Талғардағы қанды оқиғаның видеосын желіге таратқандар анықталады – іс қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM – Талғардағы оқиғаның видеосын желіге таратқандар анықталады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов мәлім етті.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер Талғардағы қанды оқиғаның видеосын желіге кімдер таратып жібергенін сұрады.

«Кеше әлеуметтік желіде осы видео тарады. ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Оның барысында бейнежазба желіге қалай тарап кеткенін анықтайды», - деді Б. Әленов.

Еске салайық,4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.

Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.

Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.

Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.

Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.

12 қазан күні түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

Сондай-ақ, Бас прокуратура қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов марқұм Шерзат Болаттың үйін өртеу оқиғасын тергеу тобымен Талғарға барды.

Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.