2025 қорытындысы: Мәдениет саласындағы айтулы оқиғалар
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жыл Қазақстанның мәдениет саласы үшін мазмұнды да мағыналы кезең атанды және өнер, әдебиет, театр мен креативті индустрия үшін жаңашылдықтарға толы болды. Қазақстан мәдениеті халықаралық кеңістікте жаңа деңгейде танылды. Абайдың 180 жылдық мерейтойы елімізде ғана емес, шет елдерде де тойланды. Елімізге “А” санатына жататын әлемдік поп жұлдыздар келіп, Нью-Йорк фильм академиясының үшінші филиалы ашылды. Кинопрокатта да отандық фильмдер миллиард теңгеден астам табыс таба бастады. Kazinform агенттігі 2025 жылы елімізде өткен айтулы мәдени оқиғаларға шолуын ұсынады.
Фонограмманы шектеу, ЛГБТ насихатына тыйым — Жаңа заңдар
2025 жылғы Парламент мәдениет саласына қатысты бірқатар заңдар мен өзгертулер қабылдады. 10 ақпанда Мемлекет басшысы мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша заңға қол қойды. Заң мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейтуге, оның мәртебесін нығайтуға, мәдени бағдарламаларды іске асырудың құқықтық базасын жаңартуға, материалдық емес мәдени мұраны қорғауға бағытталған.
Сондай-ақ, наурыз айында Президент Түркістан қаласының тарихи-мәдени және туристік орталық ретінде арнайы мәртебесін беретін заңға қол қойды. Бұл заң қаладағы тарихи, мәдени мұраны, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау, қалпына келтіру және дамытуға бағытталған. Заң аясында тарихи және археологиялық ескерткіштерді сақтау мен қорғау күшейтілді. Ұлттық қолөнерді жандандыру мен қолдау шаралары белгіленді. Археологиялық қорық ұйымдастыру шаралары қарастырылды.

26 желтоқсанда Мемлекет басшысы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері жөнінде заңға қол қойды. Бұл құжат археологиялық қызметті жүйелеуге және тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау кепілдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе, археологиялық жұмыстар бойынша бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру; археологиялық олжалар мен материалдарды табыстау, Ұлттық депозитарий құру қарастырылған.
Қараша айында Парламент фонограмма пайдалануды шектеу туралы заңды қабылдады. Атап айтқанда, бұл норма концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысты, яғни 200 көрерменнен астам іс-шараларда фонограмма пайдалануға тыйым салынады. Дегенмен, көшелер мен алаңдарда, ипподром сияқты нысандарда фонограммаға тыйым салынбайды. Бірақ, осыған қатысты ұйымдастырушылар тиісті хабарлама жасауға міндеттеледі. Мұнымен қоса, телевизиялық жазбалар кезінде фонограммаға рұқсат беріледі.
Әзірге Мәжіліс креативті индустрияны қолдау мен дамытуға бағытталған Заңды қабылдады. Онда «Креативті индустрия қызметкері» және «креативті индустрия субъектілерінің тізілімі» ұғымдары енгізіледі. Әкімдіктерге креативті индустриялар саласындағы кәсіпкерлікті дамыту арқылы әлеуетті ашу және таланттарды дамыту үшін жағдай жасау құзыреті беріледі. Креативті индустрия қызметкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі нормалар пайда болады.
Сондай-ақ, Сенат «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Онда архивтерге «Ұлттық» мәртебе беру, ауылда жұмыс істейтін архив қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу және өскелең ұрпақты дәстүрлі емес жыныстық қатынастар мен педофилияны насихаттаудан қорғау қарастырылған.
Әлемдік жұлдыздар концерті
Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия үшін жылдың басты мәдени жаңалығы — Дженнифер Лопес, Backstreet Boys тобы секілді әлемге танымал поп-жұлдыздардың Алматы мен Астанада өткізген концерті болды.

Ең алдымен Дженнифер Лопестің келуі Астананың А-класты жұлдыздардың гастрольдік картасына енуіне жол ашты. 1 тамыз күні «Астана Арена» стадионындағы концертке 25 мыңнан астам билет, Алматыдағы концертке 27 мың билет сатылған. Олардың арасында алыс-жақын 30-ға жуық елден келген 7 мыңға жуық шетелдік турист болды.
Сонымен бірге, аңызға айналған америкалық Backstreet Boys тобы алғаш рет Қазақстанда концерт қойды. Астанадағы концертке Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және тағы басқа 45 елден 12 мыңнан астам турист келген. Тіпті Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys концерттері Астана мен Алматыдағы мейрамхана, дәмханалардың саудасын 11 пайызға дейін арттырған.
— Алдағы 3 жылда «A» санатындағы 10-нан астам концерт өткіземіз, бұл процесс қазірдің өзінде басталып кетті. Концерттерді ұйымдастыратын компаниялар 1 миллиард теңгеден астам салық төлейді, — дейді продюсер Мәлік Хасенов.
Сондай-ақ биыл 28 қазанда әлемге әйгілі италиялық опера әншісі Андреа Бочелли Алматыдағы Almaty Arena стадионында үлкен концерт өткізді. Бұл оның 2025 жылғы әлемдік турының бір концерті болды.
Қыркүйек айында Park Live Almaty музыкалық фестивалінде Robbie Williams, Marilyn Manson, Röyksopp, Alan Walker, Morcheeba, The Hu, Shortparis, Swae Lee, Elderbrook және Bloodywood сияқты әлемдік жұлдыздар өнер көрсетті.
Silk Way Star байқауын 1 миллиард көрермен тамашалады
Биыл Jibek Joly телеарнасында 12 елдің өнерпазын біріктірген Азияның алғашқы вокалдық мега-жобасы — Silk Way Star байқауы өтті. Миллиондаған көрермен жинаған Silk Way Star мегажобасы ҚР Президенті Телерадиокешені мен Қытайдың China Media Group медиакорпорациясы арасындағы келісім аясында өтті. Дүние жүзіндегі миллиондаған көрермен жобаны бақылап, әр елдің музыкалық мұрасын таныды. Жобаны бір миллиард көрермен тамашалады.

Байқауға Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Кореядан келген әртістер қатысты. Қазақстан намысын белгілі әнші ALEM (Батырхан Мәліков) қорғады. Ол k-pop жанрында корей тілінде «Come back home» әнін, синти-поп жанрында аңызға айналған «Take on Me» әнін, рок стилінде 6ELLUCCI тобының «Qara» туындысын орындап, диапазонының кеңдігі, сахнадағы еркіндігі және эмоцияны дәл жеткізе алуы арқылы жобадағы фаворит қатысушының біріне айналды.
Гранд-финалда Моңғолия өкілі, жеңімпаз дәстүрлі уртын-дууды заманауи музыкалық жанрлармен үйлестіретін танымал әнші және композитор Мишель Джозеф жеңіске жетті. Енді байқаудың келесі маусымы Қытайда өтеді. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген елдер қатары да артып келеді. Индонезия, Үндістан, Пәкістан, Вьетнам, сондай-ақ бірнеше араб мемлекеттері жобаға қосылуға қызығушылық танытқан.
Джеки Чан Маңғыстауда фильм түсіреді
Маңғыстау облысында аты аңызға айналған Джеки Чанның қатысуымен фильм түсіріледі. «Құдіретті сауыт» («Armour of God») жобасының тобы Ақтауға келіп, табиғи локацияларды қараған. Ұзақ келіссөз нәтижесінде бірегей ландшафттары, ауқымды панорамалары және табиғи ерекшелігі үшін «Құдіретті сауыт» фильмінің түсірілім орны ретінде дәл Маңғыстау таңдалды. Ал режиссер ретінде Роберт Кунды Джеки Чанның өзі бекіткен.

