Шерзат Болаттың өліміне қатысты күдіктілердің арасында бұрын сотты болғандар бар
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қамауға алынған күдіктілердің арасында бұған дейін қылмыстық жауапқа тартылған адамдар бар.Бұл туралы ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов баспасөз мәслихаты барысында айтты.
«Қылмыстық іс бойынша күдіктілердің ішінде қылмыстық іспен кезінде (тергеуден өткен болуы мүмкін – ред. еск.) өткен адамдар да, сотталған адамдар да бар. Қылмыстардың түрлері бұзақылық және тағы да басқа», - деді ол.
Өз кезегінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пробациялық бақылауда болғандар туралы айтты.
«Пробациялық бақылаудағы, түнгі мерзімде жүрген тұлғалар бойынша қызметтік тексеріс өткізіп, біздің қызметкерлер не себепті бұған жол бергендерін анықтаймыз», - деді Бауыржан Әленов.
Еске салайық,4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.
Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.
12 қазан күні түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
Сондай-ақ, Бас прокуратура қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов марқұм Шерзат Болаттың үйін өртеу оқиғасын тергеу тобымен Талғарға барды.
Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.