2025 жылдың атышулы оқиғалары

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы елді елең еткізген атышулы оқиғаларға шолу ұсынамыз.

Атышулы оқиғалар
Коллаж: Kazinform

Нығматулиндер ісі

Биыл Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жақындарын алаңдатқан жыл болды.

Әуелі наурыз айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі прокурорлардың бастамасымен Нұрлан Нығматулиннің туған ағасы, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған Арғын Нығматулинге іздеу жариялады.

Арғын Нығматулин
Фото: Қарағанды облысының мәслихаты

Бас прокуратураның мәліметі бойынша, ол Қарағанды облысында хоккей клубына бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

Бұл адамға іздеу жарияланғаны хабарланған тұста ел ішінде кеше ғана мінберде болған азаматтар қылмысы әшкере болатындай қауіп төнген кезде шетелге қашып үлгеретіні қызу талқыланды. Антикордың мәліметінше, Арғын Нығматулин Қазақстаннан тергеу басталғанға дейін шығып үлгерген.

Ал сәуір айының басында Ішкі істер министрлігі «Бәйтерек» холдингі мен «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бұрынғы директоры Нұржан Нұрлановтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпаратты растады. Ресми мәліметте Алматы қаласы полиция департаменті Нұрлан Нығматулиннің ұлының үстінен «өзінше билік ету» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастағаны айтылған болатын.

16 сәуірде Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті рейдерлік фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын мәлім етті.

28 мамырда осы агенттік өздері таратқан ақпаратқа нақтылау енгізіп, қозғалған істе Нұржан Нұрлановтың күдікті емес екенін мәлім етті. Бұл мәліметті Бас прокуратура да қостағандай болды. Бірақ істе тағы бір Нығматулин бар екені айтылды. Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев өздеріне Нұржан Нұрланов пен Ерлан Нығматулиннің (Нұрлан Нығматулиннің сыңары, экс-сенатор – ред.) үстінен рейдерлік фактісі бойынша шағым түскенін мәлімдеді.

- Нұржан Нұрланұлы мен Ерлан Зайроллаұлына қатысты шағым түсті. Қазір біз оны қарастырып жатырмыз. Қандай да бір жайтты айтуға әлі ерте, - деді ол Сенатта БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Қайта жаңғырған LRT ісі

Сыбайлас жемқорлықтың символына айнала жаздаған әйгілі LRT құрылысы логикалық түйініне жақындаған кезде Талғат Арданның ұсталғаны хабарланды.

Талғат Ардан
Фото: «Астана LRT»

«Астана LRT» ЖШС-нің басқарма төрағасы болған кезде мемлекетке 85,9 млрд теңге шығын келтірді деп айыпталған күдіктіні Түркияның құқық қорғау органдары Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде Анталия қаласында ұстаған. Бұл мамыр айы болатын. Ал тамыз айында Бас прокуратура Kazinform сауалына жолдаған жауапта Талғат Арданды экстрадициялау ісі Түркияның шешіміне тіреліп тұрғанын мәлім етті.

Жалпы ол 2023 жылдың мамыр айында сырттай 7 жылға сотталған.

Қоғам арасында оның елге экстрадициялануы LRT құрылысына бөлінген ақшаның қызығын көрген адамдардың жауапқа тартылуына жол ашуы мүмкін деген үміт бар.

Ал LRT-нің өзіне келсек, елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша аспалы рельсті көлік жүйесі алдағы 1-2 айда іске қосылмақ. 

№ 104 станциясына LRT-ның үшінші құрамы көтерілді
Фото: «City Transportation Systems» ЖШС

Қарашада әлеуметтік желіде LRT вагонының ішінен түсірілген бейнежазбалар тарай бастаған еді. 

Әкім Жеңіс Қасымбек LRT желісін Қосшыға қарай кеңейту жоспарда бар екенін айтып жүр.

Кеше мінберде, бүгін іздеуде

ҚР Президентінің көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы (2013-2014 ж.ж.), Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы (2014-2015, 2016-2017 ж.ж.), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы (2015-2016 ж.ж.), Бас прокурор (2017-2019 ж.ж.), Сенат депутаты (2019-2023 ж.ж.). Мұның бәрі – қазір Ресейде бой тасалап жүр делінетін Қайрат Қожамжаров атқарған ең ірі қызметтердің тізімі. Қазір ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және түрлі кезеңде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілініп отыр. Бас прокуратура оның «Қорғас ісіне» қатысы барын да растады. Бұл іс бойынша 45 адамға ресми айып тағылып, сот оларға 5 жылдан 17 жылға дейін мерзім кескен. Сотталғандардың ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен кеден органдарында жетекшілік қызмет атқарғандар да бар.

