Түркістан облысындағы су тасқыны: 200-ден астам адам эвакуацияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі Түркістан облысындағы су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдай туралы мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі уақытта бес елді мекенде, атап айтқанда Бәйдібек ауданында Шаян мен Шақпақ, Сауран ауданында Шаға, Созақ ауданының Шолаққорған ауылдарында және Арыс қаласында су бұру жұмыстары жүргізілуде.

ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен үйлерді су басуының алдын алу үшін 13 000 құм салынған қап төсеу жұмыстары жүргізілді.

Жұмыс жүргізуге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдарынан 430-дан астам адам, 70-ке жуық бірлік техника, 43 мотопомпа жұмылдырылды.

ТЖД күшімен Кентау қаласындағы Қарнақ ауылының, Сауран, Бәйдібек аудандарының су басқан аула аумағынан 204 адам, оның ішінде 111 бала эвакуацияланды, 201 ұсақ мал қауіпсіз жерге айдалды.

Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар Сауран ауданында 4 эвакуациялау пунктін дайындады.

Облыстық және республикалық жедел штабтар қызмет көрсетуде. Облыстық және республикалық жедел штабтар базасында «Жедел желі» телефоны ашылды.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 3 ақпанда облыстың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) болып, температура көтеріледі. Өз кезегінде бұл жағдай қардың тез еріп, мұздың әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі мүмкін.

2 ақпан күні сағат 08:00-ден бастап таулы аудандарда қар еріп, жауын-шашынның көп түсуіне байланысты су деңгейі көтерілгенін жаздық. Салдарынан Кентау және Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Ордабасы және Сауран аудандарында аулалар мен көшелер су астында қалды.

Сондай-ақ тасқын су Сауран ауданындағы елді мекендерге қауіп төндіріп тұрғаны хабарланды.

Түркістан облысының үш ауданында 6 көшені су басқаны айтылды.

Өңірде көлігімен тасқын су ортасында қалып қойған тұрғындар құтқарылды.

Сауран ауданында 7 балабақша жұмысын тоқтатты.

Түркістан облысының әкімі тасқын су кірген елді мекен тұрғындарымен кездесті.

Кентау қаласы мен Сауран ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін жаздық.

4 елді мекенде су бұру жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Сондай-ақ «жедел желі» іске қосылды.


Соңғы жаңалықтар