Елімізде жылыту маусымы барлық өңірде жоспарлы режимде өтіп жатыр. Осы кезеңде тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республика бойынша 74 мыңнан астам үй тексеріліп, 253 мыңнан астам азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде еліміздің барлық өңіріне жылу берілген. Соңғы болып 23 қазанда Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жылыту маусымы басталды.
Күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында электр және жылу желілеріндегі жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, 17,1 мың шақырым электр беру желісі, 444 қосалқы станция, сондай-ақ 3 408 тарату құрылғысы мен трансформаторлық қосалқы станция жөндеуден өтті.
Бұдан бөлек, жылу желілерін жаңғырту бойынша жоспарланған 377 шақырым күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жөндеу жұмыстарының негізгі көлемі Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында атқарылды.
Электр станцияларындағы жабдықтар да жылыту маусымына дайын. 2026 жылы 9 энергия блогын, 55 қазандық пен 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 8 энергия блогы, 47 қазандық және 31 турбина жөнделді.
Жылыту маусымында отынмен қамтамасыз ету мәселесі де назарда. Энергетикалық кәсіпорындардың қоймаларында 5,7 млн тонна көмір және 130 мың тонна мазут қоры жинақталған. Ал халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың алдағы жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 7,3 млн тонна деп бағаланып отыр. Маусым басталғанға дейін 3,5 млн тонна көмір дайындалған.
Күннің суытуымен жеке сектор тұрғындары пешпен жылыту жүйелерін, электр жылытқыштары мен өзге де жылыту құрылғыларын белсенді пайдалана бастайды. Осы кезеңде тұрғын үйлерде өрт шығу қаупі артады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және жылыту жүйелерінің жарамдылығын алдын ала тексеруге шақырды.
Қазіргі уақытта республика бойынша тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
15 тамыз бен 15 қазан аралығында ұйымдастырылған өрт қауіпсіздігі акциясы аясында 74 мыңнан астам тұрғын үй қамтылып, 253 мыңнан астам азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі талаптарының 19,5 мыңнан астам бұзушылығы жойылды. Сонымен қатар акция басталғалы бері үйлерге 6 052 өрт датчигі орнатылды.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітіліп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру жөніндегі шаралар пысықталды.
Күн тәртібіне шығарылған бірінші мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары 12 бағыт бойынша 96 (оның ішінде 80 Үкіметтік) іс-шарадан тұрады. Инфрақұрылымдық жаңғыру бағыты аясында «Халықтық құрылыс» даму жоспары бекітіледі. Сонымен қатар, 2027 жыл Халықтық ауқымды құрылыс жылы деп жарияланады. Негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Қалалық ортаны жаңартудың жүйелі негізі ретінде ірі қалаларды ұзақ мерзімді дамытуды ескере отырып, қала құрылысы құжаттарын әзірлеу (урбанистика), сондай-ақ олардың цифрлық сыңарын жасау іске асырылады.
- Көлік-логистика әлеуетін нығайту аясында елдің инфрақұрылымын кеңейту негізгі бағытқа айналады. 2027 жылдың мамыр айында Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайларды пайдалануға беру жоспарланған, ал маусым айында ірі әлемдік компанияны тарта отырып, Астанада әуежай құрылысы басталады. Сонымен қатар, 2027 жылдың соңына дейін «Бақты — Аягөз» теміржол желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанды Еуразиядағы көлік-логистикалық хабқа айналдыру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі болады, — деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің атап өтуінше, макроэкономикалық саясат саласында мемлекеттік бюджетті консервативті және шынайы макроэкономикалық болжамдар негізінде қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Заңнамалық қамтамасыз ету бөлігінде осы жылдың соңына дейін Құрылтайға «Капитал нарығы туралы» Заң жобасы, сондай-ақ бизнестің ұсыныстарын ескере отырып, қалыптастырылған салық заңнамасына нақты өзгерістер енгізіледі. 2027 жылы Қазақстан қор биржасы (KASE), Астана халықаралық қаржы орталығы және Alatau City арасындағы серіктестікті нығайта отырып, Қаржы нарығын дамытудың бірыңғай стратегиясы туралы Жарлық бекітіледі.
