Арыстағы су сапасы 48 көрсеткіші бойынша тексерілуде
АРЫС. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК -ның Түркістан облысы бойынша филиалы мамандары сынамаларды атмосфералық ауа мен топырақтан, радиациялық фон мен жер үсті суларынан алған.
Тиісті мамандар Арыстағы ауа сапасын тексеру үшін сынамалар алды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімдігі мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атмосфералық ауа сынамалары 4 нүктеде 5 ластаушы заттар бойынша алынған. Олардың қатарында Арыс ГБ, Арыс метеостациясы, Ақдала мен Абутәліп-Ақкөзов және Абдразақов көшелері бар. Талдау нәтижелері бойынша барлық 4 нүктеде ластаушы заттардың асуы байқалмаған. Радиациялық фон (экспозициялық дозаның қуаттылығы рұқсат етілген нормадан аспады - 0,19 мкЗв/сағ (норма 0,57 мкЗв/сағ** жоғары емес); Радиоактивті түсулердің тығыздығы - 93,12 Бк/м2 (норма - 110 Бк/м2*). *Бк/м2 Беккерель на квадратный метр/ **МкЗв/ч - Микрозиверт сағ. Ал, жер үсті су сынамаларын алу 4 нүкте бойынша жүргізілген. Атап айтқанда, Арыс өз. жоғары ағысы -Сарыарық а. көпірінің жаны, орта ағыс Арыс қ., Арыс ГБ, төменгі ағыс, Шәуілдір а. 2 шақырым қашықтықта, Сырдария өзенінің құятын кезінде, Шәуілдір ГБ»,- делінген хабарламада.
Сондай-ақ, метереологтар сынамаларды іріктеу су сапасының 48 көрсеткіші бойынша жүргізген. Су сапасының 22 көрсеткіші бойынша жүргізілген талдау нәтижелері бойынша асып кету анықталмағанын айтады. Су сапасының қалған 26 көрсеткіштері бойынша талдаулар 5 күн ішінде дайын болады деп күтілуде.Жер үсті сулары мен атмосфералық ауаның талдау нәтижелері бойынша жоғары және экстремалды-жоғары ластану анықталмаған деп отыр.
Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.
Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.
Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты. Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.
Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.
Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті, оның ішінде халықаралық пойыздар бар.
25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.
Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.
Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.
27 маусым, кешкі уақыттағы жағдай бойынша, Арыста өрт ошақтары толығымен сөндірілді. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте мәлім етілді. Оған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер, еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин, прокуратура және ветеринария саласының өкілдері қатысты
«Қаладағы негізгі көшелер мен алаңдардың бәрі тексеріліп, тазаланды. Сапер мамандарымыз 500-дей снаряд қалдығы мен жарылғыш заттарды тауып, залалсыздандырды. Қорғаныс министрлігі тарапынан тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Енді біз қаладағы барлық үйдің ауласын толық тексереміз. Дәл қазір қалаға ешкімді кіргізе алмаймыз. Бұған тұрғындардың түсіністікпен қарауын өтінеміз. Арыстықтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс», - деді Бақыт Құрманбаев.
Бас санитарлық дәрігер қалада радиацияның мөлшері қалыпты нормада екенін айтты. Қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланып, дезинфекция жүргізіледі. Жарылған қоймада радиоактивті оқ-дәрілер болмағанын Қорғаныс министрлігі де мәлім етті. Қоймаларда болжаммен 30-50 жарылыс болды. Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев стратегиялық арсенал неліктен Арыстағы тұрғын үй кешеніне жақын орналасқанын түсіндірді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, арыстықтар үйлеріне аптаның соңында орала алады.