Майқайыңдағы апат: жерасты топырағының опырылуы құтқарушыларға қауіп төндіріп тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Майқайың алтын кен орнында іздестіру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі жұмыс барысымен Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Жомарт Асқаров айтып берді.
«Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Апат болған күні 2 адамның денесі табылды. Іздестіру жұмыстары арнайы аппараттардың көмегімен жүргізілуде, біз бар күшімізді салудамыз. Сол сияқты арнайы ұйым тартылды», - деді Жомарт Асқаров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
ТЖМ өкілінің айтуынша, Майқайыңдағы автобус апаты болған жерде 139 маман тартылды, одан бөлек 40 техника, 3 кинология қызметі және 2 пилотсыз ұшу аппараты бар.
«Біз сондай-ақ шетелдік әріптестермен кеңес жүргіздік. Сонымен қатар, жерасты топырағының құлауы құтқарушыларға қауіп төндіріп тұр. Әрине біз барлық параметрлерді ескереміз және шешім ауа райы жағдайлары мен құтқарушылардың қауіпсіздігін ескере отырып қабылданады», - дейді ол.
Еске сала кетейік, биыл 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңында топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.
Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.
Кешкісін табылғандардың кім екені белгілі болды.
Айта кетейік, оқиға орнында иісшіл иттер жұмыс істеп жатқаны айтылды. Опырылған жерде әлі де топырақ сырғып түсіп жатыр, опырылу шекарасы тұрақты емес.
Баянауылда кен орнында көз жұмған және із-түзсіз кеткендердің отбасына 4,5 млн теңгеден беріледі.
Одан бөлек, қаза тапқандарды жерлеу рәсіміне 2 млн теңгеден бөлінді.
Майқайыңдағы алтын кеніші туралы не білеміз?
Алтын кенішіндегі қайғылы жағдайға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастаған еді.