БАҚ-та Салтанат Нүкенованың мәйітінің суретін жариялауға тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Бишімбаевтың соты тікелей эфирден беріліп жатқаны белгілі. Бұл ретте, қазақстандықтар аты шулы сот процесіндегі ақпараттармен танысуға мүмкіндік алады. Десе де, марқұм Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді мәйіт суреттерін эфирге шығаруға және жариялауға тыйым салуды сұрады. Судья Айжан Құлбаева бұл өтінішті қанағаттандырды.

«Мен белгілі бір сәттерді эфирге шығармауды және БАҚ өкілдерінен бұл бейнелерді көрсетпеуді сұраймын. Оларды көру өте ауыр. Тікелей эфирді ересектер ғана емес, балалар да көріп отыруы мүмкін. Бұл балаларға ауыр зиян келтіреді деп ойлаймын», - деді Айтбек Амангелді.
Бишімбаев бұған қарсылық білдірді.
«Ал мен көрсетілуін қалаймын. Өйткені оның дене жарақаттары туралы ғаламторда көптеген болжамдар айтылды. Мен алқа билердің, жұртшылықтың айтылғандардың шындыққа жанаспайтынына көз жеткізгенін қалаймын», - деді Бишімбаев.
Судья Айжан Құлбаева жәбірленушінің өтінішін қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.
«Материалдар алқа билер алқасына көрсетіледі, БАҚ өкілдеріне түсіруге рұқсат жоқ», - деді судья.
Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.
1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді. 11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.
27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті. 29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап беріп, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы ұрыс-керістер қалай басталғаны туралы мәліметтер айтты және марқұмның бет-әлпеті көгерген сурет көрсетті.
1 сәуірдегі сот отырысында айыпталушы Қуандық Бишімбаев марқұм С. Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.
Сондай-ақ сот экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіндегі тараптарға әлеуметтік желіде пікір білдіруге тыйым салды.