Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Мемлекет басшысының өкімімен Қайрат Жақиянұлы Бижанов Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Қайрат Жақиянұлы Қостанай облысының тумасы. Қостанай мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Құқық қорғау органдарындағы жалпы еңбек өтілі 21 жылдан астам. Қаржы полициясында, прокуратура органдарында, оның ішінде 16 жыл Қостанай, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы облыстарында басшылық лауазымдарда қызмет атқарған. Бұған дейін Астана қаласы Экономикалық тергеу департаментінің басшысы болды.
Премьер-Министрдің бұрынғы кеңесшісі Ғабидолла Оспанқұлов ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Ол 1981 жылы 13 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2002 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін, 2007 жылы Қазақстан-Ресей университетін және Бирмингем университетін бітірген.
Еңбек жолын 1999 жылы «Еуразия Консалтинг» ЖШС-те заңгердің көмекшісі ретінде бастаған. 2002 жылдан 2010 жылға дейін ҚР Парламенті Сенатында және ҚР Президентінің Парламенттегі Өкілдігінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2010-2019 жылдары Екібастұз қаласы әкімінің және Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымында жұмыс істеді, ҚР Білім және ғылым министрлігінде басшылық қызметтер атқарды.
2019 жылы «NurOtan» партиясының хатшысы болды. 2019 жылдан 2020 жылға дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, 2021-2024 жылдар аралығында – ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі. 2023 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы болып тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі болған.
Үкімет қаулысымен Олжас Сапарбекұлы Сапарбеков Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі болып тағайындалды.
Олжас Сапарбеков 1979 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қазақ көлік және коммуникация академиясын, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
2001-2006 жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК құрылымында жұмыс істеді.
2006-2016 жылдары коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерде болды.
2016-2019 жылдары — «Атамекен» ҰКП департаменті сарапшысы, директорының орынбасары.
2019-2021 жылдары — Қостанай облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары, басшысы.
2021-2023 жылдары — ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму, көлік комитеттері төрағасының орынбасары.
2023-2024 жылдары — ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы.
2024 жылғы ақпаннан бастап Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.
Бұрын осы қызметте болған Ілияс Есетұлы Оспанов берген өтінішіне сәйкес қызметінен босатылды.
Арғынғазинов Айбол Арғынғазыұлы «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры болып тағайындалды.
Арғынғазинов Айбол Арғынғазыұлы Жетісу облысында дүниеге келген. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетін, «Жоғарғы экономика мектебі» Ұлттық зерттеу университетінің (Мәскеу қаласы) экономика ғылымдары факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын ҚР Ұлттық экономика министрлігінде сарапшы болып бастаған, әр жылдары «Қазконтент» АҚ бөлім басшысы, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Талдау және әлемдік экономика орталығының директоры, ҚР Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі, ҚР
Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының сектор меңгерушісі болған.
2022 жылдан ҚР Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры болып еңбек етті.
Ержан Жәкенов «Қазавиақұтқару» АҚ авиакомпаниясының бас директоры лауазымына тағайындалды.
Ержан Жәкенов 1978 жылғы 17 қаңтарда Қарағанды облысында дүниеге келген. Білімі жоғары, ҚарМТУ инженер-механик мамандығы бойынша, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін - заңгер, «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» азаматтық авиация академиясын бітірді.
Еңбек жолын ұшу қауіпсіздігі басқармасының, ұшу жарамдылығын қолдау басқармасының сарапшысынан, бас сарапшыдан – Азаматтық авиация комитеті авиациялық қауіпсіздік басқармасының аға мемлекеттік авиация инспекторынан бастады.
11 жылдан астам Астана және Алматы қалаларының әуежайларында авиациялық қауіпсіздік қызметінде, оның ішінде 5 жылдан астам басқарушы лауазымдарда жұмыс істеді.
2019 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың шілдесіне дейін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті авиациялық қауіпсіздік басқармасының басшысы болды.
2023 жылдың шілдесінен 2024 жылдың ақпанына дейін «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ авиациялық қауіпсіздік департаментінің авиациялық инспекторы болып жұмыс істеді.
Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Гүлбара Бекетқызы Сұлтанова Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Гүлбара Сұлтанова 1967 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. КСРО-ның 50 жылдығы атындағы Қостанай педагогикалық институтын, Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін бітірген.
1992-2000 жылдары — Қостанай облысындағы орта мектептерде бастауыш сынып мұғалімі.
2000-2001 жылдары — Қостанай қ. №3 орта мектебінің мұғалімі.
