Ердоған «арандатушылықты тоқтатуға» шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда соңғы жылдардағы ең ірі үкіметке қарсы шерулер алты күн бойы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Euronews.

Ердоған наразылық білдірушілер алдында сөз сөйлеп, оларды «арандатушылықты тоқтатуға» шақырды
Фото: armenpress

Түркия қалаларында мыңдаған адам көшеге шығып, шеруге қатысып жатыр. Олар Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоглының босатылуын және мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді талап етіп, Ыстанбұл қалалық әкімшілігінің алдына жиналды.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «арандатушылықты тоқтатуға» шақырды.

Режеп Тайып Ердоған дүйсенбі күнгі үкімет отырысынан кейін теледидар арқылы сөйлеген сөзінде оппозициялық Республикалық халық партиясын қоғамдық тәртіпті бұзды деп айыптап, шерулерді «зорлық-зомбылық қозғалысы» деп атады.

– Мен бұл шақыруды бірнеше рет жасадым, бүгін де қайталап айтамын: арандатушылықпен азаматтарымыздың тыныштығын бұзуды тоқтатыңыз, – деді Ердоған.

Ол сондай-ақ Республикалық халық партиясының төрағасы Озел Озгурды тәртіпсіздіктер үшін сот алдында жауап беретінін айтып қорқытты.

– Әрине, бұл әрекеттер үшін парламентте саяси жауапкершілік және сотта заңды жауапкершілік болады, – деді Режеп Тайып Ердоған.

Айта кетейік, 19 наурыз күні Ыстанбұл мэрі және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның басты саяси қарсыласы Экрем Имамоглуды қамауға алу туралы ордер шыққан болатын.

Содан кейін Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоглу арнайы операция кезінде ұсталды.

Ыстанбұл, Анкара, Измир және Ризе қалаларында жаппай наразылық шерулері өтті.

Ердоған ішкі мәселелерді саясиландыру әрекеті үшін оппозицияны сынға алды.

Сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталған Ыстанбұл мэрі қамауға алынып, қызметінен уақытша шеттетілді.

Түркиядағы заңсыз наразылықтар кезінде 123 полиция қызметкері жараланып, 1 133 адам ұсталды.

Анкарада 1 сәуірге дейін жаппай митингі өткізуге тыйым салынды.

Соңғы жаңалықтар