Асқарбек Ертаев Еңбек министрі қызметін жалғастырады

АСТАНА. KAZINFORM - Асқарбек Ертаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындалды.

Асқарбек Ертаев
Фото: primeminister.kz

Тиісті Жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

— Асқарбек Маратұлы Ертаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалсын, — делінген құжатта.

Асқарбек Ертаев 1977 жылы Ақтөбе қаласында туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, «Нұр» Ақтөбе мененджмент, бизнес және құқық институтын бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімінің аппаратында маман болып бастаған.

2000-2014 жылдары банк секторында жұмыс істеді.

2014 жылы — ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сауда комитеті бас сарапшысының м.а.

2014-2021 жж. — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы, басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары, департамент директоры.

2021-2022 жж. — ҚР Президенті Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау бөлімінде сектор меңгерушісі.

2022-2023 жж. — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің, ҚР Үкіметі Аппаратының экономикалық бөлімінің меңгерушісі.

2023-2024 жж. — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы.

2024-2025 жж. — Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

2025-2026 жж. - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі.

2026 жылғы 27 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарып келді.

Еске салайық, бұған дейін Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі, Ержан Сәденов Ішкі істер министрі, Ғалымжан Қойшыбаев Премьер-министрдің орынбасары — Үкімет Аппаратының басшысы, Серік Жұманғарин Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі, Жаслан Мәдиев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі, Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қанат Бозымбаев Премьер-министрдің орынбасары, Мәди Такиев Қаржы министрі, Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі, Ерлан Сәрсембаев Әділет министрі, Мұрат Мұханов Төтенше жағдайлар министрі, Ерлан Ақкенженов Энергетика министрі, Ерсайын Нағаспаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі, Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі, Арман Шаққалиев Сауда және интеграция министрі, Нұржан Нұржігітов Су ресурстары және ирригация министрі, Ақмарал Әлназарова Денсаулық сақтау министрі, Әлібек Қуантыров Экология және табиғи ресурстар министрі, Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы министрі, Асқарбек Ертаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалғанын хабарлағанбыз.