2002-2006 жылдары — Қостанай облысы ішкі саясат департаментінің бөлімінде бас маман.
2006-2014 жылдары — Қостанай облысы әкімдігі ішкі саясат департаментінің бөлім бастығы, басшысы.
2014 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыру жұмысы басқармасының сарапшысы болып қызмет етті.
2014-2016 жылдары — ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінде басқарма басшысы.
2016-2018 жылдары — ҚР Дін істері министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл басқармасының басшысы.
2018-2023 жылдары — ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары.
2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Астана қаласы Есіл ауданының әкімі қызметін атқарған Асылбек Есенбаев бүгін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Ол 1977 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1998 жылы – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Саяси ғылымдар кандидаты.
Еңбек жолын 2001 жылы «Қазақстанның даму институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғылыми қызметкері болып бастап, «Стратегия» талдау орталығының сарапшысы, директорының орынбасары, «KEGOC» ААҚ «Сарбай жүйеаралық электр желілері» филиалының екінші санаттағы есепшісі, «Трансстрой» корпорациясы» ААҚ Қазақстандық филиалының экономисті, бас экономисті болып жұмыс істеді.
2005-2008 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімінің бас маманы, ҚР Мемлекеттік хатшысы хатшылығының бас сарапшысы, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Ахуалдық орталығының бас сарапшысы болды.
2008-2009 жылдары ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты мен Қазақстан-Ресей университеті директорының орынбасары қызметін атқарды.
2009-2021 жылдары Астана қаласы әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі, Астана қаласы әкімінің кеңесшісі, көмекшісі, ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі, ҚР Премьер-
Министрі орынбасарының көмекшісі, ҚР Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі, Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс және тұрғын үй саясаты, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармаларының басшысы болды.
2021-2022 жылдары «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.
2022 жылдың ақпан айынан бастап Астана қаласының «Есіл» ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
Ал Ардақ Темірханұлы Зебешев Қызылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Ардақ Зебешев 1981 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін «Халықаралық қатынастар», Қазтұтынуодағы Қарағанды университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.
«Болашақ» бағдарламасының түлегі. Лондон Корольдік колледжі мен Англия Бизнес мектебін аяқтап, мемлекеттік саясат және қызметтерді басқару, іскерлік әкімшілендіру саласының магистрі атанған.
Еңбек жолын 2003 жылы Шымкент қаласының еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы болып бастап, әр жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыртқы байланыстар және инвестициялар басқармасының жауапты лауазымдарында жұмыс істеген.
2006-2010 жылдары Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің үшінші хатшысы, Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметінің үшінші және екінші хатшысы болған.
2010-2019 жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің сыртқы байланыстар және протокол бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС Халықаралық қатынастар департаментінің директоры, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» басқарма төрағасы хатшылығының басшысы, ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарған.
2019-2021 жылдары Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және іске асыру басқармасының басшысы, Комитет төрағасының орынбасары лауазымдарында нәтижелі қызмет көрсетті. 2021 жылдың қыркүйек айынан осы кезге дейін Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы қызметін атқарып келді.
Ұлттық статистика бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаментіне Алтыншаш Исламова басшы болып тағайындалды.
Алғашқы еңбек жолын 1994 жылы Маңғыстау облысы Статистика басқармасында халықтың өмір сүру деңгейін зерттеу тобының экономисі болып бастады. Кейін әлеуметтік-демографиялық, еңбек және жұмыспен қамту статистикасы бөлімінің бас маманы болып қызмет етті.
Ол 2003-2004 жылдары Маңғыстау облысы Ақпараттық статистика орталығында, 2005-2011 жылдары өнеркәсіп статистикасы бөлімінде әр түрлі қызмет атқарған. Ал 2011-2018 жылдары
Маңғыстау облысы Статистика департаментінің Инвестициялар және құрылыс статистикасы басқармасының басшысы болса, 2018 жылдан бастап бүгінге дейін стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары лауазымында қызмет етті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекция басшысы қызметіне Мұхтар Оразбаев тағайындалды.
Мұхтар Әуесұлы Оразбаев 1971 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «Ауыл шаруашылығын механизациялау» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы «Аралбалық өндірісі» акционерлік қоғамы автопаркінің механигі болып бастаған. 2000-2012 жылдары Арал ауданы әкімі аппаратының жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы, аппарат басшысы лауазымдарында абыройлы қызмет атқарған. 2012-2021 жылдары Арал ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі болды.
2021 жылдың мамыр айынан осы кезге дейін Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
Ақтөбе облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасына Мирхан Ермағанбетов тағайындалды.
