Алтын кенішіндегі апат: Құтқарушылар ойықтың топырағын бекітіп жатыр

Алтын кенішіндегі апат: Құтқарушылар ойықтың топырағын бекітіп, төменге жол салуға әрекеттеніп жатыр
Фото: Павлодар өңірлік төтенше жағдай департаментінен

«Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстарына 132 адам тартылды. Ескі шахта шұңқырының үстінде опырылып түскен ойықтың шеткі топырағы әлі де үгіліп, құтқарушылар мен техникалар үшін қиындық тудырып жатыр. Автобус пен оның ішіндегі екі адам әлі табылған жоқ, деп хабарлайды Kazinform. 

«Ойық шеттері әлі де үгіліп жатыр. Құтқару іс-шараларына тартылған адамдардың қауіпсіздігі мен ауыр инженерлік техниканың жұмысы үшін ойықтың шетіндегі топырақтарды қағып түсіру және төсеу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына төтенше жағдайлар министрлігінің жергілікті құрылымдары, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен «Майқайыңалтын» АҚ, полиция және жедел жәрдем бөлімшелерінен барлығы 132 адам, 29 техника жұмылдырылды. Автобус әлі табылған жоқ», - деп мәлімдеді Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Майқайың кентінің әкімі Ербатыр Молдатаев хабарлағандай, қазіргі уақытта кенттің өзінде 9 мыңнан аса халық тұрады. «Майқайыңалтын» АҚ-да 1012 адам еңбек етеді.

Еске сала кетейік, кеше «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңындағы топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын. 

Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды. 

Кешкісін табылғандардың кім екені белгілі болды. 

Оқиға орнында иісшіл иттер жұмыс істеп жатыр. Опырылған жерде әлі де топырақ сырғып түсіп жатыр, опырылу шекарасы тұрақты емес. 

Баянауылда кен орнында көз жұмған және із-түзсіз кеткендердің отбасына 4,5 млн теңгеден беріледі. 

Алтын кенішіндегі апат: қаза тапқандарды жерлеу рәсіміне 2 млн теңгеден бөлінді.

Майқайыңдағы алтын кеніші туралы не білеміз?

Алтын кенішіндегі қайғылы жағдайға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram