетелдік және отандық делегацияларды қабылдауға әзір.
Тарихи жиын 1 мың адамға арналған Конгресс холлда өтеді.
Бұдан бұрын Түркістанға 4 өңірден патрульдік полиция қызметкерлері көмекке келгенін жазған едік. Сонымен қатар қала аумағында дрон ұшыруға уақытша тыйым салынды.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 14-15 мамыр күндері уақытша жабылып, бірқатар көшелерде көлік қозғалысы шектелді.
Осы екі күн Түркістандағы мектептер мен колледждер онлайн оқытуға көшеді.