Түркиядағы зілзала құрбандарының саны 30 мыңға жуықтады

None
АНКАРА. ҚазАқпарат – Түркиядағы жойқын табиғат апатынан көз жұмғандар саны 30 мыңға жуықтады. Бұл туралы елдің Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасы (AFAD) мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолу агенттігіне сілтеме жасап.

AFAD мәліметтері бойынша эпиорталығы Кахраманмараштағы Пазарджик және Эльбистан аудандарында болған екі жер сілкінісінен кейін 2 412 афтершок тіркелген.

Жойқын зілзала құрбандарының саны Түркия уақытымен сағат 15:55-те 29 605 адамға жетті.

Еске салсақ, 6 ақпанда Түркияда жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жүздеген афтершокпен жалғасқан жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде де сезілді. Соның бірі – Сирия, ондағы құрбандар саны 3 574-ке жетті.

Айта кетсек, Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары да Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 19 адамның, оның ішінде бір баланың денесі үйінді астынан шығарылды.

Қазақстандық құтқарушылар командасының құрамындағы ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Біржан Байқұлов бүгін қызды болды.

Өкінішке қарай, жер сілкінісі құрбандарының арасында қазақстандықтар да бар. ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан мәліметке сай, 7 ақпанда министрліктің жедел желісіне 4 дос жер сілкінісінен кейін байланысқа шықпай қалғаны туралы қоңырау түскен. Солардың бірі – Сабина Мамадьярова аман табылып, қолына ота жасалды. Ал, Мирболат (Мирус) Құрмашев пен Әділ Қадырбековтің денелері табылған еді, марқұмдардың мәйіттері елге жеткізілді. Мирболат Құрмашевті бүгін Алматыда туған-туыстары мен достары ақтық сапарға шығарып салды.

Қырғызстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Түркияда болған жер сілкінісінен қырғыз азаматы қаза тапқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, Түркияның кейбір аудандарында құтқарушылар іздестіру жұмысын тоқтатуға мәжбүр екені хабарланды.


Соңғы жаңалықтар