Жобаны ұйымдастырушылардың хабарлауынша, бұл шешім Бейжіңдегі келіссөздерден кейін қабылданған. Культке айналған фильмнің Маңғыстауда түсірілуі Қазақстанның киноиндустриясы үшін маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр. Жобаның жүзеге асырылуы еліміздің халықаралық кинематографиялық кеңістіктегі орнын нығайтып, өңірге инвестициялар тартуға, сондай-ақ креативті индустриялар мен туризм әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
Айта кетейік, «Құдіретті сауыт» франшизасы алғаш рет 1986 жылы жарық көрді. Экшн мен шығыс комедиясын үйлестірген туынды Джеки Чанды әлемдік жұлдызға айналдырды.
Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы
Биыл ТҮРКСОЙ Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйым Ақтау қаласын “Түркі әлемінің мәдени астанасы” деп жариялады. Жоба аясындағы іс-шаралар жыл бойы жалғасты. Осы аралықта түркітілдес мемлекеттер арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, әлемге таныту мақсатында түркітілдес мемлекеттер өнерпаздарының қатысуымен көптеген мәдени іс-шара қолға алынды.

Каспий теңізінің жағалауында өткен жылдың ашылу салтанатына 25 адам жиналды. Бұрын-соңды болмаған халықаралық деңгейдегі мәдени шараға Димаш Құдайберген арнайы қатысты. Арғықазақ мифологиясына құрылған «Суын айғыр» ауылы ашылып, мифолог ғалым Серікбол Қондыбайдың мемориалдық музейінің негізгі жәдігерлері қойылды. «Түркі әлемінің тотемі» халықаралық конференциясы, «Қырымның қырық батыры» жырына арналған түркі эпостарының шеру-фестивалі, «Каспий – достық теңізі» вокалды-инструменталды ансамбльдері фестивалі мен Түркі елдерінің фольклорлық ансамбльдері және аспапта орындаушыларының фестивалі өтті.
Сонымен бірге, «АҚ МАЯ FEST» шұбат фестивалі, «Жұмбақ бояулар» халықаралық суретшілер мен мүсіншілер симпозиумы және XXV «ТҮРКСОЙ суретшілерінің мәжілісі», Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында жас ақындар арасындағы «Түркі шайырлары» І халықаралық поэзия фестивалі болды.
«XXI ғасырдың музыкалық құбылысы»: Димаш әлемдік турне жасады
2025 жыл қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің өнері мен халықаралық беделін жаңа белестерге шығарған маңызды кезең болды. Биыл ол өзінің әлемдік “Stranger” турымен кең көлемді гастрольдік сапар ұйымдастырып, Madison Square Garden (Нью-Йорк) сияқты әйгілі аренада жеке концерт берген алғашқы қазақстандық атанды. Димаштың туры Лондон, Барселона, Мехико, Рига сияқты басқа да ірі қалаларда өтті.

Сонымен бірге Димаш халықаралық гуманитарлық қызметте белсенді рөл атқарды — 2025 жылы ол БҰҰ Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) Жаһандық ізгі ниет елшісі атанды. 22 шілдеде Димаш Құдайберген Қырғызстанның халық әртісі атағын алды. Ал Вьетнамдағы бұқаралық ақпарат құралдары Ханойда өтетін 8WONDER Winter 2025 фестивалінде өнер көрсеткен Димаш Құдайберген туралы “Сирек кездесетін жаһұт” деп сипаттап жазды.
Жеке шығармашылықта да тың бастамалары бар: Димаш Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әніне жаңа дем беріп, әлеуметтік желіде жанкүйерлер арасында челлендж ұйымдастырды. Оған қоса, әншінің шығармашылық жолына арналған «Димаш Құдайберген: Шексіз музыка» атты кітап-альбомды көпшілік назарына ұсынылды.
Алматы маңында New York Film academy филиалы ашылды
Алматы облысының Қаскелең қаласында әлемге әйгілі америкалық кино мектебі – New York Film Academy филиалының ресми ашылу рәсімі өтті. Бұл – АҚШ-тан тыс үшінші NYFA кампусы және Қазақстанда ашылған әлемдік деңгейдегі алғашқы шығармашылық университет.
Филиалда АҚШ-тан арнайы келетін NYFA кәсіби дәріскерлері бір жылдық және қысқа мерзімді оқу бағдарламалары аясында бес бағыт бойынша білім береді: Кино (Filmmaking); Продюсерлік ету (Producing); Сценарийлік іс (Screenwriting); Анимациялау және визуалды әсерлер (3D animation & VFX); Ойын әзірлеу (Game design).
Академияның алғашқы қабылдауына Қазақстаннан және өңірдің көрші елдерінен (Қытай, Үндістан, Ресей) 200 студент қабылданды. Оқуды бітіргеннен кейін түлектер Америка университетінің дипломдарын және Нью-Йоркте немесе Лос-Анджелесте оқуын жалғастыра алады.
Almaty Museum of Arts — Алматыдағы жаңа өнер музейі
2025 жылы 12 қыркүйекте Алматыда Almaty Museum of Arts (ALMA) ашылды. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі заманауи өнерге арналған музейлердің бірі. Музейдің миссиясы – заманауи өнер үдерістерін қолдау және зерттеу, олардың әлемдік мәдениеттегі маңызын ашу. Музей қорына Қазақстаннан және басқа да елдерден жиналған 700 өнер туындысы енді.