Осы орайда Премьер-министр Олжас Бектенов Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Жолдаудың негізгі бағыттары мен Мемлекет басшысының бастамалары аясында қойылған міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталғанына назар аудартты. Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне баса мән беруі керектігін баса айтты.
- Заң жобаларын уақтылы әзірлеп, Құрылтай қарауына енгізу қажет. Жоспардың әрбір тармағын қаржыландыру мәселесін мұқият пысықтаңыздар. Басты міндет - іс-шаралардың барлығын тиімді әрі дер кезінде орындау. Орынбасарларыма бекітілген міндеттерге сәйкес әрбір тармақтың жүзеге асырылуын бақылап, үйлестіруді тапсырамын, - деді Үкімет басшысы.
Ал екінші мәселе бойынша сөз алған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова фармацевтика саласындағы заң бұзушылықтар жөнінде мәлімдеді. Оның айтуынша, 2024 жылы енгізілген таңбалау жүйесі дәрілік заттардың қозғалысын бақылауға, қорларды басқаруға және бағаларды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді.
- 2026 жылы цифрлық мониторинг барысында 788 субъектінің дәрілік заттарды айналымнан екі рет шығару фактілері, тегін берілетін дәрілердің бөлшек саудада сату фактілері, олардың шекті бағалардан жоғары сату фактілері бойынша заң бұзушылықтар анықталып, өткен жылмен салыстырғанда 10 есеге артқан. Анықталған фактілер бойынша заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды, - деді министр.
Ақмарал Әлназарованың дерегінше, 2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша дәрі-дәрмек сатылымы, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға өсті. Мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде өндірілген қазақстандық дәрілік заттардың көлемі 13%-ға артып, ішкі нарықтағы үлесі 42%-ға жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтика нарығының көлемі 1 трлн 285 млрд теңгеге жетіп, екі жыл ішінде 31%-ға өсті. Оның ішінде қазақстандық өндіріс көлемі 37%-ға артты. Оң үрдіс биыл да сақталып отыр. 2026 жылдың 8 айында 157 млрд теңгенің өнімі өндірілді, яғни көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға жоғары. Сонымен бірге, соңғы 2 жылда салаға салынған инвестициялар көлемі 3,3 есеге, ал экспорт 1,9 есеге өсті. Экспортқа жолданатын негізгі мемлекеттер қатарына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Молдава кірді. Ал былтыр «Химфарм» компаниясы Еуропалық Одақтың GMP сертификатын алып, Еуропа нарығына шықты. Атап айтсақ, 2026 жылдың қыркүйегінде қант диабетін емдеуге арналған дәрілік затының алғашқы партиясы Болгарияға жөнелтілді.
Талқылаған мәселені түйіндеген Премьер-министр Олжас Бектенов дәрілік заттарды алудың түсінікті әрі ыңғайлы тәртібін қамтамасыз етуді тапсырды. Оның пайымынша, әрбір емделуші қандай дәрілердің ақысыз берілетінін, оларды қайдан және қашан алуға болатынын, қиындық туындаған жағдайда қайда жүгіну керектігін білуге тиіс.
- Сондай-ақ үйреншікті дәріні басқа өндірушінің өніміне алмастырған жағдайда, оның себептері мен қолдану тәртібін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу қажет. Бұл әсіресе, ұзақ уақыт немесе тұрақты емделуді қажет ететін балалардың ата-аналары үшін маңызды. Ақпараттың аз болуы мен әкімшілік рәсімдер ауыр науқастар үшін кедергіге айналмауға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі осыны негізгі қағида ретінде басшылыққа алсын, - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектеновтің айтуынша, дәрі-дәрмек тапшылығын алдын ала анықтап, медициналық ұйымдар арасында препараттарды тез арада қайта бөлу және сол арқылы емдеу ісінде үзілістерді болдырмау өте маңызды. Сатып алынған дәрілік заттар бола тұра, емделушілердің оларды уақтылы ала алмауы немесе өз қаражатына сатып алуы сияқты жағдайларға жол беруге болмайды. Бұл бағытта цифрландыру қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп отыр. Таңбалау жүйесі дәрілік заттардың қозғалысын қадағалауға, қалған көлемді бақылауға, заң бұзу деректері мен жекелеген өнімдердің тапшылығын анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Үкімет басшысы дәрі-дәрмек мәселесіне қатысты жауапты министрлікке бірқатар тапсырма жүктеді.