Қазақстан заңсыз шығарылған активтерді қайтару үшін еуропалық конвенцияға қосылмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтай отырысы өтеді. Онда депутаттар бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін келісім мен заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға сеп болатын еуропалық конвенцияны бірінші оқылымда талқыламақ.

Қазақстан Республикасының Құрылтайы
Фото: Kazinform

Айта кетерлігі, 18 қыркүйекте Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында бүгінгі жиынның күн тәртібі белгіленген еді. Соған сәйкес, депутаттар бірінші оқылымда Қазақстан Үкіметі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау жобасын қарайды.

Келісім инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге және неғұрлым шұғыл жобаларға мемлекет шығыстарын қайта бөлу есебінен бюджетке түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Бұған қоса бұл құжат қаржыландырудың басым секторларын айқындауға, сондай-ақ жобаларды іске асыру рәсімдерін оңтайландыруға тиіс.

Келісімді ратификациялау Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен арадағы бірлескен бастамаларды іске асырудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл ретте, Қазақстанға көлік, энергетика, цифрлық байланыстар және экономиканың басқа да секторларындағы жобаларды қаржыландыру үшін ұзақ мерзімді инвестициялар тарту мүмкіндігі беріледі.

1959 жылы 20 сәуірде Страсбургте жасалған Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасы да бірінші оқылымда қаралады. Конвенцияға қосылу Қазақстанға еліміздің құқық қорғау органдарының өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер алуға және заңсыз жолмен алынған шетелге шығарылған активтерді елге қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл қылмыстық істерді, соның ішінде трансұлттық қылмыспен байланысты істерді тергеудің жеделдігі мен тиімділігін арттырады.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Құрылтай отырысында «1994 жылғы ДСҰ-ны құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттамаға қосымша саналатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстанның ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Сауда министрі
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, құжатта ұсынылған талаптар қызмет көрсету саласын, соның ішінде қаржылық қызметтерді реттеудің жалпы негіздерін белгілейді. Қағидаларда өтінімдерді беру рәсімдері мен оларды қарау мерзімдерін жеңілдету, өтінімдерді және рұқсат құжаттарын электронды түрде беру мүмкіндіктері бойынша ұсынымдар қамтылған.

- Ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігіне, сондай-ақ қабылданатын шараларды әзірлеу кезеңінде талқылау мүмкіндігіне ерекше назар аударылды. Осылайша, негізгі міндет – қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды ашық, объективті және болжамды ету. Бұл ретте, Қағидалар мемлекеттің қызмет көрсету саласын реттеу құқығын шектемейтінін атап өткен жөн. Қазақстан лицензиялауды, біліктілік талаптарын және басқа қажетті реттеу шараларын белгілеу құқығын өзінде сақтайды. Мұндай шаралар денсаулық, қауіпсіздік және басқа да қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында белгіленуі мүмкін. Сондай-ақ, Қағидаларға қосылу қазақстандық қызмет көрсетушілер үшін сыртқы нарықтарда қосымша мүмкіндіктер жасайтындығы маңызды. Бұл көрсетілетін қызметтермен өзара сауда жасау үшін тең жағдайлар жасалуына ықпал етеді, - деді министр.

Казахстан и Сербия
Коллаж: Kazinform

Құрылтай бірінші оқылымда мақұлдаған келесі жаң жобасы - «Қазақстан мен Сербия Үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы».

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, келісімнің мақсаты - тараптар арасында теңдік қағидаты негізінде әскери-техникалық ынтымақтастықты орнату және әрі қарай өзара тиімді дамыту.

- Келісіммен әскери мақсаттағы өнімдерді өзара жеткізуді жүзеге асыру, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі жұмыстарды орындау, бірлескен ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу, технология трансферлері, қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынауды жүргізу сияқты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары көзделген. Қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынауды жүргізу кезінде әскери инфрақұрылым нысандарын пайдалану мүмкін болғандықтан, келісім ратификациялауға жатады, - деді министр орынбасары.

Сондай-ақ отырыста депутаттар Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құру туралы ұсынысқа қолдау білдірді. Депутат Айдос Сарымның атап өтуінше, Қоғамдық палата депутаттардың сарапшылармен, ғылыми қауымдастықпен, азаматтық қоғам, кәсіби бірлестіктер және өңірлер өкілдерімен тікелей диалог жүргізетін тұрақты жұмыс алаңына айналуға тиіс. Палатаның негізгі міндеттерінің бірі – заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық зерделеу жүргізу болуы керек. Бұл ең маңызды заңнамалық бастамалар бойынша балама ұстанымдарды, кәсіби бағалауларды, ықтимал ескертулер мен ұсыныстарды алдын ала ескеруге мүмкіндік береді.

Отырыс соңында Құрылтай депутаттары өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 14 депутаттық сауал жолдады.

Жанарбек Әшімжан
Фото: Мемлекеттік басқару академиясы

Мәселен, Жанарбек Әшімжан Алатау қаласы тұрғындарының басты проблемаларын атаса, Бекжан Айтқұлов арнайы аймақтарды одан әрі жүйелі дамытуға бағытталған бірыңғай мемлекеттік тұжырымдама бекітуді ұсынды.

Елдос Баялышбаев мүгедектігі бар балаларға қатысты проблемаларды көтеріп, оларды шешу жолдарына назар аудартты.

— Жоғары білім алу әлеуеті бар мүгедектігі бар азаматтардың «Болашақ» бағдарламасына қатысуына жеке квота енгізу мәселесімен қатар арнайы тетіктер қарастыру керек. Дене мүмкіндіктерінің шектеулі болуы шетелдің үздік жоғары оқу орындарында білім алуына кедергі болмауы керек, — деді Елдос Баялышбаев.

Мұнан бөлек, Шолпан Каринова Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру қажеттігін көтерді.

Ал Рәбиға Тоқсейітова құс шаруашылығына алаңдаушылық танытты.