18 жасымда алғаш рет трактор жүргізе бастадым — қызылордалық ардагер
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы Жалағаш ауданының М.Шәменов ауылында тұратын Қалимаш Мақұлбаева трактор рөлін 18 жасында тізгіндеген.

Бүгінде ол балалары мен немерелерінің қызығы мен қуанышына бөленіп отыр. Ал «жас кезімде тракторшы болғанмын» десе, немерелері таңдана әрі сенбестікпен қарайды екен.

— Сегізіншіні бітіргесін ауылдан 10 қыз кәсіптік-техникалық училищеге механизатор мамандығы бойынша оқуға түстік. Еңбек жолымды туып-өскен ауылымда трактор айдаудан бастадым. Ол кезде небары 18-де едім. 50 сом жалақы, 600 сом сыйақы беретін. Жастықтың буымен сонда еш қорқуды білмейтін едік. Қатар оқыған Күміскүл құрбыммен бірге не жұмыс тапсырса да жүгіріп кете беретінбіз. Арасында аспаз да болдым, рацияда да отырдым. Бірақ тапсырма болса, кез келген уақытта тракторымды оталдыруға дайын тұратынмын. Тұрмысқа шыққаннан кейін де жолдасымның, енемнің рұқсатымен жұмысымды жалғастырдым, — деді еңбек ардагері.
Кейіпкеріміз он жылдан көп уақытын ауыр техника тізгіндеуге арнады. Тек тосыннан келген апат кесірінен сүйікті жұмысынан қол үзді.

— Бір күні қайнағамның тракторына екі-үш әйел мініп, бақшаға барғанбыз. Қайтар жолда апатқа ұшырап, жолаушылардың ішінде маған ғана зардабы тиді. Аяқ-қолым істемей қалып, екі айдай ауруханада жатып шыққан соң мені мүгедек деп есепке алды, — деді Қалимаш Мақұлбаева.
Тракторшы апа сөз арасында жастық шағыдағы естелігімен бөлісті.
— Туған ауылымда, Т-28, Т-40 маркалы тракторлар жүргіздім. Өзім келін боп түскен Шәменов ауылында әуелі ескі «Беларусь» тракторын, кейін Т-80 тракторының тізгінін ұстадым. Соңғысы жап-жаңа Т-82 тракторы болды. Оның арасында бала күтімімен демалыста болдым, бақша еккенім бар. Бас-аяғы 10 жылда 5 трактор ауыстырыппын. Трактор бұзылып қалса, тоқтап қалған орнымда жеңіл-желпісін өзім жөндеп ала беретінмін. Білмеген жерімді ғана механиктерден сұрап алатынмын, — деді ол.
Трактордың тілін жетік білетін кейіпкеріміз жеңіл көлікті де бірден үйренген. «Үйде балалардың көлігін оталдырып жүре беремін» дейді тракторшы апамыз.
Айта кетейік, Шиелі ауданының орталығында 15 жылдан бері көлік дөңгелегін жөндеумен айналысып жүрген әйел тұрады.