Астанада екінші Al Jazeera апталығы өтеді — Медиафорум
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Телерадиокешені мен Al Jazeera Media Network ынтымақтастығы аясында қыркүйек айында «Al Jazeera Week» — «Al Jazeera апталығы» екінші рет ұйымдастырылмақ.

Бұл туралы Al Jazeera медиа институтының директоры Иман Әл Амри Астанадағы II Орталық Азия медиафорумында айтты.
Оның айтуынша, «Al Jazeera Media Network» және Қазақстан Президентінің Телерадиокешені арасындағы серіктестік өзара ынтымақтастық туралы меморандуммен ресми түрде бекітілген. Бұл ынтымақтастық екі ұйым арасындағы медиабайланыстарды нығайтуға және кәсіби дамуға жәрдемдесуге бағытталған.
— Аталған серіктестіктің негізгі бастамаларының бірі — «Al Jazeera Week» оқыту бағдарламасы болды, бағдарлама 2024 жылдың сәуір айында Астанада Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте бастау алды. Бұл бағдарлама аясында Журналистика мамандығында оқып жүрген жүзден астам студент 150 сағаттан астам интенсивті білім алды. Әсіресе жаңалықтар жазу, дата журналистика, мобильді журналистика, цифрлық сторителлинг және жаңалық жүргізу сияқты тақырыптарға мән берілді, — деді Иман Әл Амри агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Сонымен бірге, Президент Телерадиокешенінің журналистері Қатар астанасы Дохада «Al Jazeera» медиа институтында арнайы оқудан өтті. Бұл оқыту жасанды интеллектті журналистикада пайдалану, контент жасау, өңдеу құралдары мен этикалық тәсілдерге бағытталды. Әрбір қатысушы ЖИ негізіндегі өз жобасын әзірлеп, жаңа медиатехнологиялар бойынша практикалық тәжірибе жинады.
— Алдағы уақытта бұл серіктестік 2025 жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін «Al Jazeera Week»-тің екінші кезеңімен жалғасады. Бағдарлама аясында жаңа тренингтер, мастер-класстар және Al Jazeera сарапшыларының семинарлары өтеді. Бұл — Қазақстандағы болашақ медиа мамандарына қолдау көрсетуге бағытталған маңызды қадам. Аталған бастамалар Al Jazeera мен Президент Телерадиокешені арасындағы серіктестіктің тереңдей түскенін көрсетеді және екі елдің медиа мамандарына бірлесіп жұмыс істеуге, жаңа дағдыларды игеруге және мазмұнды мәдени алмасуға ауқымды мүмкіндік береді, — дейді Иман Әл Амри.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың ақпан айында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға мемлекеттік сапары аясында Президент ТРК және Al Jazeera Media Network ынтымақтастық туралы келісім жасасты.
Ал 2024 жылдың сәуір айында «Al Jazeera апталығы» бағдарламасы аясында Maqsut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінің 100-ден астам студенті қатарлық медиа мамандардан бір апталық оқудан өтті.
ҚР Президентінің Телерадиокешені — Қазақстанның ең ірі медиа компанияларының бірі, оның құрамына: Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.
Al Jazeera Media Network — 1996 жылы Қатар әмірінің жарлығымен құрылған халықаралық телекомпания. Бүгінгі таңда әлем бойынша 80-нен астам, оның ішінде АҚШ-та 12 бюросы бар ауқымды корреспонденттік желі 150 елден ақпарат таратады. Компанияда 95 елден 4 мың адам қызмет етеді.