КОЖАМЖАРОВ Кайрат Пернешович
Фото: kazpravda.kz

БАҚ әртүрлі дереккөзге сүйеніп, Қайрат Қожамжаровтың Ресейге қашып барғанын, тіпті сол елдің азаматтығын алып үлгергенін жазды.

Екі апта бұрын Алматының Медеу аудандық соты Қайрат Қожамжаровтың туыстарына тиесілі 2,6 млрд теңгенің мүлкіне шектеу қойғаны хабарланды. Бұғатталған активтің ішінде Дулат (інісі – ред.) және Гүлназ Қожамжаровтардың мүлкі, «Ойл Снаб компаниялар тобы» ЖШС, HILL Resources, HILL Invest және AvtoTechMas Ltd компанияларының активтері бар. Бұғаттау туралы шешім «Халық банк» өтініші бойынша шығарылғаны белгілі болды.

Қайрат Қожамжаровтың сенімді адамы делінетін Талғат Татубаев шілде айында ұсталған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысына азаптау фактісі бойынша айып тағылды. 

Осыдан 10 күн өткенде осы бюродағы Тергеу департаменті басшысының орынбасары болған Олеся Кексель де азаптау фактісімен күдікке ілінді.  

Айта кету керек, 2019 жылы да Олеся Кексельдің үстінен Арнайы прокурорлар қызметін басқарып тұрған кезінде тергеу тәртібіне жатпайтын тәсіл қолданғаны үшін іс қозғалған болатын. Бұл кезде Қайрат Қожамжаров Сенат депутаты болып жүрген. Көп өтпей О. Кексельдің ісі тоқтатылған еді

 Олеся Кексель
Фото: gov.kz

Қыркүйекте Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғат Татубаев қамауда екенін, ал Олеся Кексельдің жас сәбиі болғандықтан оның статусы анықталып жатқанын мәлім етті.  Ал қазан айының аяғында оның екі айлық қамауға алынғаны белгілі болды

Қайрат Қожамжаровтың тағы бір сенімді адамы Мақсат Дүйсенов қазір Германияның Нюрнберг түрмесінде қамауда отыр. Интерпол оны Қазақстан тарапының сұрауы бойынша ұстаған. О. Кексель мен Т. Татубаев сияқты ол да Қайрат Қожамжаров қай салада басшы болса, сол төңіректегі лауазымды қызметті иеленіп отырған. Соңғы қызметі – Көліктегі бас прокурор. Қазір ол Германия сотына өзінің «саяси босқын» екенін дәлелдеуге тырысып жатыр. Өзін Қазақстандағы лауазымды тұлғалардың қудалауына тап болған адам ретінде таныстырып, экстрадициядан құтылып кетуді көздеп отыр.

Шерзат соты

Биыл Алматы облысының Талғар ауданын бүкіл елге қылмыстың ордасы ретінде танытқан Шерзат ісіне нүкте қойылды. 2024 жылдың 4 қазанына қараған түні кәмелетке толмаған бозбаланы өлтірген бір топ жігіт 2025 жылы сот алдында жауап берді. Бұл сот процесі де Қуандық Бишімбаевтың ісі сияқты онлайн режимде өтті.

Начались прения сторон по делу Шерзата Болата
Фото: Видеодан кадр

Сот шешімі бойынша Шерзат Полаттың өліміне кінәлі деп танылған Абзал Шынасыл 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға, Азамат Тоқтаубаев 15 жылға, Нұрқияс Ілиясов 9 жылға, Шыңғыс Белғожаев пен Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет 7 жылға, Думан Ысқақ (кәмелетке толмаған) 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды

Ал осы істе куәгер болған Д. Жақсыгелді мен Э. Нұрбекованың үстінен жүргізілген қосымша тергеу қорытындысы бойынша қыздардың әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деген шешім қабылданды

Атышулы іс тергеліп жатқан кезде әуелі Шерзат Полаттың әкесіне тиесілі үй өртенген болатын. Бірақ бұл эпизод бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Адвокат Мейірман Шекеев Қаржаубай Нұрымовтың (Шерзат Полаттың әкесі – ред.) отбасына жаңа үй салып беретін демеуші табылғанын мәлімдеді. Сот процесі жақындаған кезде Шерзат Полаттың немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған. 8 тамызда тергеушілер оның өліміне суицид себеп болды деген тоқтамға келді.

