Жоғарғы сот шешімі: Венесуэлада президент міндетін вице-президент атқарады

АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэланың Жоғарғы соты вице-президент Делси Родригесті ел президентінің міндетін атқаруға міндеттеді. Бұл туралы Синьхуа жазды.

Венесуэла вице-президенті Делси Родригес
Фото: Анадолу

Жоғарғы соттың шешіміне сәйкес, Делси Родригес Николас Мадуро тұтқындалғаннан кейін президенттің міндетін уақытша атқарады.

The Economic Times мәліметіне сәйкес, Конституциялық палата бұл шешімді басқару тоқтап қалмауы және әкімшіліктің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қабылдады.

Соттың қаулысында Родригес «Венесуэла Боливариан Республикасының президентінің міндетін атқарып, елдің әкімшілік жұмыстарының жалғасуын және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді» деп көрсетілген.

Шешім Мадуро қызметінен алынып, АҚШ-қа жеткізілгеннен кейін бірнеше сағат өткен соң қабылданды. Бұл оқиға мұнайға бай Оңтүстік Америка елін басқару мәселесінде белгісіздік туғызды.

Венесуэла вице-президенті Делси Родригес АҚШ-тан Николас Мадуроны дереу босатуды талап етіп, «Венесуэла ешбір елдің отары болмайтынын» жария етті.

Еске сала кетсек, АҚШ Венесуэлаға және оның көшбасшысы, президент Николас Мадуроға қарсы ауқымды операцияны сәтті жүргізді. Нәтижесінде Мадуро жұбайымен бірге ұсталып, елден эвакуацияланды.

Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флореске наркотерроризмге қатысты, атап айтқанда кокаин әкелу, пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды сақтау, АҚШ-қа қарсы пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды иемдену үшін сөз байласу айыптары тағылды.

Ал Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер өз елінің АҚШ-тың Венесуэладағы әскери операцияға ешқандай қатысы жоқ екенін, оған араласпағанын мәлімдеді.

Әскери операциядан соң Дональд Трамп АҚШ Венесуэланы басқаратынын айтты.

Қазіргі таңда Мадуро мен оның жұбайы арнайы ұшақпен Нью-Йорк штатына жеткізіліп, уақытша тергеу изоляторына қамалды.

Өкінішке қарай АҚШ-тың Венесуэлаға жасаған шабуылы салдарынан кемінде 40 адам қаза тапты.

Бұдан бөлек, Колумбиядағы венесуэлалық мигранттар қуаныштан Богатада мерекелік шеруге шықты.

Дегенмен бірнеше елдің билігі АҚШ-тың Латын Америкасы еліне жасалған көлемді шабуылынан кейін Венесуэладағы жағдайға қатысты алаңдаушылығын білдірді.

Соңғы жаңалықтар