Мәртөкке қош келдіңіз: Ақтөбелік жас маман туған жерге саяхаттауға шақырады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Абылайхан Балмұхан оқу бітірген соң туған жеріне оралды. Ол қазір «Мәртөкке қош келдің!» жобасын қолға алып, ауылдың туризмін дамытуды бастады. Жас маман өзі түсіріп, өзі өңдеген фото, видео материалдарын #Qazalemi хештегімен жариялады.

қыс
Фото: instagram.com/welcome_to_martuk

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы — көпұлтты өлке. Ресеймен шекаралас ауданда халық саны 30 мыңға жуықтайды. Ауыл шаруашылығы саласында егін шаруашылығы және мал шаруашылығы жақсы дамыған. Осы өлкеде туып-өскен Абылайхан Балмұханның балалық шағы Кеңсахарада өткен. 

Мектеп бітірген соң Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында кино және ТД операторы мамандығын алды. Қолына диплом алған соң Қазақфильмде түрлі қысқаметражды фильм түсіріп, тәжірибесін шыңдады. Сол кезде коронавирус инфекциясы өршіп, ол ауылға оралды. Содан бергі бар жоспары, жұмысы туған жерді дамыту, көркейту, дамытуға бағатталды, жеке кәсіппен айналысты. Қазір Мәртөк аудандық жастар ресурстық орталығының маманы. 

— Оқушы кезден бастап камераға құмар болдым. Ол кезде той-думан түсіріп, отбасылық кештердің әдемі сәттерін таспаладым. Алматыдан ауылға келген соң шығармашылық күйзеліске ұшырадым. Карантин, бәрі жабық тұрды. Осы сәтте «Мәртөкке қош келдіңіз!» жобасын бастадым. Мамандығым да, қолымнан келетін де осы іс, видео түсіру болған соң қайта түледім. Сөйтіп қолға қайта камера алып, ауданымыздың керемет жерлерін түсіре бастадым. Күн сайын көріп, біліп жүрген соң байқалмайды, аңғармайды. Шын мәнінде шағын ғана ауылдың өзінде қайталанбас табиғат, қайталанбас адамдар мен көңілге жылу ұялатар әсем сәттер бар. Осыны нысанаға алып түсіре бердім. Адамдар өз жерін, туған өлкесін тани бастады, — деді Абылайхан Балмұхан.

қыс, орман
Фото: instagram.com/welcome_to_martuk

Сөйтіп жас маманның идеясынан, шіберлігінен туған туындылар көп арасына таралып кетті. Қазіргі кезде Абылайхан Балмұхан турмаршрут әзірлеп қойған. Алғашқысы Мәртөктің Ақ қайың орманында өтті. 

Кейін осы бағыттағы жобасын жетілдіріп, дамытуды көздеп отыр. Ал #Qazalemi хештегімен шыққан конкурс ол бастаған істі әрі қарай танытуға дем береді деген ойда. 

қыс, орман
Фото: instagram.com/welcome_to_martuk

— 2021 жылы туған жерім Кеңсахараға көп аққу келді. https://www.instagram.com/p/CQN6JdwB5Zr/ Негізі мен оқушы кезде де осы сәтті тамашалау үшін сайға түсетін едім. Тек үш жыл бұрын ғана сол жердің видеосын түсіріп, әлеуметтік желіге салдым. Адамдар «мынау біздің Мәртөк пе» деп сұрап жатты. Кейін әр ауылды түсіріп, сала бастадым. Тек табиғат кереметтерін емес, қарапайым еңбек адамдарын, балалардың қуанышты сәттерін де қалт жібермеймін. Менің ойымша, туризм шығыны жоқ, табыс әкелетін сала. Ал видеографтардың қосар үлесі, түсіріп, тарату, таныту. Біздің алдымызда ағаларымыз бар, біз олардың ізбасарымыз. Сол ізбен мен де Мәртөкті танытқым келеді. Конкурсқа да қатысып, бақ сынаймын. Мұнда әдемі дүние көп, соны көрсетіп, таныта беремін. Бүгін болмаса ертең көмегі тиеді, таспадағы дүние тарихқа айналады. Арада 50 жыл өткенде бәлкім қарап, танып, білер. Мен өз жұмысымды қазақ тілінде жүргіземін. Туған жерімді қазақ тілінде танытамын, туризмнің алға жылжуына үлес қосамын деп шештім, — деді Абылайхан Балмұхан.

қыс, орман, ағаштар
Фото: instagram.com/welcome_to_martuk

Еске салсақ, елімізде #Qazalemi хештегімен конкурс өтіп жатыр. Оған кез келген қазақстандық қатыса алады. Бар болғаны қыстың керемет сәттерін фото, видеоға түсіру керек.

Осы уақытқа дейін оған көптеген қазақстандық қатысып келеді.

Мәселен осыған дейін туған жерінің сұлулығын видео арқылы көрсеткен Түркістан облысының ауыл тұрғыны туралы жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, байқауға қатысқан Кентау тұрғыны қаланың қысқы көрінісі бейнеленген суреттер жариялағаны хабарланды.

Бұдан бөлек, қостанайлық оқушы әлеуметтік желіде туған жерге деген сүйіспеншілігін көрсеткені де мәлім болды.

Сонымен қатар, Баян тауларының аманатын арқалап жүрген Таисия туралы да жаздық.

Байқауға қатысып жатқан тараздық бойжеткен Жамбыл тауларының сұлулығын желіде көрсетті.

Соңғы жаңалықтар