Жалпы аумағы 10 мың м²-ден асатын музей ғимаратын британдық Chapman Taylor сәулет бюросы жобалаған. Бірінші қабатта кең көрме залдары орналасқан, соның ішінде «Ұлы дала» және «Сарыарқа» залдары бар. Орталық кеңістік Art Street атриумына берілген, ол Шарын шатқалының табиғи пішіндерін бейнелейді. Сондай-ақ мұнда кәсіби қор сақтау орны, реставрациялық орталық және «Шеберхана» атты креативті кеңістік орналасқан.
Музей коллекциясының 70%-дан астамы ХХ ғасырдың көрнекті қазақстандық суретшілердің еңбегінен тұрады. Атап айтсақ, Жаңатай Шәрденов, Тоқболат Тоғызбаев, Мақым Қисамединов және Шаймардан Сариевтің шығармалары қойылған. Сондай-ақ қазақстандық заманауи өнердің негізгі тұлғалары атанған Рүстем Хальфин, Сауле Сүлейменова және Саид Атабековтің жұмыстары да бар. Болашақта музей өз коллекциясын толықтырып, мақсатын жалғастыра бермек.
Миллиардтап табыс тапқан фильмдер көбейді
Биыл мемлекеттің қолдаумен Кино орталығы арқылы 15 киножоба түсірілімге жіберілген. Олардың ішінде 8 көркем фильм («Ақжелең», «Бүркітші», «Дни», «Кенжем қайда?», «38», «Тревожная ночь», «Сағындым сені», «Мұғалім»), 2 деректі фильм («Венера. Баладан – бақ, қамыстан – құт», «Батыл бол») және 3 анимациялық фильм («Адамзатқа іздеу саламын», «Жібек», «Команда А.») бар.

Оған қоса, қазақстандық киноиндустрия қарқынды дамып, жыл сайын кассалық түсімдердің жаңа рекордтары орнап келеді. Отандық фильмдер бір-бірімен бәсекеге түсіп, шетелдік картиналарды артта қалдырып жүр.
Kinomania.kz сайтының мәліметінше, қазақстандық кино тарихында 17 коммерциялық фильм миллиард теңгеден астам кассалық түсім жинаған. Ал 2025 жылы актриса Дариға Бадықованың “Ыстық ұя” драмасы 1 754 600 300 теңге жинаса, полицейлер өмірі туралы “Патруль. Соңғы бұйрық” туындысы — 1 727 008 730 теңге, “Молда” комедиясы — 1 558 337 191 теңге, “Қолыңнан келсе алып қаш” комедиясы — 1 402 320 000 теңге табыс тапқан.
Абайдың 180 жылдығы 10 күн бойы тойланды
Биыл ұлы ойшыл, ақын Абайдың 180 жылдық мерейтойы Семей өңірінде тұңғыш рет 10 күн бойы аталып өтілді. Мерейтой кезінде мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шараларға басымдық берілді. Халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. «ABAI AKADEMIASY» атты энциклопедиялық портал іске қосылып, Абай мұрасы цифрлы кеңістікке жол ашты. Түркістан облысының мәдени күндері аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі және өнерпаздардың концерті ұйымдастырылды.

