Алматы облысының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына жаңа басшы келді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрлігінің келісімі бойынша Алматы облысы полиция департаменті бастығының бұйрығымен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы лауазымына Байжан Сатылғанов тағайындалды.
Осыған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі басшысының бұйрығымен бірқатар жоғары лауазымды полицей қызметінен босатылған еді. Солардың ішінде Алматы облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайырда бар.
Айта кетейік, ҚР Президенті әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен Мейрам Әбікеев облыстық полиция департаментінің бастығы болып тағайындалған болатын.
Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
Сондай-ақ құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.
12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.
15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды.
Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды. Ал, Талғар ауданының әкімі Танат Есенкелдіұлы Айдарбеков және оның орынбасары Айбек Дүйсембекұлы Бидаев сөгіс алды.
Ішкі істер министрлігінің өкілдері БАҚ қызметкерлеріне Шерзат Болат қаза тапқан жерде камераға түсіп қалған видеоны көрсетті.
Прокуратура соттың ашық өтуін сұрайтынын жеткізді.