Құбырдағы ақау: Майқайыңға баратын желінің бір шақырым бөлігі қатып қалған

құбыр жөндеу
Фото: Павлодар облысы әкімдігі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Майқайың кенті мен «Богатырь Көмір» АҚ-ға су жеткізетін құбыр бойындағы ақауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу екінші тәулікке ұласты. Кешеден бері мұз қатқан 3 учаске анықталды. Мұндай құбыр бөліктері арнайы техникамен қыздырылып жатыр. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, желінің жарылған жерлерінде қатты аяздан мұз қатып қалған.

«Ақау шыққан құбыр бөліктері мұз боп қатып қалған. Қазірге дейін мұндай 3 учаске анықталды, олардың жалпы ұзындығы 1 шақырымдай болады. 600 метр желі зерделенді, тексеру шаралы әлі де жалғасуда. Қатып қалған жерлер арнайы техникамен қыздырылып жатыр. Әзірше құбырлар ауыстырылған жоқ», - деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Құбыр бойымен су өте төмен қысымда ағып жатыр. Белгілі болғандай, қазір Майқайың кентін қамтамасыз ететін резервуарда судың көлемі жеткілікті. Су таситын машиналар кешеден бері 460 текше метр су жеткізген. Ал бүгінде түнде 180 текше метр, ертең тағы 180-200 текше метр су апарып құяды деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, Екібастұздан Майқайың кентіне ауызсу жеткізетін үлкен құбыр жарылды

Майқайың кентінің тұрғындары күніне 1 мың текше метр ауызсу тұтынып келген. Қазір қысымның төмендеуіне байланысты «Майқайыңалтын» АҚ су таситын машиналарды жұмылдырды.

Құбырдағы ақауға байланысты «Богатырь-Көмір» кәсіпорнына су беру уақытша тоқтатылды.

Майқайыңдағы резервуарда екі тәулікке жететін су бар.

Соңғы жаңалықтар
telegram