Ауқымды шараны ұйымдастыруға жүздеген мәдениет қызметкері, аспаз, техникалық мамандар, 500-ден астам волонтер және ауданнан келген ардагерлер, салт-дәстүр білгірлері жұмылдырылды. 1-10 тамыз аралығында 70-тен астам ірі мәдени іс-шара, 25 концерттік бағдарлама, 10 театрландырылған қойылым, 8 көрме мен фестиваль, 5 спорттық жарыс, 5 республикалық және халықаралық шығармашылық жоба қамтылды.
10 тамызда Абай ауданында өткен ақынның 180 жылдығына арналған мерейтойлық шараларға 50 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 15 елден шетелдік делегациялар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, өнер иелері, жастар, туристер мен БАҚ өкілдері болды. Абай ауданында 200-ден астам киіз үй тігілді. «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Жидебай» этноауылы бой көтерді. Сонымен қатар Жидебай мен Бөріліде антенна-діңгекті құрылғы орнатылып, интернет қосылды. Осылайша, Абай тойы қарсаңында Абай ауданы 100 пайыз интернетпен қамтылды.
Сонымен бірге, биыл ұлы ақын әрі «Алаш» қозғалысының қайраткері Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл, даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл, ақын Жұбан Молдағалиевтің туғанына 105 жыл, жазушы Қуандық Шаңғытбаевтың туғанына 100 жыл, Қадыр Мырза Әлі мен Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына 90 жыл, Ескендір Хасанғалиев пен Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толды. Ал Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланды.
Маңғыстауда Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығы, Ақтөбеде — Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы, Ертіс-Баян өңірінде — Жаяу Мұсаның 190, Майраның 135, Иса Байзақовтың 125 жылдығы атап өтілді. Ерейментау халқы үш бірдей тарихи тұлғаға ас берді — биыл Қанжығалы Бөгенбайдың туғанына 345 жыл, Саққұлақ бидің туғанына 225 жыл, Сәдуақас Ғылманидің туғанына 135 жыл толды.
Халықаралық мәдени қатынастар
Қазақстан 2025 жылы мәдени дипломатияны белсенді жүргізді, әлемнің бірқатар елінде халықаралық туризм және мәдениет фестивальдерінде қатысты. Мәселен, Қытайдың Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығы ашылды. Орталық өнер, тіл және мәдени алмасуға және еліміздің мұрасын таныстыруға арналған ең ірі алаңға айналды. Орталық 2000-нан астам адамды қабылдап үлгерді. Мәдениет алаңы көрме, білім беру және ағартушылық бағытта жұмыс істейді. Бұл Мемлекет басшысының Қазақстанның мәдени дипломатиясын нығайту жөніндегі тапсырмаларына толық сай келеді.

Абайдың 180 жылдығына орай Рим қаласында ұлы ақынның ескерткіші орнатылды. Бұл маңызды оқиға Италия халқының назарын аударып, Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени байланысты нығайтты. Қырғызстанның Ош қаласында Абай атындағы көше, ескерткіш және музей ашылды. Бұл – елдеріміз арасындағы берік байланыс пен қазақ ойшылының ортақ мәдени тарихтағы орынын айшықтайды.
Сондай-ақ Армениядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Бұл оқиға Президентіміздің Ереванға жасаған ресми сапары барысында мемлекет басшылары деңгейінде жасалған келісімдердің нәтижесінде жүзеге асты.
Тамыз айында Қазақстан мен Қырғызстан президенттері қатысқан Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштің ашылуы өтті. Ескерткіш Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы рухани және әдеби бірліктің символына айналды.
Сондай-ақ биыл Армения мен Ресейде Қазақстанның мәдени күндері өтті. Ал Қазақстанда Вьетнам халқының мәдени күндері ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар халықаралық мәдени коммуникацияны нығайтып, елдің шығармашылық жобаларға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Бұған дейін қазақ дипломатиясының жаңа дәуірі, халықаралық аренадағы табыстар мен сын-қатерлер туралы жыл қорытындысын жариялаған едік.
Сондай-ақ, 2025 жылы әлемді өзгерткен адамдар мен оқиғалар туралы Kazinform рейтингі жарық көрді.