Әлеуметтік желіде Талғардағы бір көшені Шерзат Полаттың есімімен атау ұсынылып жүр

Алмасбек Садырбай
Фото: Almasbek.kz agroexpert-agroblog/Facebook

Алмасбек Садырбай қамауда

6 қарашада «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың қамауда жатқанына тура бір жыл толды. Оны тергеу изоляторында ұстау мерзімі екі ай сайын ұзартылып келеді. Аграрлық саладағы қоғам белсендісіне субсидия схемалары арқылы 1,2 млрд теңге жымқырды деген айып тағылған

Халық сенімін әмиянға айналдырған «қайырымды блогер»

«Халықтың сенімі – әмиян емес».

Бұл – «Biz birgemiz» қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайраттың сотында мемлекеттік айыптаушы болған прокурор Мәдина Оразалинаның сөзі. Тасқыннан зардап шеккен қазақстандықтарға, Палестина мен Сириядағы халі мүшкіл мұсылмандарға көмек жинау желеуімен халықтан қыруар ақша жинаған Перизат Қайрат 2025 жылы сотталып тынды.

Приговор Перизат Кайрат
Коллаж: Kazinform/ Freepik/ Wikipedia - на приговор

Қаржылық мониторинг агенттігі тергеген іс 100 томнан асып, қор жетекшісі мен оның анасы Ғайни Алашбаеваға алаяқтық жасап, 3,5 миллиард теңге жымқырды деген айып тағылды

Бұл істе 47 адам жәбірленуші деп танылғанын айта кету керек

Сот барысында Перизат Қайраттың жоғары білімі болмағаны, министрдің көмекшісі болып тағайындалу үшін дайын диплом сатып алмақ болғаны мәлім болды.  

«Орта біліммен бізді осылай сан соқтырса, жоғары білімі болса қайтер едік», - деп әзілдеді әлеуметтік желі қолданушылары.

Ақыры судья Перизат Қайратты 10 жылға, анасын 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Елорда соты Перизат Қайратты «Шапағат» мемлекеттік наградасынан айырды. Сондай-ақ, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева 50 жәбірленушінің пайдасына 1 миллиард 582 миллион 649 мың 591 теңге көлемінде материалдық шығынды бірлесіп өтеуге міндеттелді

24 қыркүйекте аппеляциялық сот үкімді сол күйі қалдырды

Сот үкімімен Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаевадан мемлекетке тәркіленген мүлік тізімі және қаржы көлемі мынандай:

  • «Vela Village» коттедж қалашығындағы жеке үй;
  • «Akbulak Riviera», «Sensata Plaza», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен автотұрақтар;
  • «Mercedes-Benz S450» 2024 ж., «Lexus LX 600» 2024 ж;
  • «Rebel Flowers» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% үлесі;
  • 97 млн теңгеден астам қаражат және 22 мың АҚШ доллары. 

Перизат Қайрат кейсі қайырымдылық қызмет туралы заңнаманы жетілдіруге түрткі болуы мүмкін. 

Экс-депутаттың Шымкенттегі шытырман оқиғалары

Respublica партиясының тең төрағасы болған сәтінен бастап бүкіл елге танылған кәсіпкер Руслан Берденов Мәжілістің жетінші шақырылымында депутат болып сайланған. 24 ақпанда ол Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Осыдан кейін оның Мәжілістегі өкілеттігі тоқтатылды. Алайда Respublica партиясының тең төрағасы лауазымында 26 маусымға дейін қалды

Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сотта психиатриялық сараптама қорытындысы ұсынылды
Коллаж: Kazinform; Gov.kz; Pixabay

21 сәуірде оған Шымкент қаласы әкімдігінің алдында қастандық жасалған еді. Алдын ала мәліметтерден күдікті шенеунікке үш рет оқ атқаны белгілі болды. Сотта Ернар Жиембайға Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 2-бөлігі 6-тармағы бойынша айып тағылды. Шымкент қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 20 тамызда оны 9 жылға бас бостандығынан айырды. Осыдан 9 күн өткен соң Руслан Берденов Шымкент әкімдігіндегі жұмысынан босатылды. Ал 4 қазанда Алматы қаласын дамыту орталығының басшысы болып тағайындалды

Сара Алпысқызының төңірегіндегі шу

Мамыр айында бірқатар БАҚ-та Нұрсұлтан Назарбаевтың жары Сара Алпысқызының өмірден озғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ бұл мәліметті экс-президенттің баспасөз хатшысы теріске шығарды.

