Ержан Сәденов өзінің орынбасары туралы: Әленов — тәжірибелі офицер
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осыған дейін Алматы облысы полиция департаментін басқарған Бауыржан Әленовтің министрдің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалуына қатысты пікір айтты.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер министрден «Талғардағы оқиғадан кейін Бауыржан Әленов Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары қызметіне қалай тағайындалды» деп сұрады.
«Біріншіден, ол министрлікке жай ғана келе салған жоқ. Министрліктің бөлімшелері бойынша кадрлық резерв жүйесі бар. Ол кісіні тәжірибелі офицер ретінде білеміз. Сондықтан оның тағайындалуына қатысты шешім бір күнде жасалмады», — деді Е. Сәденов.
Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.
7 қазанда Бауыржан Төлегенұлы Әленов ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалғаны мәлім болды.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
Артынша марқұм Шерзат Болаттың ісі бойынша Алматы облысының бірнеше жоғары лауазымды полиция қызметкері қызметінен босатылды.