Энергия тиімділігі, медицина, киберқауіпсіздік: Құрылтай қандай заң жобаларын қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Энергияны тиімді пайдалану, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру және киберқылмысқа қарсы халықаралық ынтымақтастықты күшейту аса маңызды мәселелер. Сондықтан да бүгін Құрылтай депутаттары әр аптада бір рет өтетін отырысында аталған бағыттарды қамтитын заң жобаларын талқыға салмақ.

Қазақстан Республикасының Құрылтайы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Айта кетерлігі, 23 қарашада Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюрода бүгінгі отырыстың күн тәртібі белгіленген еді. Соған орай депутаттар өздері бастамашылық еткен энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелеріне қатысты заң жобалары мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе өзгерістерді және толықтыруларды қарайды.

Заң жобалары Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын жүзеге асыру үшін әзірленген. Негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығын төмендету. Атап айтқанда, түзетулерге сәйкес, уәкілетті органға энергия сервистік шарттарды жоспарлау және іске асыру қағидаларын бекіту өкілеттігін беру көзделген.

Қазақстанның энергия үнемдеуді 40%-ға жеткізуге мүмкіндігі бар
Фото: Freepik

Сондай-ақ аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласындағы құзыретін кеңейту ұсынылады. Бұдан бөлек, бюджеттік ұйымдардың энергия тұтынуына мониторинг жүргізу тәртібін енгізу, талаптарды бұзған ұйымдарды арнайы тізімге енгізу және басқа да нормалар қарастырылған.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, медициналық қызметтерді дамытуға және денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.

Ұсынылып отырған түзетулер медициналық туризмді дамыту тетіктерін заңнамалық тұрғыдан бекітуді, денсаулық сақтау саласын цифрландырудың құқықтық негіздерін жетілдіруді және медициналық дербес деректерді қорғауды күшейтуді көздейді. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісімдерді ескере отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын құқықтық реттеуді нақтылау, оларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу рәсімдерін жетілдіру ұсынылады.

Құрылтай «Біріккен Ұлттар Ұйымының Киберқылмысқа қарсы; ақпараттық-коммуникациялық жүйелер пайдаланылып жасалатын белгілі бір қылмыстарға қарсы күресте және елеулі қылмыстарға жататын электрондық нысандағы дәлелдемелермен алмасуда халықаралық ынтымақтастықты нығайту конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасын да қарайды.

киберқылмыс
Коллаж: Kazinform / Freepik

Конвенция ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдалану арқылы жасалатын жекелеген қылмыстарға қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ ауыр қылмыстарға қатысты электрондық дәлелдемелермен алмасуға бағытталған. Қазақстан бұл құжатқа 2025 жылғы 25 қазанда қол қойған. Конвенцияның негізгі мақсаты – киберқылмыстың алдын алу және оған қарсы күрестің тиімділігін арттыру.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Құрылтай отырысында онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заңды екінші оқылымда мақұлданып, үшінші оқылымда қабылданды. Бұдан бөлек, Сингапурмен және Түркі мемлекеттері ұйымымен ынтымақтастық туралы келісімдер ратификацияланды.

Бірінші заң жобаларын таныстырған Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың айтуынша, медиакеңістікте жаңа сын-қатерлердің пайда болуы заңнамалық базаны уақтылы жетілдіруді талап етеді. Әсіресе, онлайн ортада деструктивті контенттің таралуы мен заңға қайшы әрекеттердің көбеюі өзекті мәселеге айналған. Осыған байланысты онлайн-платформалардың жауапкершілігін арттыруға және заңға қайшы контенттің таралуын азайтуға бағытталған екі заң жобасы әзірленген.

Құжаттарды талқылау нәтижесінде депутаттар оны бірінші оқылымда мақұлдады. Осы орайда Депутат Жанарбек Әшімжан заң жобалары қандай жаңашылдықтарды көздейтініне тоқталса, әріптесі Александр Данилов құжаттың басты мақсаттарына тоқталды.

бюджет
Фото: Kazinform / ЖИ

Депутаттар «2027 – 2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңды үшінші оқылымда, сонымен қатар «Қазақстан мен Сингапур арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды екінші оқылымда қабылдады.

Мұнан бөлек, «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды екі оқылымда талқылап, бекітті. Құжатты таныстырған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, Келісім Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің цифрлық экономика және электрондық сауда салаларындағы ынтымақтастығын дамытуға, сондай-ақ цифрлық технологияларды пайдалана отырып, трансшекаралық сауданы дамытуға бағытталған. Мұндай ынтымақтастықтың қажеттілігі Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен сауда-экономикалық қатынастарының дамуынан және жаңа үрдістерді, ең алдымен электрондық сауданың қарқынды дамуын ескеру талабынан туындайды.

Отырыс соңында Құрылтай депутаттары өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 15 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Арман Хайруллин Каспий теңізін сақтауға бағытталған экологиялық шараларды көтерсе, Бекжан Айтқұлов елде кәсіпкерлерді тексеру тәртібін өзгертуді ұсынды.

Ал Айжан Наимбекова білім беру ұйымдарының балаларды күнделікті тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне қатысты мәселе көтерді. Депутат осыған орай бірден Көлік, Ішкі істер және Оқу-ағарту министрлеріне сауал жолдады. Екатерина Смолякова есту қабілеті бұзылған балаларды қолдау жүйесін жетілдіру қажеттігіне назар аудартты.