- Көптеген БАҚ-тың сауалына жауап ретінде хабарлаймын: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Алпысқызы ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, - деп жазды ол Х әлеуметтік желісіне

Ал шілде айында Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі Kazinform сауалына жолдаған жауапта Сара Алпысқызының ем алып жатқанын растады

Қазан айында Айдос Үкібай Сара Алпысқызының емі әлі жалғасып жатқанын мәлім етті

В Костанайской области исследуют дно рек с помощью дронов
Фото: Baitursynuly University

Каспий аспанындағы дрон шабуылы

Биыл Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс жалыны Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80 пайызын тасымалдап тұрған Каспий құбыр консорциумын да шарпыды. 17 ақпанда «Кропоткинская» мұнай айдау стансасына дрон шабуылдап, Новороссийск портына мұнай айдау көлемі уақытша қысқарған болатын. Энергетика министрлігі апатқа қарамастан Қазақстан мұнайы каспий құбырынан шектеусіз жөнелтіліп жатқанын хабарлады. Ал Сыртқы істер министрлігі мәселені Украина тарапымен талқылайтынын мәлім етті.

- Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды мәселе және біз әрине бұл жағдайды украиналық серіктестерімізбен дипломатиялық арналар арқылы талқылаймыз, - деген еді Сыртқы істер министрлігінің сол кездегі ресми өкілі Айбек Смадияров. 

Қарашаның аяғында КҚК тағы шабуылға ұшырады. Бұл жолы терминалға экипажсыз қайықтар шабуылдап, салдарынан ВПУ-2 жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды. Тосын оқиға Қазақстанның мұнай экспорттау жөніндегі міндеттемелеріне қауіп төндіріп, Энергетика министрлігі жедел жоспарды іске қосты. Осы жоспар аясында Қашаған кенішінен шайқалған мұнай Қытайға бағытталды.

- Қазір министрлік жүк жөнелтушілермен бірлесіп, мұнай көлемдерін жедел түрде қайта бөлу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның ішінде Қашаған мұнайының белгілі бір бөлігі Қытайға бағытталды. Ахуал Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында болады, - деп мәлім етті Энергетика министрлігі. Ведомство КҚК-ға шабуыл салдарынан келген шығынды әлі есептеп болған жоқ.

Орынбор газ өңдеу зауыты  

Қазан айының ортасында Украина әскері «Газпромның» Орынбордағы газ өңдейтін зауытына да дрондарын бағыттады. Бұл зауыт «Газпромға» тиесілі болғанмен Қарашығанақ кенішінен алынған газдың негізгі бөлігі осында өңделеді. Тосын оқиғадан кейін Орынбор Қазақстаннан келетін шикі газдың көлемін азайтты деген мәлімет тарады. Энергетика министрлігі соған қарамастан Қазақстан газсыз қалмайтынын айтты

газ
Фото: QazaqGaz

Үш күн өткенде Орынбор зауыты қайтадан Қазақстан газын қабылдай бастады. Бұл тосын жайттан Қазақстанның сала басшылары қандай сабақ алғаны белгісіз. Өйткені «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов «Газпромның» Орынбордағы зауыты Қарашығанақ газын 2050 жылға дейін өңдейтінін мәлім етті

- 8 қазан күні «Газпром» жария акционерлік қоғамы мен Қазақстан Республикасы арасында міндеттер жүктейтін келісімдерге қол қойылды. Қарашығанақтан алынған газды алдағы 25 жыл бойы Орынбор зауытында өңдеу мәселесі осы келісім аясында пысықталған. Орынбордан өңдеп әкелетін тауарлық газ халықтың үштен бір бөлігін көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Бұл – 7,3-7,5 млрд текше метр газ деген сөз. Иә, өңдеу ақысы біраз артады. Бірақ өзіміздің басқа жобалармен салыстырғанда Орынбор ұсынып отырған баға анағұрлым қонымды. Мысалы, Жаңаөзенде салынатын зауыт қазірдің өзінде 1 текше метр газ өңдеуге 85 доллар сұрап отыр. Ал Орынбор зауыты ұсынған бағаны бірден енгізбейміз. Алдағы 25 жылға «жұмсақтап» бөліп тастадық. Иә, бұл келісім QazaqGaz үшін тауарлық газдың өзіндік құнына әсер етеді. Бірақ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Шикі газ бағасы өзгеріссіз қалады, - деді ол.

Сондай-ақ...

2025 жылы 16,3 млн қазақстандықтың дерегі ұрланды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі ҰҚК құрамына кіргізілді

Астанада ҰҚК лауазымды тұлғасының денесі табылды

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Инвесторлар құқығын қорғау комитеті болып өзгерді

Зейнетақы қаржысын тіс емдеу үшін жұмсауға шектеу қойылды

Magnum сауда желісінің қазақ тілді қызметкері қудалауға ұшырап, бұл оқиға қоғамдық бойкотқа ұласты. Ал Magnum-ның Өскемендегі супермаркеті мерзімі өткен тауарлар сатып келгені анықталды.  

Соңғы жаңалықтар