2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда балалар денсаулығына ерекше мән беріледі - Сенат
Аталған заңдар елімізде цифрлық активтер мен цифрлық майнингті шығару және олардың айналымы жөніндегі қызметті одан әрі дамыту үшін құқықтық база қалыптастыруды көздейді.
Айта кетейік, 19 қаңтарда Сенат бұл құжаттарға түзетулер енгізіп, оларды Мәжіліске қайтарған еді.
Дәл сол күні түстен кейін Мемлекет басшысы Жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Сондықтан Мәжілістің таратылуына қатысты Парламент фунцияларын Сенат атқарады.
Атап айтқанда, Мәжіліс қабылдаған Заңға мынадай өзгерістер енгізу ұсынылды:
- цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың кіші түрлерінің атауларын нақтылау;
- цифрлық майнердің қызметін жарнамалауға қатысты нормаларды алып тастау, өйткені олар «Жарнама туралы» Заңда және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген;
- Заң нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдерін нақтылау.
Фото: surface-pro.ruОсы орайда бүгін Сенаттың жалпы отырысында аталған заң мен ілеспе құжаттардың жекелеген баптары жаңа редакцияда мақұлданды.
Заңның міндеттері:
- жаңа терминологияны енгізу (цифрлық актив, цифрлық активтер биржасы, цифрлық майнинг, цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы);
- цифрлық майнерлер қызметін лицензиялау;
- цифрлық майнингтік пулдар қызметін жүзеге асыру;
- салық салу мақсатында цифрлық майнерлер мен цифрлық майнингтік пулдардың кірістері туралы мәліметтерді ұсыну;
- цифрлық активтер биржаларының қызметін регламенттеу;
- цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік бақылау;
- Қазақстан Республикасының цифрлық активтер саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық.
Бұдан бөлек, сенаторлар «2014 жылғы 23 ЕАЭО аясында медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» (10.06.2022 ж. қол қойылған) және «2014 жылғы 23 желтоқсандағы ЕАЭО шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» (30.12.2021 ж. қол қойылған) заңдарды қарап, мақұлдады.
Заңның негізгі мақсаты - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау жүйесін медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету.
«Бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі ЕАЭО аясында медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 4 Хаттамамен мақұлданды. Ратификациялау мақсатында Сіздерге қарау үшін №1 және №2 хаттама енгізіліп отыр. Сонымен қатар, қалған екі хаттама мемлекетішілік келісу мен қол қою кезеңінде. Қаралып отырған №1 Хаттаманы ратификациялау бұрынғы ұлттық рәсім бойынша берілген мерзімсіз тіркеу куәліктері бар медициналық бұйымдарға қатысты ЕАЭО аясында қайта тіркемей, Қазақстан Республикасы аумағында еркін айналыста болуына мүмкіндік береді», - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, ұлттық заңнама бойынша 10 мың медициналық бұйым тіркелген, оларды ЕАЭО аясында қайта тіркеудің қажеті жоқ.
Сенаттың жалпы отырысында депутаттар аталған құжаттарды мақұлдау туралы шешім қабылдады.
Осы орайда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл заңдар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы медициналық бұйымдар айнылымына қатысты жекелеген мәселелерді реттеуге арналғанын айтты.
«Жаңа нормалар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді сапалы медициналық бұйымдармен жүйелі негізде қамтамасыз етуге қолайлы жағдай қалыптастырады деп сенеміз», – деді М. Әшімбаев.
Фото: senate.parlam.kz
«Аңсаған сәби» бағдарламасы: 7 мың квота бөлінді
Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ аясында бөлінген квота саны 7000-ға дейін көбейді. Осы орайда елімізде 20-дан астам тиісті орталық бар. Сондықтан стандартқа сәйкес дәрігерлері бар, құрал-жабдықтары жасақталған орталықтар бағдарламаны жүзеге асыруға қатысып отыр. Биылға да 7 мың квота бөлінді», - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек.
Сонымен қатар, министр Тараздағы бала сату оқиғасына пікір білдірді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Таразда жаңа туған сәбиді 1,5 млн теңгеге сатқан акушерлер қамауға алынды.
«Менің ойымша, бізде мұндай жағдайлар шамамен бес жыл бұрын болған. Содан кейін бүкіл перинаталдық орталықтар мен перзентханаларға бейнебақылау орнаттық. Баладан бас тартқан аналардың жанында болатын мамандардың, психологтардың жұмысын ұйымдастырдық. Осындай нақты жұмыстар жүргізілді», - деді А. Ғиният.
Министр Тараздағы оқиғаның мән-жайын нақты білмейтінін айтты.
«Барлық перзентханада бейнебақылау жүйесі орнатылған. Дәрігерлер палатадағы жағдайды қарап отырады. Алайда жақында болған оқиғаны назарға ала отырып, ел бойынша медициналық персоналмен тағы да тиісті жұмысты атқаратын боламыз», - деді министр.
Бұдан бөлек, тілшілер министрден әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты сұрақ қойды. «Атырауда нәрестені хиджама тәсілі арқылы емдеп жатқанын видеодан көруге болады. Бұл қаншалықты дұрыс?», - деп сұрады тілші.
«Бүгінде адамдар дәстүрлі емес медицинамен айналысып жүр. Қалай болғанда да олар медициналық көмек көрсетсе, тиісті лицензияны алуы керек. Қазіргі кезде лицензияланатын медициналық қызметке хиджама жатпайды. Сондықтан Комитет (медициналық-фармацевтикалық бақылау) бұл деректі қарап, тексеру жүргізеді. Алдағы уақытта осы мәселелерді қарастыратын боламыз», - деді А. Ғиният.
Фото: hidzhame.ru
Мұнымен қоса, ведомство басшысы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халыққа онкологиялық көмек көрсету бойынша 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірлеп жатқанын айтты.
«Бұл жоспарда адам папиллома вирусына қарсы вакцина егу қарастырылған. Сонымен қатар, аталған іс-шаралар аясында қатерлі ісік ауруларына қарсы тиісті қадамдар ескерілген. Атап айтқанда, бұл бағытта тиісті жұмыс атқарылады және оны ата-аналардың келісімін ескере отырып іске асырамыз», - деді А. Ғиният Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, биыл аталған жоспарға қатысты дайындық жүргізіледі.
«2023 жылы егжей-тегжейлі талқылау, нормативтік-құқықтық актілерді даярлау, бюджетті қорғау жұмыстары ескерілген. Бюджет бекітілгеннен кейін аталған іс-шаралар келер жылдан басталады. Бұл тұрғыда кәмелетке толмаған балалар қамтылады. Егер бұл іс-шаралар ұлттық күнтізбеге енгізілсе, оның барлығы ақысыз болады», - деді министр.