Кеніштегі апат: ойыққа түсіп кеткен автобус орны шамамен табылды
«Майқайыңалтын» АҚ аумағында жер астына түсіп кеткен автобустың жатқан жері шамамен анықталды. Мамандар геологиялық радармен сканерлеу барысында техниканың 5 метр тереңдікте жатуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Kazinform.
«Мамандар арнайы сканермен ойық түбіне түсіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Геологиялық сканердің деректері ойық түбіндегі топырақта 5 метр тереңдікте металл тәріздес заттың жатқанын анықтады. Автобус сол жерде болуы мүмкін. Ойық шетіндегі топырақтар әлі сусылдап, төмен сырғып жатыр», — деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бүгін ғана Майқайыңда ойыққа түсіп кеткен автобусты Балқаш қаласынан әкелінген геологиялық сканермен іздеуге кіріскенін хабарлаған едік.
Еске сала кетейік, 4 қаңтар күні «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңындағы топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.
Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.
Кешкісін табылғандардың кім екені белгілі болды.
Оқиға орнында иісшіл иттер жұмыс істеп жатыр. Опырылған жерде әлі де топырақ сырғып түсіп жатыр, опырылу шекарасы тұрақты емес.
Алтын кенішіндегі қайғылы жағдайға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.