Түркияда Қазақстан құтқарушылары адамдарды өз денесімен қалқалап үйінді астынан шығаруда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан Қазақстан мамандары үйінді астынан адамдарды өз денелерімен қалқалап шығарып жатыр. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық құтқарушылар Түркияда үйінділер астынан тағы 3 адамды аман тапқанын бүгін таңертең жазған болатынбыз.

ТЖМ ұсынған видеода Нурдагы қаласындағы құтқарушылар арнайы жасалған ойықтың көмегімен адамды түгелімен қираған ғимарат астынан шығарып жатыр.
Еліміз мамандары зардап шеккен адамның қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, оларды үйінділер астындағы қозғалыс кезінде өз денелерімен қалқалап шығарып жатыр.

«Қазақстандық құтқарушылар екі тәулікке жуық уақыт бойы адамдардың орналасқан жеріне жол салды. Осы уақыт ішінде зардап шеккендермен аудио байланыс үзілген жоқ», - делінген министрлік мәліметінде.

Еске салайық, құтқарушылар мен дәрігерлер енген Қазақстан құтқарушыларының екі тобы қазір түрік елінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірінші эшалон – 7 ақпанда, екіншісі 8 ақпанда аттанған еді. Алғашында қазақстандық бортпен 16 адам, екінші бортпен 64 адам Түркиядан елімізге жеткізілген еді.

9 ақпанда Газиантептегі объектілердің бірінде еліміз мамандар үйінділер астынан 3 адамды құтқарып алған болатын.

Түрік елінде зілзала кезінде жоғалып кеткен бірнеше қазақстандық табылды. Олардың бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні үйінді астынан аман шығарылды. Хаттайда жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушылар Әділ Қадірбековтің өлі денесін тапты. Көп ұзамай Мирболат (Мирус) Құрмашевтің денесі де қирандылар астынан табылды.

9 ақпанда Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа құтқару операциялары жөнінде есеп берген болатын.

Соңғы мәліметке сәйкес, Түркияда жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 17 мыңнан асты, 72 мыңға жуық адам зардап шекті. Зілзала 6 ақпан күні болды. Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін 648 афтершок болды. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді.


Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Соңғы жаңалықтар