Ол 1991 жылы Хромтау ауданында дүниеге келген. 2012 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2012 жылы Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкері болып бастап, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы, Қазақ инженерлік-техникалық академиясының Тілдерді дамыту орталығының директоры болып жасаған.
2015-2019 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сарапшысы, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жастар саясаты департаментінің бас сарапшысы, Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің бас сарапшысы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің бас сарапшысы қызметтерін атқарған.
2019-2020 жылдары Ақтөбе облысы әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің басшысы болып жасаған.
2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Алға ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Мұрат Абдулов Уәлиханов ауданының әкімі болып тағайындалды.
Мұрат Абдулов 1976 жылы Көкшетау облысы Қызылту ауданы Қызылту кентінде дүниеге келген.
Көкшетау университетін 2006 жылы «Қаржы және несие» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 1994 жылы Уәлиханов ауданының еңбек және тұрғындарды әлеуметтік жұмыспен қамту бөлімінің зейнетақы қорының инспекторы болып бастады.
1996-1997 жылдар аралығында Қызылту ауданы Қызылту кентіндегі «Казсельхозтехника» АҚ программист, бас есепшісі, сауда бөлімінің басшысы болып еңбек етті.
1997-1999 жылдары «Бизнес центр-Кокше» ЖШС директоры;
1999-2003 жылдары «Жан-97» ЖШС қаржы директоры лауазымында болды.
2003-2004 жылдары СҚО Уәлиханов ауданы Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық аудандық филиалының басшысы.
2004-2006 жылдары Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылындағы «Сарбасов» ЖК экономисі.
2006-2008 жылдары Ақжар аудандық пошта байланысы торабының басшысы болды.
2008-2009 жылдары «Нұр Отан» ХДП Ақжар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметінде еңбек етті.
2009-2016 жылдары Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылында «Абдулов» ЖК басшысы болды.
2016-2021 жылдар аралығында Уәлиханов аудандық пошта байланысы торабының басшысы.
2021-2023 жылдары Уәлиханов аудандық мәслихат хатшысы, ал осы тағайындауға дейін Уәлиханов ауданы мәслихатының төрағасы қызметін атқарды.
Сондай-ақ, осы облыстың Қызылжар ауданына Сақтаған Сәдуақасов әкім болып келді.
Сақтаған Сәдуақасов 1981 жылы Ақмола облысындағы Тассуат ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын 2004 жылы Астана қаласы Ішкі саясат департаментінің талдау және мониторинг бөлімінің маманы болып бастап, бұл қызметте 2009 жылға дейін жұмыс істеді.
2009 жылдан бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құрылымында еңбек етті. Сондай-ақ әр жылдары Nur Otan партиясының орталық және қалалық филиалында түрлі лауазымдарда, оның ішінде Nur Otan партиясы орталық аппаратының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті.
2021 жылы Астанадағы Nur Otan партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Кейін АMANAT партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары, ал 2023 жылдың маусымынан осы тағайындауға дейін атқарушы хатшысы болып еңбек етті.
Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкімі лауазымына Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы тағайындалды.
М. Шермағанбет 1972 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1994 жылы Жаңақорған ауданындағы №239 мектептің тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2001-2016 жылдары Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыстық білім беру, тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың басшысы, Қызылорда облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы жауапты қызметтерін абыроймен атқарған.
2016-2021 жылдары Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болды.
2022-2023 жылдары Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы, 2023 жылдың шілде айынан бастап Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Абай облысы Мақаншы ауданына Қойгелдин Дәурен Бақытжанұлы әкім болып тағайындалды.
Дәурен Бақытжанұлы 1984 жылғы 23 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген.
Әр жылдары Көкпекті аудандық мәслихатының аппаратында түрлі лауазымдарда болды. 2011 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істеген.
Қазіргі лауазымға дейін Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары болды.
Қонаев қаласы Жер қатынастары бөлімінің басшысы лауазымына Исахан Талғат Ерланбекұлы тағайындалды.
Талғат Исахан 1994 жылы Алматы облысы Балқаш ауданында дүниеге келген.
Еңбек жолын 2013 жылы Алматы облыстық жер қатынастары басқармасының инспекторы болып бастаған. Әр жылдары осы басқармада бөлімнің жетекші маман, бас маманы, қазынашылық департаментінде бас маман, Алматы облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінде бөлімнің бас маманы болып қызмет атқарған. Бұған дейін Алматы облыстық жер қатынастары басқармасында бөлім басшысы болған.