Хостелдегі өрт: айыпталушыларға сот үкімі шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 13 адам өлім құшқан хостелдегі өрт ісіне қатысты резонансты сот процесі аяқталды. 

Хостелдегі өрт: айыпталушыларға сот үкімі шықты
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Бір жарым жылға созылған хостелдегі өртке қатысты іске нүкте қойылды. Үкімді Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков шығарды.

Іс Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша қаралды.

Айып екі адамға тағылды. Олар – ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедьяров пен «Гидсервис» компаниясының иесі Александр Пекельник.

Сот барлық мән-жайды ескеріп, келесідей үкім шығарды: 

ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедьяров 5 жылға бас бостандығынан айырылды, Александр Пекельник 4 жылға сотталды. Олар жазасын қауіпсіздік деңгейі төмен мекемеде өтейді. Екеуі де сот залында қамауға алынды.

Бұған дейін сотталушылардан жауап алынған болатын. 

Cондай-ақ судья істі прокуратураға қайтарудан бас тартқаны туралы жазғанбыз. 

Осыған дейін прокурор Нұразхан Мырзалы айыптау актісін оқыған еді. 

Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын. 

Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды. 

Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары. 

Кейінірек өртенген хостелдің иесі белгілі болды. Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған. 

2023 жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды. 

Соңғы жаңалықтар